Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – қоғамның ортақ міндеті

Қоғамның әрбір мүшесі еңбек етуге, өз орнын табуға лайық. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып, Кентау қаласында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Биылғы жылы 15 жұмыс орны арнайы квота бойынша белгіленіп, бүгінде олардың барлығы толық қамтылды. Нәтижесінде 15 азамат тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, өз әлеуетін іске асыру мүмкіндігіне ие болды.
Жыл басынан бері барлығы 220 еңбекке қабілетті азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. Сонымен қатар, өз кәсібін ашуға ниетті тұрғындарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, 27 азамат мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанды. Бұл олардың жеке кәсіпкерлік жолында алғашқы қадамын нық басуына зор мүмкіндік беріп отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың табандылығы мен еңбекқорлығы – үлгі боларлық қасиет. Ал оларға қолдау көрсету, еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау – қоғамның ортақ парызы.
Осындай нақты шаралар нәтижесінде қалада әлеуметтік әділдік пен тең мүмкіндік қағидаттары нығайып, әрбір азаматтың еңбек ету құқығы қамтамасыз етіліп келеді.












