Түркістанда жекеменшік білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік тапсырыс мәселелері талқыланды

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» музейі ғимаратында жекеменшік орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру және саладағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған кеңес отырысы өтті.

Кеңеске жекеменшік білім беру ұйымдары республикалық қауымдастығының басшысы Роза Шәріпқызы төрағалық етті. Іс-шараға ҚР-ның оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы, Қаржы орталығы акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы Шолпан Әнуарбекқызы онлайн форматта қатысты. Түркістан облысы мен қаласындағы жекеменшік орта білім беру ұйымдарының құрылтайшылары мен басшылары, салалық сарапшылар, облыстық білім басқармасы мен аудан-қалалық білім бөлімдерінің басшылары, орта білім және қаржы-экономика бөлімдерінің өкілдері, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасының мамандары қатысты.

Кеңес барысында жекеменшік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру тетіктері бойынша ақпарат беріліп, түсіндірме жұмыстары айтылды. Сонымен қатар қатысушылар жекеменшік білім беру ұйымдарының қызметінде туындап отырған өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдары қарастырылды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы жекеменшік білім беру ұйымдарының басшыларының сауалдарына жауап беріп, ашық диалог орнатты. Көтерілген мәселелер жуық арада шешімін табатынын жеткізді.


Жиында алдағы маңызды шаралар да назарға алынды. Атап айтқанда, 2026 жылғы сәуір айында өтетін Қазақстандағы жекеменшік білім беру ұйымдарының 35 жылдығы мен қауымдастықтың 20 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шараларға дайындық барысы пысықталды. Сондай-ақ «ТОП-100 жекеменшік мектептер» ұлттық жобасының тұсаукесері өтті.
Кеңес соңында тараптар білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және білім беру сапасын арттыру бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.












