Адамға қызмет ету – адалдықтың биік өлшемі

Кейде бір адамның ғұмыры тұтас дәуірдің айнасындай көрінеді. Күлзайнап Хожахметқызы Машрапова – сондай жандардың бірі. 1960 жылы Оңтүстіктің көркем Түлкібас ауданы, Абай ауылында дүниеге келген ол жастайынан еңбекқорлықты, жауапкершілікті бойына сіңіріп өсті.
Алматы мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» мамандығын меңгерген жас маман алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы облыстық ауруханада бастады. Бір жылдан соң Арыс аудандық ауруханасына ауысып, науқастарға жүйке аурулары бойынша көмек көрсетті. Содан бері 40 жылдан астам уақыт бойы ол қайда жүрсе де бір ғана мақсатты алға қойды: адам өмірін сақтап қалу, сенімін ақтау.
Арыс пен Ордабасыдағы қызмет жылдары Күлзайнап Хожахметқызына үлкен тәжірибе сыйлады. Ол тек дәрігер ғана емес, ұйымдастырушы ретінде де танылды: емхана меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Әріптестерін жұмылдыра білетін көшбасшылық қабілеті, сабырлы мінезі мен ұқыптылығы оны ұжымда беделді тұлға етті.
2015 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №2 қалалық ауруханада қызмет атқарған ол бас дәрігердің медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары ретінде көптеген күрделі істерді жүзеге асырды. Әсіресе, халық денсаулығын жақсартуға бағытталған реформалардың орындалуына тікелей үлес қосып, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының табысты жүзеге асуына еңбек сіңірді. Кейін сарапшы дәрігер болып жүріп те жауапкершілігінен танған жоқ.
Күлзайнап Хожахметқызы – «қоғамға адал қызмет ету – дәрігердің ең биік парызы» деген қағиданы ұстанған жан. Оның әрбір шешімі мен іс-әрекетінде адалдық, сабырлық пен адамгершілік айқын көрінеді. Ұзақ жылдық тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында көптеген науқастарға уақытылы көмек көрсетіліп, талай адамның алғысына бөленді.
Жеке өмірде де үлгілі жанұя иесі. Қоғамдық жұмысқа белсене араласып, жас мамандарға ақыл-кеңесін беріп келеді. Әріптестері оны «жұмысына адал, сөзіне берік, жүрегінде мейірімі мол ұстаз» деп сипаттайды.
Еңбегі мемлекет тарапынан бірнеше рет бағаланып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, қалалық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірақ ол үшін ең үлкен марапат – науқастың сауығып шыққанда айтқан «Алла разы болсын» деген шынайы сөзі.
Күлзайнап Машрапованың өмір жолы – дәрігер мамандығының ауыр, бірақ абыройлы екенін айқындайтын айқын мысал. Оның өмірлік ұстанымы – адамға адал қызмет ету – нағыз азаматтықтың өлшемі.











