ҰСТАЗДЫҚҚА АДАЛ ҒҰМЫР

0
38

Рыспаева Гүлмира Елубайқызы – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған адал азамат, білікті педагог. Оның өмір жолы да, еңбек жолы да жас ұрпаққа деген шексіз сүйіспеншілік пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласында дүниеге келген Гүлмира Елубайқызының балалық шағы қасиетті Арыс өңірінің құнарлы топырағында өтті. Қарапайым ортада өскен ол бала кезінен білімге құштар болып, армандарын үлкен мақсаттарға ұластырды. Алғашқы білім баспалдағы – Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп қабырғасында үздік оқып, болашақта елге қызмет етуді армандады.

Арман жетелеген талапты жас 1985 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, ұстаздық жолға түсуге шешім қабылдады. Бұл таңдауы оның бүкіл ғұмырлық миссиясына айналды.

1990 жылдың қыркүйегінде туған жері Арыстағы Сәкен Сейфуллин атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастады. Он екі жыл бойы осы білім ордасында жас ұрпаққа тарихтың терең сырын үйретіп, отансүйгіштікке баулыды. Жас ұстаздың еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы шәкірттерінің жетістіктерінен анық байқалды.

2002 жылы Шымкент қаласына қоныс аударғаннан кейін Алпамыс батыр атындағы мектеп-гимназиясында еңбек жолын жалғастырды. Содан бері 20 жылдан астам уақыт бойы осы мектепте жас ұрпақ тәрбиесі үшін тер төгіп келеді. Әр сабағында шәкірттің жүрегіне жол тауып, тарихты құрғақ дерек емес, өмірдің өзі екенін ұғындырып келеді.

35 жылдық еңбек өтілінде Гүлмира Елубайқызы «Педагог-сарапшы» біліктілік санатына ие болып, шәкірт тәрбиесіндегі адал еңбегі лайықты бағаланды. Оның тәрбиелеген шәкірттері бүгінде түрлі салада елге қызмет етіп, ұстаздарының еңбегін ақтап жүр.

Гүльмира Елубайқызы үшін ұстаздық – жай ғана кәсіп емес, бұл жүрек қалауы, өмірлік миссия. Ол әрбір шәкіртіне өткеннің өнегесін жеткізіп, болашаққа дұрыс бағдар беруді өз парызы санайды. Оның өмірлік ұстанымы – адал еңбек, ұлтқа қызмет, жас ұрпаққа қамқорлық.

Осындай ұстаздар барда елдің рухани іргесі берік, болашағы нық болмақ.

Leave a reply