Thursday, November 28

ОРДАБАСЫ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ЖЕКЕ ТІГІН ЦЕХЫН АШҚАН КӘСІПКЕР

0
139


Ордабасылық тұрғын Айжан Егембердіқызы мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, жеке тігін цехын ашқан. Кәсіпкер грант қаражатына шеберханаға қажетті тігін машиналары мен оның қосалқы бөлшектерін сатып алған. Бүгінде көпбалалы ана арнайы тапсырыспен ұлттық нақышта безендірілген киімдерді тігеді. Оның ішінде мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне де арналған киімдер бар.
– Бүгінде мемлекеттік гранттар көптеген азаматтардың кәсіп бастауына өз септігін тигізіп келеді. Мен де осы орайда өз кәсібімді ашуды ұйғарып, құжаттарымды тапсырған болатынмын. Қазіргі таңда кәсібіме қажетті құралдарымның барлығын сатып алып, оның дамуына ерекше мән беріп келемін. Алдағы уақытта басқа да тігіншіліктің түрлерін үйренгім келеді. Одан бөлек, тігін кәсібін үйренемін, дамытамын деген жастарға үлгі көрсетіп, оларды үйрету жоспарымда бар,- дейді кәсіпкер.
Естеріңізге сала кетейік, қайтарымсыз гранттар тұрақты түрде конкурс нәтижесінде беріледі. Осы ретте Түркістан облысының тұрғындарына қайтарымсыз грантты қалай және қайдан алуға болатыны туралы аз-кем ақпараттар ұсынамыз.
Жалпы емлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Кәсіпкерлік мақсатта берілетін қайтармсыз гранттар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында – 200 АЕК (айлық есептік көрсеткіш, 1 АЕК – 2651 тг), яғни биылғы көрсеткіш бойынша 530 200 теңге және «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында – 3 млн. теңгеге дейін ұсынылады. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған Бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мен оралмандар мемлекеттік гранттар алуға үміткербола алады. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған, инновациялық бизнес-идеясы бар кәсіпкерлер грантқа үміткер бола алады.
Одан бөлек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен грант беру – «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы № 513 қаулысымен реттеледі. Осы Қағидада грантты беру тәртібі, жобаларға мониторинг жасау, есептілігін жүргізу ережелері нақтыланған. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грант қаражаттары Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы ұсынылады. «Бизнесті жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен ұсынылады.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға – бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұдан бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ қоныс аударушылар мен оралмандар үміткерлер болып табылады. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқу дегеніміз– әртүрлі мамандыққа, мысалы: шаштараз, аспазшы, жихаз құрастырушы, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға қысқа мерзімді курстардан өту. Бұл оқу операторы – жергілікті халықты жұмыспен қамту орталықтары. «Бастау Бизнес» жобасы бойыншакәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсы – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы базасында өтеді.
Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға үміткер бағдарламаға қатысушы (немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін тұратын жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат, ал оралмандар үшін – оралман куәлігі (салыстырып тексеру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады);
3) әзірленген бастапқы бизнес-жоспар;
4) кәсіпкердің бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;
5) кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі;
6) тұратын тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы).
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар қаражаты – қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малды, құстарды сатып алу үшін нысаналы мақсатта пайдаланылады. Гранттар – тұтынушылық мақсаттарға, кредит қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және жалдау ақысы ретінде берілмейді. Мемлекеттік гранттардың мақсатты пайдаланылуына мониторингті Кәсіпкерлер палатасы жүргізеді. Бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Кәсіпкерлер палатасы шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) жәрдемдеседі. Грант иегері мониторинг барысында грант қаражаттары мақсатыз пайдаланылып, басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес ол жөнінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау үшін жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқарады.
Кәсіпкерлер палатасы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау үшін атқарушы билік органдары, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен құрамы кемінде 5 адамнан тұратын комиссияны құрады. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады. Жергілікті атқарушы органдар мен Кәсіпкерлер палатасының өкілдері комиссияның төрағасы бола алмайды. Комиссияның хатшысы комиссия отырыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады, төрағамен келісу бойынша отырыстар өткізілетін орынды, күнін және уақытын айқындайды, комиссия мүшелерін алдағы отырыс туралы хабардар етеді, отырыс өткізу үшін қажетті материалдарды оның мүшелерінің назарына жеткізеді. Комиссия хатшысы оның құрамына кірмейді және шешім қабылдаған кезде дауыс беру құқығы болмайды.

Leave a reply