Thursday, November 21

ТҮРКІСТАН: ЕЛ ҰЙЫТҚЫСЫ – ЕНЕ МЕН КЕЛІН

0
23


Жуырда Түркістандағы «Ұлы Дала елі» орталығында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ел ұйытқысы – ене мен келін» сайысы өтті. Қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты.
Сайыстың мақсаты – еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті тіршілік кешіп, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтап, отбасы ынтымағын насихаттау. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай, ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру.
Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі сайыстың маңызы жоғары екенін атап, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Келін де қыз болған бір кезде. Ол да біреудің аялап алақанына салып өсірген перзенті. Жат жұрттық қыз баласы бөтен елге келіп, босаға аттап сол үйінде алған тәрбиесіне қарай келін болады, ана болады өсіп-өнеді. Ақырында саялы бәйтеректей Отанасы айналады. Қазақта ақылы дариядай Домалақ ана, Қарашаш ана, Абайдай алыпты дүниеге әкелген Ұлжан, Зере секілді аналарымыз көп болған. Бүгінгі іс-шараның тақырыбы өте өзекті. Сондықтан бұл тақырыпты қозғау да, қолдау да керек деп есептеймін. Қазақта әдемі сөз, жыр жолдары бар:
Пай, пай, шіркін қазақтың келіндері-ай,
Көл дария секілді пейілдері-ай.
Абысын тату болса ас көп деген
Мақалдың айтылуы тегін бе еді-ай?
Бір шаңырақ келінсіз көтерілмей,
Бір кереге келінсіз керілмеген…
Қандай жақсы айтылған? Ақиқат сөз ғой. Расында ұлтымыздың ұйытқысы, әр шаңырақтың берекесі де мерекесі де үйдегі келіндер, аналар мен әжелер екені шындық, ағайындар. Сондықтан да, бүгінгі ұлт тәрбиесінде, ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор, өзекті тақырыпқа арналған іс-шара сәтті өтсін, барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, деді.
Аудандардан келген анасы мен қызындай сыйласқан енелер мен келіндер: Искакова Зибагүл , келіні – Ибраева Ақшолпан (Түркістан), Абилова Керемет, келіні – Айтымбетова Гүлзира (Түркістан), Үсенова Гүлжан, келіні – Хандәулетова Салтанат (Созақ), Тілеуова Әйгерім, келіні – Оразбек Мәдина (Кентау), Киізбаева Әлия мен келіні – Асылханқызы Гүлбақыт(Кентау), Әбилова Керемет, келіні Гүлзира Айтымбетовамен, (Түркістан), Шұлғаубаева Сайлаукүл келіні Шұлғаубаева Лаура (Арыс) қатысып өнер көрсетті.
Сайысқа қатысушылар ұмыт болып бара жатқан «Аушадияр», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Шашбау тағу», «Құрсақ тойы», «Қазанжары», «Тымаққа салу», «Қырқынан шығару», «Қолға су құю» «Жаулық ауыстыру» сияқты ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, «Тұмар», «Айдар» секілді ұғымдардың мән-мағынасын ашып берді. «Өнермен өрге жүземіз» аты өнер сайысында қатысушылар өз өнерлерін көрсетсе, «Ана көрген тон пішер» сайысында шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Сайыстың «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөліміне енелер мен келіндер сөз байлықтарын танытып, шешендік өнерімен, мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Ұлттық нақыштағы образда отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, сыйлықтар табысталды.
Сайыс қорытындысында Созақ ауданынан келген ене Гүлжан Үсенова мен келіні Шайхысламова Балқадиша 1 орынды иеленді. Жүлделі 2-орынды Арыс қаласынан келген қатысушылар Шұлғаубаева Сайлаукүл келіні Шұлғаубаева Лаура қанжығаға байласа, үшінші орынды түркістандық ене Абилова Керемет пен келіні Айтымбетова Гүлзира лайық деп танылды. Кентаулық ене Киізбаева Әлия мен келіні Асылханқызы Гүлбақыт «Көрермен көзайымы» аталымындағы сыйлықты иеленді.
Жиын соңында қазыналы қариялар көпшілікке аталы, баталы сөздерін арнап, іс-шараны түйіндеді. Иә, қазыналы қарттарымыз ғибартты әңгімелерімен «ел боламыз десең бесігіңді түзе» деген қағидаға айналған қанатты сөздің мәні – қоғамда ұлттың, отбасының ұйытқысына айналған ұрпақ тәрбиелеп отырған Аналардың рөлі зор екенін ұқтырды. Өскелең жас ұрпаққа дұрыс тәлім-тәрбие беру қажеттігін айтып, әрбір шаңыраққа бақытты, берекелі ғұмыр тіледі.
Әтіргүл ТӘШІМ.

Leave a reply