
Түркістан облысында заманауи цифрлық технологияларды енгізу және басқару тиімділігін арттыру мақсатында ғарыштық мониторинг технологияларын қолдану бағытындағы жұмыстар біртіндеп дамып келеді. Бұл технологиялар өңірдің ауыл шаруашылығы, жер ресурстарын басқару, экология, инфрақұрылым және төтенше жағдайлардың алдын алу салаларында кеңінен пайдаланылуда.
Ғарыштық мониторинг дегеніміз – Жерді спутниктер арқылы бақылау және алынған деректерді талдау арқылы нақты жағдайды анықтау жүйесі. Бұл технология өңірдің кең аумағын тұрақты бақылауға мүмкіндік беріп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және басқару шешімдерін нақты деректерге сүйене отырып қабылдауға жағдай жасайды. Ғарыштық технологиялар жерді заңсыз пайдалану, бос жатқан жерлерді анықтау және жер қорының тиімді игерілуін бақылау үшін де қолданылады. Спутниктік картография арқылы жердің нақты жағдайы анықталып, әкімшілік деңгейде шешім қабылдауға қажетті деректер қалыптастырылады. Оған қоса Түркістан облысы аграрлық өңір болғандықтан, ғарыштық мониторинг ең алдымен ауыл шаруашылығы саласында тиімді қолданылуда. Спутниктік деректер арқылы егістік алқаптардың жағдайы, топырақ ылғалдылығы, өсімдіктердің өсу динамикасы және өнімділік деңгейі бақыланады. Бұл фермерлерге егіс жұмыстарын дұрыс жоспарлауға, суару режимін тиімді ұйымдастыруға және өнім шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы спутниктік деректер қалалар мен елді мекендердің даму динамикасын талдауға да қолданылады. Жол құрылысы, тұрғын үй салу, инженерлік желілерді тарту сияқты жобаларды жоспарлау кезінде нақты геоақпараттық жүйелер пайдаланылады. Бұл инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін арттырады.
Бүгінде Түркістан облысында ғарыштық мониторинг технологиялары ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, экология және төтенше жағдайлардың алдын алу салаларында кеңінен қолданылуда. Әсіресе ауыл шаруашылығы өңірдің негізгі экономикалық драйверлерінің бірі болғандықтан, егістік алқаптарын бақылау, суармалы жерлердің жағдайын анықтау, жер ресурстарын тиімді пайдалану және өнім көлемін болжау бағытында спутниктік бақылау жүйелерінің мүмкіндіктері пайдаланылып келеді. Ғарыштық мониторинг арқылы пайдаланылмай жатқан жер телімдерін анықтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің нақты жағдайын бағалау және жер ресурстарын тиімді басқару жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беруде.
Бұл туралы мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен ауқымды саммитте еліміздің цифрлық ел болуды мақсат тұтып отырғанын алға тартып, бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат екенін айтты.
— Біз білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатпен мен жақында Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады. Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқандарыңыз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Сонымен қатар наурыз айында Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен Шымкент қаласында «Жасанды интеллект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтті. Осы жыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ біз екі суперкомпьютерді іске қостық. Келесі қадам – «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру. Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек. Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған «Алтын визаны» енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады, — деді ел президенті.
Айта кетсек, Түркістан облысында цифрландыруды дамыту, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы айқындаған цифрлық трансформация бағыты аясында өңірде инновациялық жобаларды енгізуге, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте ғарыш технологияларын тиімді пайдалану мен «Қазақстан киберқалқаны» жобасының мақсаттарын іске асыру бағытындағы жұмыстар өңірдің цифрлық дамуының маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.













