Кентауда субсидияланатын жұмыс орындарына өтінім қабылдау басталды

0
40

Кентау қаласында еңбек нарығын жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында маңызды қадамдар жасалуда. Осы орайда, Кентау қалалық мансап орталығының мамандары қаладағы бірқатар мекемелер мен ұйымдарды аралап, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында жұмыс берушілерге 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап 31 желтоқсанына дейін «Электрондық еңбек биржасы» (enbek.kz) платформасы арқылы 2026 жылға арналған субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім қабылданатыны жөнінде жан-жақты мәлімет берілді. Аталған бастама мемлекет тарапынан қолдау тауып отырған әлеуметтік саясаттың бір бөлігі ретінде жүзеге асуда.

Жұмыс берушілерге қойылатын талаптар да нақтыланды. Атап айтқанда, Enbek.kz порталында өтінім беру кезінде, ұйым өз қызметкерлерінің жалпы санының ең көбі 10 пайызынан аспайтын мөлшерде ғана әлеуметтік жұмыс орындарын аша алады. Бұл – жұмыс орындарын әділетті бөлу, әрі шынайы еңбек нарығын қалыптастырудың тетігі болып табылады.

Мұндай бастама өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, тұрғындарды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуге және жергілікті экономиканы дамытуға оң әсерін тигізетіні анық. Сонымен қатар, бұл шара мемлекет пен бизнес арасындағы серіктестікті нығайтып, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Қалалық мансап орталығы жұмыс берушілерді белсенді қатысуға шақырып, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы байланысты тиімді үйлестіруге бағытталған осындай бағдарламаларға қатысудың маңыздылығын атап өтті.

Leave a reply