Адал азамат – ұрпаққа үлгі болған ұстаз

Қаналиева Перизат Есіркепқызы – өзінің бар саналы ғұмырын жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуға арнаған абзал жан. 1978 жылы дүниеге келген ол Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгеріп, ұстаздық жолға қадам басты. Бүгінде З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінде орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келеді.
Перизат Есіркепқызы үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, өмірлік мұрат. Ол әрбір оқушысына мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін сезіндіруге, ұлттық рух пен патриоттық тәрбие беруге бар күш-жігерін жұмсап келеді. Мұның дәлелі – сан түрлі марапаттар мен құрмет грамоталары.
2020 жылдан бастап ол республикалық және халықаралық деңгейдегі білім додаларында үздік нәтиже көрсетіп, бірнеше мәрте «USTAZ TILEGI» орталығының олимпиадаларында І дәрежелі дипломдарға ие болды. Сол жылы-ақ «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасының жүлдегері атанып, шәкірттерін мәнерлеп оқу байқауларына дайындап, жеңістерге жетеледі. Сонымен қатар, Абай ауданы әкімінің, түрлі республикалық орталықтар мен ұйымдардың алғыс хаттарымен марапатталды.
2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған байқауларға белсене қатысып, жас буынға елжандылықты сіңіруге атсалысқаны үшін құрметке бөленді. Ал 2022 жылы «Қадір-қасиет» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Баланың – мектепте буллингтен қорғалу құқығы» тақырыбындағы тренингке қатысып, білім саласындағы өзекті мәселелерге үн қосқанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда материалдары жарияланып, шығармашылық ізденістерін шыңдады.
Ұстаз еңбегі ешқашан елеусіз қалмайды. 2023 жылы халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығы Қаналиева Перизат Есіркепқызын Құрмет грамотасымен марапаттады. Бұл марапат – оның еңбегіне берілген лайықты баға.
Білім саласындағы үздік нәтижелер, шәкірт жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі – Перизат Есіркепқызының адалдығының, жауапкершілігінің айқын көрінісі. Ол әрқашан оқушысы үшін еңбек етіп, ел игілігіне қызмет жасауды өзінің басты парызы деп біледі.
Адал еңбек пен ұрпаққа деген шексіз сүйіспеншілік – осындай азаматтардың болмысынан табылады. Қаналиева Перизат Есіркепқызы – адалдықты ту етіп, ұстаздық жолда абырой биігінен көрініп жүрген ұлағатты тұлға.












