САЙРАМ: СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖАСӨСПІРІМДЕРМЕН ТАЛҚЫЛАУ ӨТКІЗІЛДІ

0
40

 

XXI ғасырда еліміздің дамуы барысында қоғамдағы оң өзгерістермен қатар әлеуметтік мәселелердің шиеленісуі жиі байқалуда. Олардың бірі – жастар арасында суицидтің көбеюі. Суицидтік мінез-құлық мәселесі соңғы уақытта тек ғылым үшін ғана емес, қоғамның жалпы мәселесіне айналып отыр. Сондықтан оқушылар арасында дағдарыстар мен суицидтердің алдын алу бойынша олардың суицидтік мінез-құлықтың ерекшеліктері, суицид белгілерін уақытында анықтау мақсатында педагогтардың жұмыс механизмдері қайта қаралуда.

Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңдық және психологиялық қолдау көрсетуге жәрдемдесетін мекеме – Отбасы қолдау орталықтары да жастар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып келеді.

Суицидке бейімі бар балаларды анықтау, оларға психологиялық көмек көрсету, әлеуметтік мәселелерін шешуде қолдау көрсету бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығы» мамандары Манкент ауылы А.Яссауи атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен «Зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары», «Суицидтің себептері мен салдары», «Психологиялық қолдаудың маңыздылығы» тақырыптарында талқылау өткізді.

Суицидті дер кезінде танып, осындай теріс жайттардың алдын алу үшін жан-жақты ақпарат беру, түсіндіру, мәселенің мәніне бойлау, талдау, сараптама жасау қажеттігі сөзсіз. Осы тұрғыда «Отбасы қолдау орталығы суицидтің алдын алу бағытында өткізген дәрісте оқушылар мен студенттер арасында сауалнама жүргізді.

Бұдан бөлек, орталық мамандары Қарамұрт ауылындағы «Разия Ана» жеке меншік мектебінің оқушыларымен жүздесу өткізіп, «Суицидтің алдын алу және зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында мағыналы әңгіме өрбітті.

Кездесудің басты мақсаты – жастардың өмірге деген құлшынысын арттыру, қиындықты бірге еңсеру, өзара құрмет пен мейірімге үндеу.

Мамандар оқушыларға өмірдің әр сәтін бағалауға, айналасындағыларға қолдау көрсетуге және зорлық-зомбылықтың кез келген түріне «Жоқ!» деп айтуға шақырды. Оқушылар ашық диалогқа қатысып, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Мұндай шаралар жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен психикалық саулығын сақтау үшін өте маңызды.

Орталық мамандарының айтуынша, жасөспірімдердің эмоциялық жағдайына назар аударып, мінез-құлқын мұқият бақылап, қадағалап жүрсе, суицид белгілерін дер кезінде тануға, демек, оның алдын алуға болады деп санайды. Оның ішінде күйзелістік жағдаятқа тап болуы, эмоциялық көңіл-күйі, мінезі, сырт бейнесі, құрдастарымен, достарымен қарым-қатынасына, қызығушылықтарына және т.б. назар аударады.

Адамның жастық кезеңі ересек атану, бір кезеңнен  басқасына өту сияқты жас шамасына ғана байланысты емес, сондай-ақ бір әлеуметтік-мәдениеттік кезеңнен келесі сатыға өтуді, алдыңғысының шектеулерінен шығуды білдіреді. Сондықтан, жасөспірімнің денсаулығы, білімі іспетті шарттарға баса назар аударымен қатар, мейірім, жанашырлық сезімдерін егу маңызды. Қоршаған ортасындағы әлеуметтік ахуал, отбасындағы психологиялық климат, ата-анасымен, ұстаздармен өзара қарым-қатынас – осның бәрі баланың бойынан көрініс табады.

Leave a reply