Халықпен тығыз байланыс – билікке сенімнің негізі

Қоғамдық сұранысқа дер кезінде үн қату мен халық пікірін ескеру – тиімді басқарудың басты шарты. Осы мақсатта «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы Қаратау ауданында көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырды. Бұл шара «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында өткізіліп, шалғай елді мекен тұрғындарына тікелей қолжетімді болуды көздеді.
Көшпелі қабылдауға қалалық партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, фракция жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев, мәслихат депутаты Лазиз Сулайманов, тиісті басқарма өкілдері мен аудан әкімінің орынбасары қатысты. Кездесудің басты мақсаты – тұрғындардың нақты мәселелерін шешу, құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан көмек көрсету, сондай-ақ азаматтар мен партия арасындағы байланыс сапасын арттыру болды.
Қабылдау барысында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жұмыссыз азаматтар және инфрақұрылым тапшылығына тап болған тұрғындар өз өтініштерін жеткізді. Коммуналдық қызмет сапасы, жол және жарықтандыру инфрақұрылымы, тұрғын үй мен жұмыспен қамту мәселелері ерекше назарға алынды. Әрбір өтініс заң шеңберінде түсіндіріліп, жедел шешуді қажет ететіндері сол сәтте қаралды. Ал қосымша талдауды қажет ететіндер бойынша жауапты органдарға тапсырмалар берілді.
Биылғы жылдың басынан бері Шымкент қаласында «Құқықтық көмек» жобасы аясында 20-дан астам мобильді қабылдау өткізіліп, 450-ге жуық азаматтың өтініші тіркелді. Бұл көрсеткіш партияның қоғаммен жұмыс істеу жүйесінің тұрақтылығын дәлелдейді. Мобильді қабылдаулар азаматтарға өз мәселелерін тікелей жеткізіп, нақты шешім алу мүмкіндігін ұсынды.
Мұндай бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті нығайтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы дәл осындай тәжірибелер арқылы жүзеге асып келеді. Халықтың үнін есту – тек саяси ұран емес, нақты әлеуметтік нәтижеге бағытталған іс-қимыл жүйесі. Әрбір өтінішке бейжай қарамау мәдениеті қалыптасқанда ғана қоғам мен билік арасындағы байланыс шынайы серіктестікке айналады.












