Адал еңбегімен үлгі болған жас педагог

Әмірәлі Балжан Бегалықызы – өзінің әрбір ісінде адалдықты, табандылықты және ізденісті ту еткен жас педагог. Ол 1994 жылы 15 сәуірде дүниеге келіп, жастайынан білім саласына қызығушылық танытты. Жоғары білімін Тараз Мемлекеттік педагогикалық институтында алып, магистр дәрежесін иеленді. Балжан Бегалықызы еңбек жолын 2015 жылы бастап, бүгінге дейін тоғыз жыл бойы шәкірт тәрбиелеу ісіне адал қызмет етіп келеді. Алдымен «Болашақ» жоғары колледжінде ұстаздық етіп, кейіннен Абай Құнанбаев атындағы мектепте өз жолын жалғастырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Адал азамат – Отанға, қоғамға және өз ісіне адал қызмет ететін тұлға». Бұл анықтаманың Балжан еңбегіне толық сәйкес келетінін оның жетістіктері дәлелдейді. Ол жас ұстаз болса да, тың идеяларды іске асырып, заманауи педагогиканың жаңа үлгілерін тәжірибеге енгізіп келеді.
Балжан Әмірәлі – шәкірттерін ғылымға, экологиялық сананы дамытуға баулып жүрген жаңашыл педагог. Оның жетекшілігімен жасалған «Қоқыс қалдығынан энергия алу» жобасы республика бойынша бірінші орынға ие болып, ал «ChemSortBot» атты қоқысты автоматты түрде сұрыптайтын роботтық жоба үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бұл бастамалар жас ұрпақтың ғылыми ізденістерге деген құштарлығын арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етуде.
Шәкірттері республикалық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында жүлделі орындарға ие болып жүр. Ал өзі «ЖасКеңес» сыйлығының иегері, «Шымкент қаласының үздік мұғалімі», «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауының лауреаты атанды. Сонымен қатар қала әкімі мен білім басқармасының алғыс хаттарымен, республикалық деңгейдегі марапаттармен бағаланған.
Балжан Бегалықызы сыныпта тек білім беріп қана қоймай, балаларды әділдікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеуді басты қағида санайды. Әр сабағында шәкірттеріне жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оларды өз армандарына жетелейтін нағыз ұстаз бейнесін қалыптастырып келеді.
Ол үшін ұстаздық – тек мамандық емес, ұлт болашағына қызмет ету. Өз ісіне берілген адал еңбегімен Балжан Әмірәлі жас ұрпаққа үлгі болып, «Адал азамат» тұжырымдамасының шынайы мазмұнын айқындап жүр.













