АДАЛ ЕҢБЕК – ҰСТАЗДЫҚТЫҢ ӨНЕГЕСІ

0
66

Білім – қоғамның іргетасы, ал ұстаз – сол іргетасты қалаушы, болашақтың сәулетшісі. Саналы ғұмырын осы жолға арнап, ұрпақ тәрбиесінде өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Разахова Балжан.

Балжан Елубайқызы 1975 жылдың 26 қазанында дүниеге келді. 1996 жылы М.Әуезов атындағы педагогикалық институтының филология факультетін «Қазақ сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмамдады. Сол күннен бастап ол үшін ұстаздық – жай ғана кәсіп емес, өмірлік миссияға айналды.

Еңбек жолын 1998 жылы Шардара ауданы «Ұзын Ата» жалпы орта мектебінде бастады. Мұнда жас маман алғашқы қадамынан-ақ ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында шәкірттер жүрегіне жол тауып, ұстаздықтың ауыр да абыройлы жауапкершілігін терең сезінді. 2001 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №74 жалпы орта білім беретін мектепте қызмет атқарып келеді. Міне, содан бері 26 жыл уақыт зырғып өтіп, талай буын шәкіртті біліммен сусындатып, азамат етіп тәрбиеледі.

Ұстаз еңбегінің өлшемі – шәкірт жетістігі. Балжан Мырзақанқызының жетекшілігімен талай оқушы республикалық, қалалық олимпиадаларда жүлделі орын алып, ұстаз еңбегінің жемісін дәлелдеп келеді. Ол әрбір шәкіртіне тек білім беріп қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтіп, елжанды, талапшыл, ізденімпаз тұлға болып қалыптасуына ықпал етуді басты мұрат санайды.

Кәсіби біліктілігі мен адал еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға ие болды. Шымкент қаласы Білім басқармасының бірнеше алғыс хаттары, «Өрлеу» БАҰО мадақтамасы, AMANAT партиясының алғысы, әдістемелік орталықтың мақтау қағаздары соның айғағы. Сонымен қатар ол қалалық «Ең үздік авторлық бағдарлама» байқауында үздік идеясы мен тәжірибесін ұсынып, жоғары бағаға ие болды.

Ұстаз тек сабақ беруші ғана емес, ой таратушы, өмірге бағыт көрсетуші. Балжан апайдың ғылыми-әдістемелік журналдардағы мақалалары, республикалық басылымдарда жарық көрген еңбектері, тәжірибе алмасу алаңдарындағы баяндамалары – оның білім беру ісіне қосқан зор үлесі. Ол «Үштілділік – білімнің маңыздылығы» тақырыбындағы мақаласымен де өз кәсіби деңгейін көрсетті.

Әріптестері оны еңбекқор, жаңашыл, ізденімпаз ұстаз ретінде құрметтейді. Ал шәкірттері үшін ол – талапшыл әрі мейірімді, білімді әрі әділ ұстаз. Балжан Разахова үшін ұстаздық – ардың ісі, ал адал еңбек – абыройдың биік шыңы.

Leave a reply