Адал еңбекпен өрілген ұстаз жолы

0
151

Бала жүрегіне білім мен тәрбиенің нұрын сеуіп, ұрпақтың болашағына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жандардың бірі – З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Құмарова Айсапар Тұтқабайқызы. Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ұлағатты ұстаздың еңбек өтілі 35 жылдан асады. Бұл – мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге әріп танытып, қоғамға өз орнын табатын азамат қалыптастыру жолындағы үздіксіз еңбектің жарқын көрінісі.

Айсапар Тұтқабайқызының кәсіби жолындағы жетістіктері жыл сайын түрлі марапаттар мен құрметке ие болып келеді. 2024 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің №514 бұйрығына сәйкес «Мың бала» республикалық зияткерлік орталығы білім саласына қосқан еңбегін ерекше атап өтті. Бұдан бұрын да ол ORLEU ұлттық орталығынан шығармашылық табыстары үшін мадақтама алып, «Жас ғалым-2023» республикалық ғылыми жоба байқауына шәкірттерін белсенді қатыстырып, алғыс хатпен марапатталған болатын.

Ұстаздың еңбегі шәкірттерінің табыстарынан анық байқалады. Айсапар Тұтқабайқызы дайындаған жас өрендер республикалық деңгейдегі ғылыми жобалар мен зияткерлік сайыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізді. 2023 жылы «Жас ғалым» байқауында Жорабай Нұрали мен Бахауади Даниэль жүлдегер атанса, 2024 жылы шәкірттері «Zeyindi bala» журналының бас жүлдесін иеленді. Сонымен бірге оқушылары республикалық олимпиадаларда І және ІІ дәрежелі дипломдарға қол жеткізді. Мұның бәрі – ұстаздың шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, білімге деген құштарлығын арттырған еңбегінің жемісі.

Айсапар Тұтқабайқызы заман талабына сай педагог болуға дағдыланған. 2021 жылы «Цифрлы сауатты педагог» семинар-тренингіне қатысып, жаңа технологияларды меңгеріп, білім беру үдерісіне тиімді енгізіп келеді. Бұл – оның үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын, кәсіби шеберлігін шыңдай білетін ізденімпаз ұстаз екенін көрсетеді.

Тәуелсіз еліміздің ертеңі – бүгінгі мектеп партасында отырған жас ұрпақ. Сол болашақтың жарқын болуы үшін бар білім-білігін сарп етіп келе жатқан Айсапар Тұтқабайқызы сынды ұстаздар – қоғамның алтын қазығы. Оның адал еңбегі, шәкіртке деген жанашырлығы мен мейірімі, жаңашылдыққа құштарлығы жас буынға жол көрсетіп, елдің игілігіне қызмет етіп отыр.

Leave a reply