Воскресенье, 22 ноября

ЦИФРЛЫҚ ӨЗГЕРІС: ТҮРКІСТАНДАҒЫ БІЛІМ ОШАҚТАРЫНДА ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

0
3

Түркістан облысында білім беру жүйесін цифрландыру жұмыстары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Электрондық платформалар, жасанды интеллект, онлайн бақылау құралдары мен цифрлық инфрақұрылым оқу үдерісін ұйымдастырудан бастап оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дейінгі бағыттарды қамтиды. Негізгі мақсат – мұғалімнің жұмысын жеңілдету, ата-аналар үшін ашықтықты арттыру, білім алушыларға сапалы ресурстар ұсыну және әр мектептің жұмысын нақты деректер негізінде бағалау.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізуді маңызды міндеттердің бірі ретінде белгілеген. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да бұл бағыттағы жұмыстарға тың серпін берді. Түркістан облысында аталған міндеттерді жүзеге асыру аясында мектептердің интернетке қолжетімділігін арттыру, оқу платформаларын жетілдіру және педагогтердің цифрлық дағдыларын дамыту қолға алынған.

Өңірдегі білім беруді цифрландырудың негізгі алғышарты – тұрақты интернет. 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы ресми мәліметке сәйкес, облыстағы 940 мемлекеттік мектептің 932-сі немесе 99,1 пайызы интернет желісіне қосылған. Оның ішінде 646 мектеп талшықты-оптикалық байланыс арқылы, 284 білім ордасы SpaceX компаниясының Starlink спутниктік интернеті арқылы желіге қосылған. Қалған сегіз мектепке интернет жеткізу және цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Бұл көрсеткіш, әсіресе, шалғай ауылдардағы оқушылар үшін маңызды. Жоғары жылдамдықты интернет арқылы олар электрондық оқулықтарды, бейнесабақтарды, онлайн тестілеу мен білім беру платформаларын пайдалана алады. Сонымен бірге мұғалімдерге қашықтан оқыту материалдарын әзірлеу, сабаққа қосымша ресурстар тарту және оқушылардың білімін бағалау мүмкіндігі кеңейеді. Облыс мектептерінде электрондық журналдар мен күнделіктер оқу үдерісіндегі негізгі цифрлық құралдардың біріне айналды. Олар оқушының үлгерімін, сабаққа қатысуын және үй тапсырмаларын бақылауға мүмкіндік береді. Ата-аналар да баласының оқу нәтижесін онлайн қадағалап, мұғалімдермен байланыс орната алады. Бұған қоса, Bilimcenter.kz платформасы оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, халықаралық PISA зерттеуінің математика, оқу және жаратылыстану бағыттары бойынша дайындалуына пайдаланылады.

Білім саласындағы цифрлық жүйелерді бір-бірімен байланыстыру мәселесі де күн тәртібінде. Өткен жылы өткізген жиында оқу үдерісін бақылау, оқушылардың жетістіктерін талдау, кәсіби бағдар беру және сыртқы бағалау бағыттарындағы платформаларды жетілдіру қажеттігі көтерілді. Сонымен қатар деректердің үйлесімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер арасындағы байланысты күшейту және артық есептілікті азайту мәселелері талқыланды. Пилоттық режимде сыналып жатқан платформалардың тиімділігіне қарай оларды әрі қарай пайдалану жөнінде шешім қабылдау көзделген.

Білім беру саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – «AI-Jan» цифрлық платформасы. Жоба оқушылар арасындағы буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану және құқықбұзушылық тәуекелдерін ерте анықтауға бағытталған. Оның ерекшелігі – оқушылардың анонимді түрде хабарлама қалдыруына мүмкіндік беруі және түскен ақпаратты жасанды интеллект көмегімен талдауы. 2026 жылы жоба Түркістан қаласындағы білім беру ұйымдарында пилоттық режимде сынақтан өткізіле бастады. Кейін оны облыстың басқа мектептері мен колледждеріне кезең-кезеңімен енгізу бойынша ведомствоаралық меморандум жасалды. Бұл ретте платформа мұғалімдер мен психологтардың орнын алмастырмайды, керісінше, қауіп белгілерін ертерек байқап, тиісті мамандардың алдын алу шараларын ұйымдастыруына көмектеседі.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері де цифрлық басқару орталықтарымен біріктірілуде. 2026 жылғы үшінші тоқсанның есебінде 100 адамнан асатын мемлекеттік және жекеменшік мектептер мен колледждердің бейнебақылау жүйелері жедел басқару орталықтарына толық қосылғаны көрсетілген. Бұл мектеп аумағындағы қауіпсіздік жағдайын бақылауға және төтенше оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Цифрлық шешімдер оқушыларды әлеуметтік қолдау тетіктерінде де қолданылып келеді. Мәселен, «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы 220 мың оқушыға тегін ыстық тамақ беру жұмыстары жалғасуда. Бұл жүйе тамақтану қызметін есепке алу мен оның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ал педагогтердің жаңа технологияларды меңгеруі үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылуда. 2026 жылғы 10 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік» жобасы аясында облыстың 15 ауданында 4 528 педагог жеті бағыт бойынша біліктілігін арттырды. Олардың қатарында жасанды интеллект, математика, физика, химия, биология және кәсіби даму бағыттары бар. Бұл мұғалімдердің цифрлық құралдарды сабақ барысында тиімді пайдалануына негіз қалайды.

Түркістан облысында білім беруді цифрландырудың келесі кезеңі – қолданыстағы платформаларды бірыңғай жүйеге біріктіру, интернетпен қамтылмаған мектептердегі мәселені шешу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқыту сапасын арттыруға бағыттау. Технологияның басты нәтижесі электрондық жүйелердің көптігімен емес, оқушының білім алуына, мұғалімнің жұмыс істеуіне және ата-ананың баласына қатысты ақпаратты уақтылы алуына қаншалықты көмектесетінімен өлшенеді.

 

Leave a reply