
Түркістан облысында тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғырту, оларды сұрыптау мен қайта өңдеу көлемін арттыру бағытында жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде пластик, қағаз, картон және өзге де қайталама шикізатты кәдеге жарататын кәсіпорындар көбейіп, қалдықтарды бақылауда цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Негізгі мақсат – қоқысты полигондарға көму көлемін азайтып, оны қайтадан өндірістік айналымға қосу.
Облыстағы экологиялық саясаттың маңызды көрсеткіштерінің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату үлесі. 2025 жылы бұл көрсеткіш 31 пайызды құраса, 2026 жылға 33 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Биылғы сегіз айдың қорытындысы бойынша меженің 32 пайызы орындалған. Алдағы уақытта 2030 жылға қарай қалдықтарды кәдеге жарату үлесін 50 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Қазіргі таңда өңірде қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен 20 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде 15 кәсіпкерлік ұйым пластик, шыны, қағаз, картон және өзге де материалдарды сұрыптаса, 5 кәсіпорын қайталама шикізатты өңдейді. Сонымен қатар қоқысты жинау мен тасымалдау қызметін көрсететін мекемелер жұмыс істейді. Бұл салада жеке кәсіпкерліктің белсенділігін арттыру үшін облыс аумағы алты аймаққа бөлініп, әр аумаққа қалдықтарды қайта өңдеуге маманданған кәсіпкерлерді тарту жұмыстары жүргізілуде.
Өңірдегі нақты жобалардың бірі – Кентау қаласындағы пластик қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорны. Мұнда жиналған пластик сұрыпталып, өндірістік өңдеуден өткізіледі. Кәсіпорын дайын өнімді экспортқа шығарып отыр. Бұл бастама тұрмыстық қалдықтың қоршаған ортаға түсетін жүктемесін азайтып қана қоймай, оны экономикалық айналымға енгізудің тиімді үлгісіне айналды.
Қайталама шикізаттан жаңа өнім өндіру бағытында Ордабасы ауданында да маңызды жоба қолға алынды. Шұбар ауылында қағаз бен картон қалдықтарын қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жобаға 1 миллиард теңге инвестиция салынып, 20 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кәсіпорын жылына 5 875 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы болады. Мұнда жұмыртқаға арналған қағаз науалар, стақан ұстағыштар және аяқ киім өндірісіне қажетті картон өнімдері дайындалмақ. Өндірілген өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа, 30 пайызы экспортқа бағытталады.
Қалдықтарды терең өңдеу инфрақұрылымын кеңейту үшін Түркістан қаласындағы полигон аумағында да жаңа жоба қарастырылуда. 2026 жылғы 6 сәуірде Қытайдың «Suchun Environmental Protection LTD» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жобаның бірінші кезеңінде үш гектар аумаққа бастапқы сұрыптау қондырғыларын орнату және шамамен 3 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Екінші кезеңде толыққанды өндірістік қайта өңдеу кешенін салу көзделген. Бұл бастама жүзеге асса, полигонға жеткізілетін қалдықтардың құрамындағы қайта пайдалануға жарамды материалдарды бөліп алуға мүмкіндік туады.
Саланы дамытудың келесі маңызды бағыты – цифрлық мониторинг. Қазіргі таңда заңсыз қоқыс орындарын анықтауда ғарыштық және аэроғарыштық бақылау деректері пайдаланылып келеді. «Ғарыш Сапары» АҚ жүргізген түсірілімдер нәтижесінде 2025 жылы облыста 249 заңсыз қоқыс орны анықталып, тазартылған. Ал 2026 жылдың мамыр-маусым айларында тағы 242 нүкте тіркеліп, шілдеде қосымша 8 орын анықталған. Мұндай технологиялар аумақты қашықтан бақылауға, қоқыс үйінділерінің орналасуын белгілеуге және тазалық жұмыстарын нақты мекенжайлар бойынша ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық бақылаудың тағы бір бағыты – қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Қазақстанның 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрін басқару тұжырымдамасында бірыңғай цифрлық платформаны құру көзделген. Оның көмегімен қалдықтардың пайда болуынан бастап жиналуы, тасымалдануы, сұрыпталуы және қайта өңделуіне дейінгі үдерістер туралы мәліметтерді жүйелеу жоспарланып отыр. Бұл бағыт өңірлердегі инфрақұрылымның нақты жағдайын бағалауға, қалдық көлемін есепке алуға және басқарушылық шешімдердің тиімділігін арттыруға негіз болады.
Сонымен қатар полигондарды оңтайландыру, санитарлық талаптарға сәйкестендіру және олардың жұмысын бақылау шаралары жалғасуда. Облыстағы полигондардың жай-күйін зерделеу нәтижесінде бір-біріне жақын орналасқан нысандарды біріктіру жұмыстары жүргізілуде. Заңсыз қоқыс орындарын анықтау, оларды тазарту және қайталануына жол бермеу де тұрақты бақылауда.
Жалпы, Түркістан облысында қалдықтарды басқару жүйесі дәстүрлі жинау мен шығарудан сұрыптау, қайта өңдеу және цифрлық бақылауға негізделген жаңа кезеңге өтуде. Кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бүгін қоқыс саналатын материал ертең қайта өңделген шикізат пен дайын өнімге айналып, өңірдің экологиялық мәдениеті мен өндірістік әлеуетін қатар дамытуға қызмет етеді.












