
Түркістан облысында цифрландыру экономикалық өсімді жеделдетудің және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырудың маңызды құралына айналып келеді. Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, өндірістік үдерістерді автоматтандыру және қалалық инфрақұрылымды цифрлық басқару бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар уақытты үнемдеп қана қоймай, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Цифрлық экономиканың негізгі алғышарты – сапалы интернет пен тұрақты байланыс. Осы бағытта Түркістан облысында «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы қолға алынған. Жоба аясында 387 мың адам тұратын 212 ауылдық елді мекендегі шамамен 68 мың үй шаруашылығына жоғары жылдамдықты интернет жеткізу көзделген. Бүгінгі таңда 26 ауыл бойынша конкурстар жарияланып, 17 елді мекенде келісімшарттар жасалған. 2026 жылдың соңына дейін алғашқы бес ауылда құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бастама шалғайдағы тұрғындардың мемлекеттік қызметтерді онлайн алуына, оқушылардың цифрлық білім ресурстарына қол жеткізуіне және ауыл кәсіпкерлерінің өз өнімдерін интернет арқылы өткізуіне мүмкіндік береді.
Байланыс инфрақұрылымын жаңғыртуда облыс орталығының да өзіндік жетістігі бар. Түркістан қаласы ескірген ADSL мыс желілерінен толық бас тартып, талшықты-оптикалық байланыс желілеріне көшкен Қазақстандағы алғашқы қала ретінде аталды. Бұл интернет жылдамдығы мен тұрақтылығын арттыруға, цифрлық сервистерді кеңінен пайдалануға және қалалық инфрақұрылымды заманауи технологиялар арқылы басқаруға негіз қалыптастырады.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тұрғындар мен бизнес өкілдері үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді. Электрондық қызметтер арқылы азаматтар қажетті анықтамаларды алып, өтініштерін жолдап, бірқатар құжаттарды қашықтан рәсімдей алады. Ал кәсіпкерлер үшін онлайн сервистер мемлекеттік органдармен байланыс уақытын қысқартып, құжат айналымын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Облыста iKOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Ол тұрғындардың өтініштері мен қалалық мәселелер туралы хабарламаларын қабылдап, тиісті қызметтерге бағыттауға арналған.
«Smart City» тұжырымдамасы аясында қалалық басқару жүйесіне де цифрлық шешімдер енгізілуде. Түркістан қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік ағынын талдау бағытында жобалар қарастырылған. Бейнебақылау жүйелерінің мүмкіндігін кеңейту қоғамдық тәртіпті бақылауға, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге және қала қауіпсіздігін күшейтуге жағдай жасайды. Сонымен қатар туристік мобильді қосымшалар мен AR Turkistan жобасы қаланың тарихи-мәдени нысандары туралы ақпаратты цифрлық форматта ұсынуға бағытталған. Бұл технологиялар туристерге қолайлы орта қалыптастырып, қызмет көрсету саласының дамуына да ықпал етеді.
Цифрландыру ауыл шаруашылығында да жаңа мүмкіндіктер ашуда. Түркістан облысы үшін су ресурстарын тиімді пайдалану, егістік алқаптарының жағдайын бақылау және өнімділікті арттыру ерекше маңызды. Осы тұрғыда суару жүйелерін автоматтандыру, цифрлық мониторинг, жер мен егін туралы деректерді талдау технологияларының әлеуеті зор. Республика деңгейінде жүзеге асырылып жатқан Digital Agro бірыңғай платформасы ауыл шаруашылығы саласындағы деректерді біріктіріп, өндірістік шешімдерді нақты ақпарат негізінде қабылдауға бағытталған. Мұндай жүйелерді өңір шаруашылықтарына енгізу су мен тыңайтқыш шығынын оңтайландыруға, өнім көлемін болжауға және аграрлық өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Өндіріс пен коммуналдық инфрақұрылымда автоматтандырудың тиімділігі нақты жобалардан байқалады. Мәселен, Кентау қаласындағы Оранғай су тазарту станциясына су жеткізу жүйесі SCADA автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы бақыланады. Ол су қысымы мен шығын көлемін нақты уақыт режимінде қадағалап, ақауларды ерте анықтауға және ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Осындай технологияларды басқа инженерлік желілерге енгізу қызмет көрсету сапасын арттырып, пайдалану шығындарын азайтуға ықпал етеді.
Цифрлық экономиканың дамуы білікті мамандар мен технологиялық кәсіпкерліктің қалыптасуына да байланысты. Өңірде ашылған Woosong University Kazakhstan IT университетінде «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» бағыттары бойынша 100-ден астам студент білім алуда. Ал Turkistan Hub аймақтық IT-хабында ашылғаннан бері 3 500-ден астам оқушы мен студенттің қатысуымен 225-тен астам іс-шара өткізілген. Бұл алаңдар жастардың технологиялық сауатын арттыруға, стартап жобаларын әзірлеуге және жаңа IT-мамандарды даярлауға жағдай жасайды.
Кентауда өткен «Digital Kentau – 2026» республикалық форумы да өңірдегі цифрлық бастамаларды талқылауға және жаңа технологияларды түрлі салаға енгізу тәжірибесін таратуға арналған маңызды алаң болды. Форум аясында жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, экономика, білім беру және қоғамдық өмірде қолдану мәселелеріне назар аударылды.
Жалпы, Түркістан облысында цифрландыру жұмыстары интернет инфрақұрылымын дамытудан бастап, мемлекеттік қызметтерді жеңілдету, ауыл шаруашылығы мен өндірісті автоматтандыру және қалалық ортаны басқаруға дейінгі бағыттарды қамтиды. Оның экономикалық нәтижесі – кәсіпорындардың тиімділігін арттыру, шығындарды азайту, жаңа технологиялық кәсіптерді қалыптастыру және инвестиция тарту. Әлеуметтік маңызы – ауыл мен қала тұрғындары үшін қызметтердің қолжетімділігін арттырып, білім, медицина және ақпарат алу мүмкіндіктерін кеңейту. Осылайша, цифрлық трансформация өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, экономикалық және әлеуметтік дамудың ортақ тетігіне айналып келеді.













