
Түркістан облысының экономикалық дамуында ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыруға ерекше мән беріліп отыр. Өңір халқының басым бөлігі ауылдық елді мекендерде тұратындықтан, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, кооперацияны дамыту және тұрақты жұмыс орындарын ашу – экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттырып, әр елді мекеннің өзіндік экономикалық мүмкіндігін тиімді пайдалану.
Ауыл экономикасын жандандыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізгі құралдардың біріне айналды. 2023-2025 жылдары бағдарлама аясында облысқа 30,2 млрд теңге бағытталып, алты бағыт бойынша 4 223 жоба жеңілдетілген несиемен қаржыландырылды. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Қолдау алған жобалардың қатарында мал және өсімдік шаруашылығы, құс пен балық өсіру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және тұрғындардың жеке кәсібін ашу бастамалары бар.
2026 жылы да ауыл кәсіпкерлігін қаржыландыру жалғасуда. Биыл бағдарлама арқылы 15,3 млрд теңге тарту жоспарланып, 1 115 жобаны қолдау және 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл қаражаттың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеуге, шағын өндіріс орындарын ашуға және кооперативтердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады. Мұндай тетік ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға ғана емес, жұмыс істеп тұрған шаруашылықтардың өндіріс көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік береді.
Ауылдағы экономикалық белсенділікті арттырудың тиімді жолы – жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативтер құру. Соңғы үш жылда облыста 201 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олардың бірқатары өнім өндірумен шектелмей, оны жинау, сақтау, өңдеу және өткізу жұмыстарын да ұйымдастырып отыр. Мәселен, «Майтөбе сүт» кооперативі сүт жинау және қайта өңдеу желісін іске қосып, өнімдерін әлеуметтік мекемелерге жеткізуде. Ал «Аят-Агро.Сом» кооперативі жеміс-көкөніс өңдеу цехын кеңейтіп, өнімдерін экспортқа шығаруда. Бұл тәжірибе шағын шаруашылықтардың нарыққа бірлесіп шығуына және делдалдарға тәуелділігін азайтуға жол ашады.
Ауылдық кәсіпкерліктің тағы бір бағыты – жылыжай шаруашылығы мен шағын өндіріс. Соңғы үш жылда «Ауыл аманаты» аясында өңірде 593 жылыжай кешені салынып, 4 223 шағын кәсіпкерлік жобасы жүзеге асқан. Сонымен бірге 79 ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. Мұндай нысандар ауыл тұрғындарына маусымдық жұмыспен ғана шектелмей, жыл бойы табыс табуға мүмкіндік береді. Өнімді сол жерде өңдеу тасымалдау шығындарын азайтып, ауылдың өзінде қосылған экономикалық құн қалыптастырады.
Ауылдардың тұрақты дамуы кәсіпкерлікті қаржыландырумен қатар, сапалы инфрақұрылымға тікелей байланысты. Бүгінде облыстағы 801 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Дегенмен кейбір ауылдарда су тәулік бойы берілмейді. Осы мәселені шешу үшін 2026-2028 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Биыл Арыс, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекеннің 45,7 мың тұрғынын тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, шағын өндіріс пен кәсіпкерлік нысандарының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Сонымен қатар елді мекендердегі жол, электр, газ, су жүйелері мен әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Инженерлік инфрақұрылымның жақсаруы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдетіп, кәсіпорындар мен қызмет көрсету нысандарын ашуға қолайлы орта қалыптастырады. Ал мектеп, медициналық пункт, мәдениет және спорт нысандарының қолжетімді болуы ауыл тұрғындарының өмір сапасын көтеріп, елді мекендердің тартымдылығын арттырады.
Ауылдық аумақтарды дамытудың тағы бір маңызды шарты – әр елді мекеннің табиғи және экономикалық ерекшелігіне сай мамандануын қалыптастыру. Бір ауылда мал шаруашылығы мен ет өңдеу тиімді болса, екіншісінде жылыжай, көкөніс сақтау, сүт өндірісі немесе қолөнер кәсібін дамытуға мүмкіндік бар. Осындай жергілікті ерекшеліктерге негізделген жобалар ауыл экономикасын бір ғана салаға тәуелді етпей, табыс көздерін әртараптандырады.
Жалпы, Түркістан облысында ауылдық аумақтарды дамыту жұмыстары инфрақұрылымды жақсарту, кәсіпкерлікті қаржыландыру және кооперацияны күшейту бағыттарын өзара байланыстыра жүргізуге негізделген. Ауылда жаңа өндіріс орындарының ашылуы, тұрғындардың өз кәсібін бастауы және өнімді өңдеп, нарыққа шығару мүмкіндігінің кеңеюі өңір экономикасының тұрақтылығын арттырады. Ең басты нәтиже – ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, тұрақты жұмыспен қамту арқылы елді мекендердің экономикалық дербестігін нығайту.













