Воскресенье, 22 ноября

«КИБЕРҚАЛҚАН» – ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАУІПСІЗДІК НЕГІЗІ

0
2

Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірге кеңінен енуі ақпараттық қауіпсіздік мәселесін алдыңғы орынға шығарды. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, банк операцияларын жүргізу, қашықтан білім беру мен жұмыс істеу азаматтардың өмірін жеңілдеткенімен, интернет-алаяқтық, жеке деректерді заңсыз иемдену және ақпараттық жүйелерге жасалатын кибершабуылдар қаупін де арттырып отыр. Осы сын-қатерлерге қарсы тұру мақсатында елімізде «Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасы іске асырылуда. Түркістан облысында да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

«Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасы электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен коммуникациялық инфрақұрылымды ішкі және сыртқы қауіптерден қорғауға бағытталған. Оның негізгі міндеті – цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қолдау және азаматтардың дербес деректерін қорғау. Бұл бағыт тек техникалық қорғаныс құралдарын енгізумен шектелмейді. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, кибергигиена мәдениетін қалыптастыру және интернеттегі қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтау да маңызды.

Түркістан облысында киберқауіпсіздікті нығайтудың негізгі бағыттарының бірі – интернет-алаяқтықтың алдын алу. Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өңірде 38 229 тұрғын үй араланып, азаматтарға интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен одан қорғану жолдары түсіндірілген. Сонымен қатар 50 460 тұрғынға жеке профилактикалық ескерту жұмыстары жүргізілген. Бұл шаралар әсіресе банк қызметтерін пайдаланатын, онлайн сауда жасайтын және электрондық мемлекеттік қызметтерді алатын азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Алдын алу жұмыстары білім беру және медицина салаларын да қамтыды. Арнайы онлайн тестілеу арқылы 218 463 оқушының, 56 563 студенттің, 86 244 мұғалімнің және 23 563 медицина қызметкерінің интернет-алаяқтыққа қатысты білімі тексерілген. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарында 710 профилактикалық кездесу ұйымдастырылған. Өңірдегі 75 LED-экран мен 90 билбордта тұрғындарды интернеттегі қауіп-қатерден сақтандыруға арналған ақпараттық материалдар орналастырылып келеді.

Киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда жастардың да үлесі артып отыр. 2026 жылғы 27 шілдеде Түркістан облысы Полиция департаменті мен жастар ұйымдары арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Кездесуге 30-дан астам Жастар ресурстық орталығының басшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері мен еріктілер қатысты. Тараптар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, қоғамдық орындарда профилактикалық акциялар өткізу және әлеуметтік желілерде қауіпсіздік туралы ақпараттық контентті көбейту жөнінде уағдаласты.

Аудандарда да нақты шаралар қолға алынған. Мәселен, Сауран ауданында 300-ге жуық тұрғынның қатысуымен интернет-алаяқтықтың алдын алу жөнінде түсіндіру кездесуі өтті. Қатысушыларға күмәнді қоңыраулар мен жалған хабарламаларды ажырату, жеке мәліметтерді қорғау және қаржылық операциялар кезінде сақ болу жолдары түсіндірілді. Түркістан қаласында тұрғындарға мыңға жуық ақпараттық жадынама таратылса, Келес ауданында ауыл тұрғындарымен кездесулер ұйымдастырылды.

Өңірде цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да киберқауіпсіздікпен қатар жүруі тиіс. Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, электрондық мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және цифрлық сервистерді енгізу барысында ақпаратты қорғау талаптарының сақталуы маңызды. Себебі интернетке қосылған әрбір жаңа құрылғы мен жүйе ақпарат алмасу мүмкіндігін кеңейткенімен, оны қорғауға деген жауапкершілікті де арттырады.

Мамандар азаматтарға қарапайым кибергигиена талаптарын сақтауға кеңес береді. Банк картасының деректерін, құпиясөздерді және SMS арқылы келетін бір реттік кодтарды бөгде адамдарға бермеу, белгісіз сілтемелерге өтпеу, күмәнді қосымшаларды жүктемеу қажет. Сондай-ақ әрбір аккаунтқа күрделі құпиясөз орнатып, мүмкіндігінше екі факторлы растауды қосқан жөн. Қаржы ұйымдарының немесе мемлекеттік мекемелердің атынан хабарласқан адамдарға бірден сенбей, ақпаратты ресми байланыс арналары арқылы тексеру маңызды.

Цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігі тек мемлекеттік органдардың немесе арнайы мамандардың міндеті емес. Ол – әрбір азаматтың жеке деректеріне жауапкершілікпен қарауынан, ұйымдардың ақпараттық жүйелерді қорғауынан және қоғамның цифрлық сауаттылығынан қалыптасатын ортақ мәдениет. Сондықтан «Қазақстанның киберқалқаны» бастамасының өңірлік деңгейде жүзеге асуы Түркістан облысында цифрлық қызметтерді қауіпсіз пайдалануға, интернет-алаяқтықтың алдын алуға және тұрғындардың ақпараттық қорғалуын күшейтуге бағытталған маңызды жұмыс болып саналады.

 

Leave a reply