Воскресенье, 22 ноября

DIGITAL QAZAQSTAN: ТҮРКІСТАНДА ЦИФРЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ

0
22

Қазақстанда цифрландыру енді жекелеген мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшірумен шектелмейді. Алдағы жылдары жасанды интеллект, үлкен деректер, автоматтандыру және заманауи технологиялар мемлекеттік басқарудан бастап өндіріс пен ауыл шаруашылығына дейін кеңінен енгізіледі. Бұл өзгерістердің негізгі бағдары – 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы. Құжат еліміздің технологиялық даму бағытын айқындап, цифрлық шешімдерді азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және экономиканың тиімділігін арттыруға бағыттайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 9 маусымда «Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы» №1311 Жарлыққа қол қойды. Ал 26 тамызда Үкімет стратегияны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Осылайша, елдің цифрлық дамуы нақты міндеттер мен көрсеткіштерге негізделген жаңа кезеңге өтті.

Стратегия үш негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – азаматтардың мүддесі үшін цифрландыру. Мұнда білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, қауіпсіздік және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігіне басымдық беріледі. Екінші бағыт – бизнес пен экономиканы цифрлық трансформациялау. Ол өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларында технологиялық шешімдерді кеңінен қолдануды көздейді. Үшінші бағыт мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға арналған. Бұл бағытта деректерді біріктіру, мемлекеттік ақпараттық жүйелердің өзара байланысын күшейту және жасанды интеллектіні басқару үдерістеріне енгізу қарастырылған.

Стратегияның маңызды ерекшелігі – мемлекеттік қызметтерді азаматтың сұранысын күтпей ұсынатын проактивті жүйеге көшіру. Мәселен, азаматтың өміріндегі белгілі бір жағдайға байланысты қажетті қызметтерді мемлекеттік жүйелер өзара дерек алмасу арқылы анықтап, тиісті ұсыныстарды автоматты түрде қалыптастыруы мүмкін. Үкімет бекіткен жоспар бойынша 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсетуге кететін уақытты кемінде 50 пайызға қысқарту көзделген. Сонымен бірге мемлекеттік қызметтердің кемінде 40 пайызын жасанды интеллект, проактивті формат және автоматтандыру арқылы трансформациялау жоспарланған.

Бұл міндеттер Түркістан облысы үшін де маңызды. Өңірде цифрлық қызметтерді пайдалану деңгейі жоғары. 2026 жылдың тоғыз айында облыс тұрғындарына 19 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 98 пайызы электрондық форматта ұсынылған. Бұл азаматтардың мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, қажетті қызметтерді онлайн алу мүмкіндігі кеңейгенін көрсетеді. Ал Түркістан қаласында ашылған Smart Point цифрлық орталығы тұрғындарға электрондық сервистерді өздігінен пайдалануды үйретіп, цифрлық сауаттылықты арттыруға көмектеседі.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту да стратегияның негізгі міндеттерінің бірі. Түркістан облысында «Қазақстанның инклюзивті экономикасы үшін жеделдетілген цифрландыру» жобасы аясында 212 ауылдық елді мекенді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көзделген. Жоба 387 мыңға жуық тұрғынды және шамамен 68 мың үй шаруашылығын қамтиды. 2026 жылғы 22 қазанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Дүниежүзілік банк өкілдері өңірге жұмыс сапарымен келіп, құрылыс барысымен танысты. Сол кездегі мәлімет бойынша, 26 ауылда конкурс жарияланып, 17 елді мекен бойынша келісімшарт жасалған. Алғашқы бес ауылда жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл бастама шалғай елді мекендердегі тұрғындарға білім беру, медицина, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта пайдалануға мүмкіндік береді.

Адам капиталын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Түркістандағы Woosong University Kazakhstan IT университеті болашақ технология мамандарын даярлауға бағытталған. Ал Turkistan Hub аймақтық IT-хабы жастардың бағдарламалау, жасанды интеллект және стартап әзірлеу дағдыларын жетілдіруіне жағдай жасап отыр. Хаб ашылғалы бері 3 500-ден астам оқушы мен студент қатысқан 225-тен астам іс-шара өткізілген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ашылған AI STARTUP HUB инновациялық кеңсесі де жасанды интеллект негізіндегі жобаларды әзірлеу мен технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

Әлеуметтік салада AI-Jan платформасы ерекше маңызға ие. Жоба білім беру ұйымдарында буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану және құқықбұзушылық тәуекелдерін ерте анықтауға арналған. Оның негізгі ерекшелігі – анонимді хабарлама қабылдап, түскен ақпаратты жасанды интеллект арқылы талдау. Бұл мамандарға мәселені асқындырмай, алдын алу шараларын уақытылы ұйымдастыруға көмектеседі.

Экономикалық бағытта цифрлық технологияларды нақты өндірістік міндеттерге пайдалану көзделген. Мәселен, Кентау қаласындағы Оранғай су тазарту станциясында SCADA автоматтандырылған жүйесі су қысымы мен шығынын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында Digital Agro бірыңғай платформасын дамыту, егістік пен мал шаруашылығы бойынша деректерді цифрлық бақылау жоспарланған. Мұндай шешімдер ресурстарды үнемдеп, өндірістік көрсеткіштерді дәл бағалауға жол ашады.

«Digital Qazaqstan» стратегиясының нәтижесі енгізілген технологиялардың санымен ғана өлшенбейді. Ең бастысы – азаматтың уақытын үнемдеу, кәсіпкердің жұмысын жеңілдету, ауылдағы интернет қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік шешімдердің тиімділігін күшейту. Сондықтан Түркістан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту, IT мамандарын даярлау және жасанды интеллектіні әлеуметтік-экономикалық салаларға енгізу жұмыстары жалғаса береді. Бұл бастамалар өңірдің технологиялық әлеуетін арттырып, заманауи цифрлық қоғам қалыптастыруға негіз болады.

 

Leave a reply