Ел болашағын тәрбиелеуге адал қызмет еткен жан

Бегжанова Ақмарал Дайрабайқызы – адал еңбек пен білімге беріктік екенін дәлелдеп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, педагог-зерттеуші. Ол 1981 жылдың 23 ақпанында дүниеге келген Ұстаздық жолға ерте түсіп, бүгінге дейін шәкірт тәрбиелеу ісіне 19 жылын арнады.
1998–2002 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтының «Құқық және экономика» мамандығын, ал 2013–2015 жылдары Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар Достығы университетінің «Бастауышты оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын тәмамдады. Осылайша, теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отырды.
Ақмарал Дайрабаевнаның еңбек жолы 2004 жылы Алматы қаласындағы Ш.Уалиханов атындағы №12 гимназиясында басталды. Мұнда ол құқық және экономика пәнінің мұғалімі ретінде қызмет етіп, жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыруға үлес қосты. 2014 жылдан бастап Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етуде. Осы кезеңде ол тек білім беріп қана қоймай, шәкірттерінің бойына адалдық пен еңбекқорлықты сіңіріп, жас ұрпақты елжанды азамат етіп тәрбиелеуді басты мақсатына айналдырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасы ұстаздың өмірлік қағидаттарымен үндесіп жатыр. Ол үшін адал еңбек – тек кәсіби міндет емес, азаматтық борыш. Акмарал Дайрабайқызы әрбір шәкіртіне әділдікпен қарап, білімді де парасатты ұрпақ тәрбиелеуді өзінің басты миссиясы деп біледі.
Ұстаздың еңбегі шәкірт жетістіктері арқылы айқын көрінеді. Оның оқушылары «Зерде» зерттеу жобалары конкурсында, «Қазақстан дарыны» байқауларында, қалалық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл табыстар – ұстаздың қажырлы еңбегі мен шәкіртке деген шынайы жанашырлығының жемісі.
Ақмарал Дайрабайқызы көптеген марапаттарға ие болған. Оның қатарында ҚР БҒМ мен Шымкент қаласы білім басқармасының алғыс хаттары, республикалық «ПедСтарт» олимпиадасының дипломы, «Үздік сабақ жоспары» байқауының жүлдесі, «AMANAT» партиясының алғыс хаты, республикалық педагогикалық журналдардан алған грамоталары бар. Бұл марапаттар ұстаздың кәсібіне адалдығы мен үздіксіз ізденісінің айғағы.
Бүгінде ол білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа арнап, өз мамандығына беріле қызмет етіп келеді. Әр шәкірттің жетістігіне қуана отырып, елге адал қызмет ететін азамат тәрбиелеуді өмірлік мұрат санайды. Осындай табанды еңбегі мен кәсібіне деген адалдығы арқылы ол «Адал азамат» болудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді.













