Еліміздегі банк басшыларының қанша айлық алатыны белгілі болды

0
114

Finance.kz Telegram-арнасы 2022 жылдың банк маусымына қорытынды жасап, елдегі банктердің басшылары қанша жалақысы алатынын жариялады, деп хабарлайды Infonews.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Finance.kz ұсынған кестеде банктердің басқарма басшыларының 1 жылда алған төлемдерінің көлемі жарияланған. Сонымен қатар айына орта есеппен қанша жалақы алатынын да есептеп көрген.

“Forte Вank басқарма құрамының әр мүшесіне ай сайын орта есеппен 48,4 миллион төлеп, тізімнің басында тұр. Былтыр банк басқарма құрамындағы шетелдіктерді қазақстандық қызметкерлермен ауыстырған. Иә, бізде екі Kaspi бар, біріншісі банк, екіншісі де банк, бірақ атауы бөлек және смартфонымызда дәл осы нұсқасы орнатылған”, – делінген жазбада.

Finance.kz

Finance.kz

Басқарма мүшелеріне төленген жалақы мөлшері бойынша RBK банкі екінші орында тұр. Екінші деңгейлі банкте 4 басқарма мүшесіне 1 миллиард 521 миллион теңгеден астам жалақы төлеген. Әр басшыға орта есеппен ай сайын 31 699 855 теңге төленіпті.

Ал үшінші орында Altyn банкі тұр. Банк 5 басқарма мүшесіне 1 миллиард 355 миллион теңгеден аса қаржы төлеген. Орта есеппен олар ай сайын 22 587 718 теңге алыпты.

Halyk Bank 12 басқарма мүшесіне 2 миллиард 924 миллион теңге төлепті. Сәйкесінше басқарма мүшелері ай сайын 20 308 961 теңге алған.

Алғашқы бестікте Bereke банкі де бар. Екінші деңгейлі банк басқарма құрамындағы 12 басшыға 2022 жылы 2 миллиард 843 миллион теңге төлеген. 12 айға бөлгенде әр басшы ай сайын 19 748 925 теңге жалақы алыпты.

Home Credit банкі 3 басқарма мүшесіне 337 миллион теңге төлепті. Ал ай сайын олар 9 362 914 теңге жалақы алған. Jusan банкінде барлығы 8 басқарма мүшесі бар. Оларға 2022 жылы 828 миллион теңгеден астам немесе ай сайын әрқайсысына 8 631 608 теңге төленіпті.

Еуразиялық банк басқарманың 9 мүшесіне ай сайын 8 457 638 теңге (барлығы 913 миллион теңге) төлеген. Kaspi Bank басқарма құрамындағы 3 басшыға әр айда орта есеппен 5 945 240 теңге төлепті.

Айта кетейік, жалпы сомаға 1 жыл көлемінде алған жалақы, үстеме ақы мен бонустар секілді өзге де төлемдер қосылған.

Leave a reply