
Түркістан облысында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын цифрландыру жаңа кезеңге қадам басты. Өндірістік желілерді автоматтандыру, жылыжайдағы температура мен суаруды қашықтан басқару, егістік алқаптарын цифрлық бақылау және су ресурстарын үнемдеу – өңір экономикасын жаңғыртудың маңызды бағыттарына айналып отыр. Заманауи технологиялар кәсіпорындардың жұмысын оңтайландырып қана қоймай, шаруалардың шығынын азайтып, өнім сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні экономиканың негізгі салаларына енгізуді стратегиялық міндет ретінде белгілеп келеді. 2026 жылғы Жолдауда да технологиялық жаңғыру, өндірістік процестерді автоматтандыру және цифрлық экономиканы дамыту мәселелеріне басымдық берілді. Осы міндеттер аясында елімізде Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылып, агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың алты бағыты айқындалды. Оның ішінде мемлекеттік қолдау қызметтерін бірыңғай жүйеге біріктіру, мал және өсімдік шаруашылығындағы бақылауды жетілдіру, жер ресурстарын басқару және фермерлерге цифрлық құралдарды енгізуге жағдай жасау көзделген.
Түркістан облысының өндірістік әлеуеті кеңейген сайын кәсіпорындарда заманауи басқару жүйелерін қолданудың маңызы артып келеді. Өңірде мақта өңдеу, тоқыма, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да бағыттарда жаңа кәсіпорындар ашылып, өндірістік инфрақұрылым жаңғыртылуда.
Мәселен, «TURAN» арнайы экономикалық аймағында 290 гектар аумақта 16 инвестициялық жоба орналастырылған. Қазіргі уақытта 665 адамды жұмыспен қамтитын алты кәсіпорын іске қосылған. Мұнда полимерлі құбырлар, буып-түю материалдары, тау-кен металлургиясына арналған жабдықтар, сэндвич-панельдер, ауыл шаруашылығы техникасы мен тоқыма өнімдерін өндіру бағыттары дамып келеді. Жаңа өндіріс орындары іске қосылған сайын жабдықтарды автоматтандыру, өнім сапасын бақылау және өндірістік процестерді цифрлық жүйелер арқылы басқару қажеттілігі де арта түседі.
Өңірдегі ірі жобалардың бірі – мақта-тоқыма кластері. 2026 жылғы қарашадағы мәліметке сәйкес, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» аясында жоспарланған 11 өндірістік нысанның сегізі пайдалануға берілген. Олардың қатарында төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбыр зауыты, иіру фабрикасы және мақта тұқымын қайта өңдеу кәсіпорны бар. Бұл өндірістік тізбек шикізатты өсіруден бастап дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі процестерді бір жүйеге біріктіруге бағытталған. Кластерде су үнемдеу технологияларын қолдану да маңызды орын алады.
Цифрландырудың нақты нәтижесін жылыжай шаруашылықтарынан көруге болады. Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешенінде температура, суару, жарықтандыру және өсімдіктердің қоректену режимін автоматты түрде реттейтін Нидерланд жабдықтары орнатылған. 2026 жылдың күзінде қосымша 37,5 гектар жылыжай пайдалануға беріліп, кешеннің бірінші кезеңіндегі жалпы аумағы 50 гектардан асты. Жылдық өндірістік қуаты 27 мың тоннаға жетті. Мұндай технология өсімдіктің өсуіне қажетті жағдайды тұрақты ұстап, су мен энергияны тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Су тапшылығы сезілетін Түркістан облысы үшін автоматтандырылған суару жүйелерінің маңызы ерекше. Өңірде тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, мақта-тоқыма кластерінің шикізат базасын қалыптастыру мақсатында 52 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып мақта егілген. Сонымен бірге Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» жобасы аясында жаңбырлатып суару жүйелерін енгізуге 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл тәсіл суды белгіленген мөлшерде жеткізіп, егістікті суару жұмысын тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды.
Агроөнеркәсіп кешенін цифрландырудың тағы бір бағыты – жер мен егістік алқаптарын қашықтан бақылау. Спутниктік деректер мен геоақпараттық технологиялар жердің нақты пайдаланылуын, егіс құрылымын және алқаптардың жағдайын талдауға мүмкіндік береді. Ал агродрондар егістікті бақылау, өсімдіктердің жай-күйін бағалау және қажетті агротехникалық шараларды жоспарлау үшін қолданыла алады. Өңірде ауыл шаруашылығына арналған дрон өндірісін дамыту мәселесі де халықаралық технологиялық форумдарда талқыланған.
Мал шаруашылығында да цифрлық бақылаудың әлеуеті жоғары. Мал басын сәйкестендіру, ветеринариялық деректерді электрондық есепке алу, қозғалысын қадағалау және жем-шөп шығынын бақылау шаруашылықтағы жұмысты жүйелеуге көмектеседі. Бұл бағытта бірыңғай цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелерді дамыту көзделіп отыр. Үкімет отырысында таныстырылған Digital Agro бірыңғай платформасы агроөнеркәсіп саласындағы деректерді біріктіруге бағытталған. Оның негізінде фермерлерге мемлекеттік қолдау шараларын алу, жер және мал шаруашылығы бойынша ақпаратты пайдалану, өндірістік көрсеткіштерді талдау мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланған. Мұндай жүйе шаруашылықтардың жұмысын нақты деректерге сүйеніп жоспарлауға жол ашады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Түркістан облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,5 трлн теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 1,24 трлн теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,1 пайыз болды. Бұл көрсеткіштер өңірдің өндірістік және аграрлық әлеуетінің ауқымын аңғартады.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын цифрландыру – тек жаңа жабдық орнату емес, өндірісті басқару тәсілін өзгерту. Бір кәсіпорында автоматтандырылған желі өнім сапасын тұрақтандырса, екінші шаруашылықта ақылды суару жүйесі суды үнемдейді. Ал спутниктік мониторинг пен цифрлық деректер фермерге егістіктің жағдайын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Сондықтан Түркістан облысында технологияларды нақты өндірістік міндеттерге бейімдеу, мамандардың цифрлық дағдыларын жетілдіру және инновациялық шешімдердің тиімділігін арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.













