Сайрам ауданында инвестиция тарту, өнеркәсіп ашу, ауылшаруашылығын дамыту қолға алынбақ

0
274
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Өңір басшысының бұдан бұрынғы жұмыс сапары кезінде анықталған кемшіліктерді жою және алдын алу шаралары талқыланып, осы бағытта атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
– Сайрам ауданы экономикасының басты саласы – ауыл шаруашылығы. Алайда бұл бағытта нақты жоспар да орындалмай отыр. Бұл ретте, «Ауыл аманаты» бағдарламасын нәтижелі іске асырып, жоспарды орындауға барлық мүмкіндік бар еді. Бірақ бұл бағдарлама бойынша да жоспарланған межелерге қол жеткізілмеген. Сондай-ақ өнеркәсіпті де дамыту керек. Қазір әрбір ауданның дамуына инвестиция тартудың да үлесі зор. Жұмысты күшейтіп, қажетті шараларды қабылдаңыздар. Өйткені тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз ауданға айналдыру бәріміздің ортақ міндетіміз болуы тиіс, – деген облыс әкімі аудан әкімі мен тиісті сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.
Ауданның дамуы туралы аудан әкімі Арман Сәбитов баяндама жасады. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов өз баяндамасында Сайрам ауданының өзекті мәселелеріне тоқталды.
Соның ішінде инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауылшаруашылығын дамыту, мал сою бекеттерінің жұмысы, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, көпқабатты үйлердің қасбеттері, елдімекендердегі демалыс орындарымен парк, скверлерді ретке келтіру секілді мәселелер бар. Мәжілістегі тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктелді.

Leave a reply