Үйден басталған кәсіп – ананың арманы жүзеге асты

Бүгінгі таңда өз ісін бастауға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары – қоғамдағы әлеуметтік белсенділікті арттырып қана қоймай, отбасылық табыстың да артуына ықпал етіп келеді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған жанның бірі – Кентау қаласының тұрғыны, алты баланың анасы Алиева Жадыра.
Жадыра ханым 2025 жылдың I легінде мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанып, үй жағдайында тамақ өнімдерін дайындау кәсібін бастап кетті. Қазіргі таңда ол манты, тұшпара, лагман секілді жартылай дайын өнімдерді өз қолымен әзірлеп, қала дүкендеріне жеткізуде. Еңбегінің арқасында кәсібі алға басып, тұрақты тұтынушыларын қалыптастырып үлгерді.
Кәсіптің берекесі – құралдың қолда болуы
Мемлекеттік грант есебінен алынған арнайы тамақ дайындау және орау құрылғылары Жадыра ханымның жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, өнім сапасын жақсартуға жол ашты. Бұл – уақытты үнемдеп, көлемді жұмыс атқаруға мүмкіндік береді.
«Алты баланың анасы ретінде уақытымды тиімді жоспарлап, үйден шықпай-ақ табыс табудың жолын іздедім. Мемлекеттік грант – сол арманымның орындалуына себепкер болды», – дейді кәсіп иесі.
Жадыра алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, шағын цех ашып, қосымша жұмыс орындарын құруды мақсат етіп отыр. Бұл – өз кәсібін ғана емес, қоғамға да пайда келтіру жолындағы игі қадам.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант дегеніміз не?
Қайтарымсыз грант – бұл азаматтарға кәсіп бастау үшін мемлекет тарапынан тегін берілетін қаржылай қолдау. Грант қаражаты тек кәсіпті дамытуға бағытталуы тиіс және оны қайтару міндетті емес.
Грант алу шарттары:
-
«Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерінен оқудан өту;
-
Жұмыссыз ретінде тіркелу немесе әлеуметтік осал топқа жату;
-
Нақты, іске асыруға болатын бизнес-жоба дайындау;
-
Арнайы комиссияның мақұлдауынан өту.
Грант көлемі 400 АЕК-ке дейін (шамамен 1,5-2 млн теңге аралығы) беріледі және ол тек құрал-жабдық, жабдықтау немесе жұмысқа қажетті заттар алуға жұмсалуы тиіс.
Отбасына тірек, қоғамға үлгі
Алиева Жадыра – тек өз отбасы үшін ғана емес, қоғам үшін де үлгі болатын еңбекқор ана. Оның табандылығы мен іскерлігі жастарға, көпбалалы аналарға және өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға нақты мотивация бола алады.
Мемлекет көрсеткен мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып, еңбек етіп, адал табысқа жету – нағыз табысты кәсіпкерліктің бастамасы.












