САРАНЫҢ СЫРЛЫ ӘЛЕМІ
Саракүл Еркінбекқызы 1958 жылы мамырдың 2-ші жұлдызы күні Түркістан ауданы «Үшқайық» елді мекенінде дүниеге келді. Саракүл Еркінбекқызы ауылда, ұлттық болмыстың ортасында, өнегелі отбасында тәрбие көргенінен болар, өзінің өмір жолын ұрпақ тәрбиесіне арнады. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» – демекші Үшқайық ауылының А.Үсенов мектебінде оқып жүрген кезінде түрлі іс – шараларға қатысып, жастайынан көзге ілікті. 1976 – 1980 жылдары аралығында Шымкент педагогикалық институтының «Бастауыш сынып мұғалімдерін әдістемелік-педагогикалық тұрғыдан дайындау» факультетін бітірді. Жоғары оқу орынын оқып жүрген кезінде оқу орнының мақтанышы, комсомол ұйымының басшысы, жалындаған жастардың жетекшісі болса, сол дәуірдің қарқынымен 1982 жылы пионерлер үйіне қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер орталығына үйірме жетекші болып жұмысқа қабылданып осы ұжымның ісіне белсене араласып біте қайнасып кетті. Балалар мен жасөспірімдер орталығынан педагогикалық қызметі басталды.
1982-1989 жылдар арасында Балалармен жасөспірімдер орталығында мәдени іс-шара ұйымдастырушы, 1989-1992 жылдары әдіскер, ал 1992 жылдан бастап осы орталықтың директоры қызметін атқарып келді.
Саракүл Еркінбекқызы іскер басшы, білікті маман бәсекеге қабілетті, ой-өрісі кең, адамгершілігі мол, жауапкершілік сезімі жоғары, ұжым мүшелерімен дұрыс қарым-қатынас жасап, басқаның пікірімен санаса білген, қоғамда өз орны бар, іскер жеке тұлға. Өзінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздылығының, жаңашылдығы мен шығармашылдығының арқасында оқушылармен, мұғалімдермен заман талабына сай жұмыстар жүргізді.
Ол Американдық ЮСАИД агенттігімен бірлесе жұмыс жасап, орталықтың материалдық –техникалық базасын жаңаша жұмыс жасауға қажетті барлық материалдық құндылықтармен толықтырды. Сонымен қатар, «Атамекен», «Болашақ», балалар ұйымдарының жұмысы бағдарламаларын мектептердің оқу-тәрбие жұмыстарында жүзеге асыруда іс-тәжірибесі жоғарғы деңгейде жүргізіліп облыс көлеміне таратылды.
Сара Еркінбекқызы Республикалық қоғамдық бірлестігі «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын алып баруда үлкен рөл атқарды. «Жас Ұлан» ұйымының жұмысын жүргізуде семинарлар, курстық білім ұйымдастырды.
2002 жылы орталыққа қарасты балалардың жазғы сауықтыру демалыс «Балауса» лагерінің жұмысын жақсы атқарғаны үшін 2003 жылы Облыс көлемінде «Таңдаулы жазғы демалыс лагері-2003» атағын жеңіп алса, 2005 жылы дәл осындай аталымды тағы да жеңіп алды. Сондай-ақ 2004 жылғы 12-ші қазанда Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінің делегаты.
Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының Федерациясының дипломымен балалар мен жасөспірімдердің 2008 жылы жазғы демалысын жақсы ұйымдастырғаны үшін Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Халықаралық «Түркістанды аңсау» оралмандардың мәдени-этнографиялық фестивалі аясында өткізілген қолөнер шеберлері байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылықтарын шыңдау, әдептілік қасиеттерін қалыптастыру, жас таланттарды жарыққа шығару мақсатындағы жыл сайын ұйымдастырылатын қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеде өткізілетін өнер фестивальдері мен конкурстарда тек жүлделі орындарды иеленіп келді, әсіресе облыстық фестивальдерде қатарынан он жыл бойы бас жүлдені иеленді.
Онтүстік Қазақстан облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Ұлы жеңіске тағзым» -2010 жылы, «Бірлігіміз жарасқан» -2011жылы, «Өнер құдіреті – мәңгілік» – 2012 жылы, «Тарихқа толы мәдени өлке Оңтүстік» -2013 жылы, «Қазақстан -2050 стратегиясы: Бір халық, бір ел, бір тағдыр» – 2014 жылы Лауреаттық дипломдары «Бас жүлдесімен» марапатталды.
Білім мен өнерді ұштастырып өнер әлеміне самғап, өнерлерін өрге қарай өрлеткен жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанған Қазақстанға кеңінен танымал көптеген өнерпаздарды шығарды.
Балалар мен жасөспірімдер орталығының түлегі Чайковский музыка колледжінің студенті Исабекова Жадыра «Шіркін лайф 2» тележобасына қатысып, көрермен ықыласына бөленсе, Мұстафаев Бақытжан өз өнерімен Республика көлемінде танылды. Халқымыздың төл өнері «Айтыс» жанры бойынша Еркебұлан Қайназаров үлкен өнер сайыстарында бәйгеден оза шауып жүр және басқа да оқушыларымыз өнер саласында балалар орталығының жас өнерпаздары Серікбаев Еркебұлан сынды оқушыларымыз Халықаралық Болгарияда, Испанияда, Италияда өткен өнер фестивалдерінде Республика атын әлемге танытты.
Өнер жолына балалар мен жасөспірімдер орталығынан бастау алған, тәрбиеленген, көптеген байқауларда «Бас жүлдесін» алып жүрген, ХҚТУ-дың түлегі, әнші өнерпазы 2003 жылғы Республикалық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері, 2005 жылғы «Жас Қанат» байқауының «Алтын қауырсынын» жеңіп алған Нұржан Қалжановқа орталықтың басшысы Саракүл Еркінбекқызының еңбегі ерен.
Орталықтың оқушылары Әбсаттар Жайна, 7-11 сынып оқушылары арасында өткен «Жарқын болашақ» 6-республикалық олимпиадасына қатысып оқу орнының Грантын жеңіп алса, Инаят Жандос ХҚТУ-нің грантын иемденді.
2007 жылы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Білім ұясы» ІІ республикалық байқауына қатысып, «Бас жүлде» және «Білім ұясы» таңдаулы мектептен тыс ұйым атағын жеңіп алып, Білім және ғылым министрлігінің грамотасымен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арналған ашық облыстық «Көктемгі найзағай» туристік слетінде бас жүлдені жеңіп алды.
Балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс уақытын тиімді ұйымдастыру жұмысына қосқан үлесі үшін, білім саласындағы игі істерін ескере отырып Саракүл Еркінбекқызы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен -1997 жылы, 2000 жылы «Жыл адамы» құрметіне ие болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төс белгісінің иегері-2007жылы, Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер белгісінің иегері -2010 жылы, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалінің иегері-2011жылы, Облыс әкімінің Алғыс хатымен, қала әкімінің Құрмет грамотасымен, Облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен, Қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Түркістан қалалық филиалының Саяси кеңесінің Алғыс хаттарымен, Оңтүстік Қазақстан облысына еңбегі сіңген қызметкер төсбелгісімен марапатталды.
Саракүл Еркінбекқызы – ұстаздық жолында талай асуларды бағындырып, осы жолда биік белестерден өтті. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің 2014 жылғы 25 қарашадағы өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Республикалық «Білім шыңы-Ғылым сыры» редакциясының арнайы комиссияның 2015 жылғы 26 желтоқсандағы шешімі бойынша «Мәртебелі мектеп директоры» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 5 желтоқсандағы жарлығы бойынша «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2017 жылы Түркістан қаласының әлеуметтік экономикалық, мәдени және рухани дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Түркістан қаласының «Құрметті азаматы» атағын иемденді. Әріптестері арасында беделді басшы, отбасында сүйікті жар, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған аяулы, ардақты ана, мейірімді әже.
Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Адам ұрпағымен мың жасайды деген сөз тегін айтылмаса керек.
Отаннан кейінгі қасиетті ұғым –отбасы.
Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Осындай үлгілі отбасының бірі киелі Түркістан қаласының Құрметті азаматтары Таңғатаровтар отбасы, Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы.
Отбасының берекесі – ері мен әйеліне байланысты екені даусыз.
Отбасының ұйытқысы, Отағасы Таңғатаров Асылбек Мақұлбекұлы – Түркістан қаласының бірінші сайланған мәслихат депутаты, алғашқы қалалық мәслихаттың хатшысы, отанасы ардақты ана, аяулы әже Таңғатарова Саракүл Еркінбекқызы бақытты ана, ардақты да аяулы ұстаз. Ләззат САРЫБАЕВА.