Вторник, 10 июня

ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ҮЛГІДЕ САЛЫНҒАН САЯБАҚТАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

0
11

Облыс орталығы жыл өткен сайын көркейіп, арнайы демалыс аймақтарының саны артып келеді. Бұл жұмыстар қалаға келуші туристердің қатарын арттыруға септігін тигізетіні анық. Сонымен, Түркістан қаласы тағы бір демалыс аймағымен толықты. Түркістанда жаңа үлгіде бой көтеріп жатқан саябақтар өте көп. Өңірді абаттандыру бағытында түрлі жұмыстар жолға қойылған, аталған бағытта тұрғындар назарына бірқатар мәліметтер ұсынамыз. Бүгінде шаһардың Әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген жасанды көлі бар саябақ ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Жаңа нысанның ашылу салтанаты балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келіп, жоғары деңгейде өтті.

Түркістан төрінде табиғатпен тығыз байланыс орнататын, демалып серуендейтін нысан қатары артқан. Мұндағы мақсат — қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет» деп айтқан болатын. Бұл саябақ – қаланың экологиялық, туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тың жобалардың бірі. Саябақ Түркістанның жасыл қалаға айналуына үлкен септігін тигізеді. Жалпы Түркістанда 109 саябақ пен скверлер қызмет көрсетуде. Ал, бүгін ашылған саябақ 110-шы болып отыр.  Аймақта жыл санап туристер саны өсіп келеді. Демалыс орындары да ашылуда. Осылардың барлығы Түркі әлемінің орталығы Түркістан қаласының дамуына оң серпін береді.

Қалалық саябақта Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына би және театрландырылған қойылымдар ұсынылып, әуезді әндер орындалды. Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова және басқа да елімізге танымал әншілер мен домбырашы балалар тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар «Күлтегін» этно-фольклор ансамблі мен «Жастар» және «Жаңа леп» ұжымы, «Семсер» тобы халық әндері мен заманауи туындылар орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Салтанатты шара барысында балалар мен ересектерге арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, цирк, аниматорлар және армандар шары шоуы көрсетіліп, спорттық жарыстар, сурет және қыштан бұйым жасау шеберлік сағаттары өтті.

Қалалық саябақ «Жаңа қала» аумағында 12,77 гектар жерде орналасқан. Саябақта 38 438 шаршы метр жер көгалдандырылған. 8 мыңға жуық тал мен жасыл екпе егілген. Жасанды көл 19500 шаршы метр аумақты қамтиды. Су сыйымдылығы – 60 000 м3. Көл үстінен ұзындығы 92 метр жаяу жүргіншілер көпірі салынған. Сонымен қатар көл үстінде шолу алаңы, сарқырама, субұрқақтар бар. Демалыс аймағында тамақтанатын орындар, балалар алаңшалары, әкімшілік ғимараты қарастырылған. Одан бөлек, шатырлар, жарықшамдар, 270 дана орындық пен 240 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Саябақ бір күнде 600 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған.

Сонымен қатар осыған дейін Түркістанда заманауи үлгідегі жаңа «Жастар» саябағы пайдалануға берілген болатын. Бүгінде Түркістан тек облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі әлемінің рухани мәдени орталығы болып қалыптасты. Түрлі нысандар бой көтеріп, шын мәніндегі инфрақұрылымы қалыптасқан жаңа сәулетті қалаға айналды. Қаланы абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ Түркістан қаласында жасыл желектер алқабын ұлғайту мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл жаңа саябақ қалаға қосымша көрік беріп, тұрғындарымыздың демалысын жақсы өткізуге таптырмас орын болары анық.

Саябақтың жалпы алаңы – 10,5 га. Демалыс аймағында скейтборд алаңдары, шахмат клубы, өзге де ойын алаңдары, сонымен қатар, 2 шақырым жүгіру жолы және веложолдар қарастырылған. Жабық жылыжайда әртүрлі құрлықтан әкелінген өсімдіктердің 70-ке жуық түрі өсіріледі. Олардың ішінде Жерорта теңізі, Латын Америкасы, Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия және тағы басқа аймақтардың өсімдіктері бар. Пальма, фикус, тропикалық, шөл, субтропиктік, цитрус өсімдіктерімен қамтылған. Сонымен қоса оқушыларға биология сабақтарын өту мүмкіндігі қарастырылған. Саябақта құстар мен балықтар бар. Айта кетейік, Түркістан қаласында 32 саябақ, 32 сквер мен аллея, 15 жасыл алаң мен аймақ бар.
Аталған бағытта Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округі аумағынан заманауи демалыс орны салынуда. Нысанда жобада көзделген құрылыстар жүргізіліп жатыр. Бас мердігер «Болашақ Құрылыс-2020» ЖШС құрылыс барысының бірінші кезеңіне 0,5 млрд теңге салып, дәл сол аумақтан жайлы және әр түрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Жоба құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар мұнда 200 адамға арналған 4 коттедж, қонақ үйлер, глемпинг, моншалар, көне стильде салынатын Сақ моншасы, 150 адамды тамақпен қамтамасыз етуге арналған мейрамхана, техникалық және сервистік нысан, үлкен және орташа бассейн, ашық демалыс орындары салынбақ. Облыс тұрғындары мұнда тұмса табиғатты тамашалай алады. 60 азамат жұмыспен қамтитын демалыс аумағы 1,2 гектар жерді құрайды. Орталық бір мезетте 200 адамды қабылдайды деп жоспарланып отыр. Тек қана жазда ғана емес, жыл он екі ай демалуға жағдай жасалынады.
Сонымен бірге  Түркістан қаласында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен, жергілікті атқарушы органның қолдауымен «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің» саябағы ашылды. Жаңа саябақты ашудағы басты мақсат – жастар арасындағы экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын-алу, лудоманияға қарсы күрес және қасиетті қаланың көркеюне үлес қосу. Саябаққа Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген жолдаған көшет егілді. Еліміздің 20 өңірінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сыйға тартқан ағаш көшеттері де саябақтың көркеюіне өз үлесін қосты. Саябақтың бір ерекшелігі – республика аумағындағы қаржылық пирамидаларының тізімі жазылған QR-тақтайшалары орнатылған.

Leave a reply