ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҰДАЙЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінге дейін өңірді көгалдандыру бағытында бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асты. Түркістан облысы тұрғындарының назарына абаттандыру бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы мәлімет ұсынамыз.
Сонымен, Түркістан қаласы аумағында «Жасыл белдеу» құру мақсатында отырғызылған орман ағаштарының саны артып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Бірлік алқабындағы «Жасыл белдеу» жұмыстарымен танысып, қаладағы «Жасыл аймақ» мекемесіндегі орман тұқымбағы мен жылыжайларын аралап көрді. Өңір басшысы «Жасыл белдеуге» жауаптыларға көшеттерді күтіп-баптау және көгалдандыру жұмыстарын одан әрі жандандырып, суару жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Түркістан қаласын шаң-тозаңнан сақтап, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында, Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2019 жылы Түркістан қаласының айналасына «Жасыл белдеу» құрылды. Облыс әкімінің қолдауымен бүгінгі таңға дейін 29 544,0 ге жер мемлекеттік орман қоры санатына ауыстырылған. Оның ішінде Түркістан қаласы 2852,0 га, Сауран ауданы 19362,0 га және Отырар ауданы 7 330,0 га аумақты құрайды.
Қала айналасынан 2019-2024 жылдар аралығында жалпы 18 071,0 га жерге әртүрлі жапырақты ағаштар отырғызылған. Атап айтсақ, жапырақты ағаш көшеттері – 8 337,0 га, сексеуіл екпелері – 9 734,0 га. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев «Жасыл белдеудің» қазіргі жағдайы туралы мәлімдеп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Орман екпелерін суару мақсатында 237 ұңғыма қазылып, «Арыс-Түркістан» каналы, «Қосқорған» су қоймасы мен Қарашық өзенінен су тарту жүйелері орнатылды.
Қазіргі таңда мекеменің аумағында 90 % электр желісі тартылған. Электр желісі тартылған учаскелерде 24 сағат суару мүмкіндігі бар. Ал қалған 10 % бензинді және дизельді мотопомпалармен суарылады. Мекемеде 100 гектар жер аумағында ағаш-бұта көшеттерін өсіруге тұрақты және 20 гектар уақытша орман тұқымбағы ұйымдастырылған. Тұқымбақтардың көлемін ұлғайту, климаттық жағдайды жақсарту бағытында заманауи тұқымбақ құрылды. Бүгінгі таңда, 1,0 га аумақты көленкелеу, тамшылатып суару жүйесін орнату, 6 жылыжай кешені мен ауқымды су жинау бассейні мен жылыту қазандығы және орманшылар үйі салынды.
Оған қоса «Таза Қазақстан» науқаны аясында Түркістан облысында жыл басынан бері 2600- ден аса тазалық жұмыстары атқарылған. Бүгінгі таңда өңірде жүзеге асыру жоспарланған 7263 іс-шараның 2614-і өткізілді. Жалпы 458657 тұрғын белсенділік танытып, өз қалалары мен ауылдарын тазартуға үлес қосты. Бұл жұмыстарға 2980 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, 509 мың көшет отырғызылып, 9143 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде баяндалды. Аймақ басшысы тазалық, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруды тапсырып, бұл жұмыстар тікелей өз бақылауында екенін жеткізді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 2320 өтінім түскен. Оның ішінде, 2 308-і орындалған болса, 12 өтінім орындалу барысында. Қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға жыл басынан бері 10 570 хаттама толтырылып, 262,5 млн теңге айыппұл салынды. Оның 142,6 млн теңгесі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21 %-ға өскен.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аэровизуалды мониторинг нәтижелерін «109» өтініштерді өңдеу жүйесіне интеграциялап, байланыстыру жұмыстары қолға алынды. Елімізде алғаш рет енгізіліп отырған бастама жедел әрекет етуге мүмкіндік бермек. Осыған орай, жауаптыларға аудан, қала әкімдіктерін арнайы дронмен қамтамасыз етіп, бейнематериалдар мен фотодеректерді «109» жүйесіне жедел жүктеу арқылы ретке келтіру бойынша тапсырма берілді. Одан бөлек, жиын барысында кемшіліктер де айтылып, өзекті мәселелер ортаға салынды. Мәселен, елді мекендерден қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау мәселесі толықтай реттелмеген. Мәжілісте қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін Түркістан қаласында пилоттық режимде енгізу ұсынылды. Ұсынылған модель бойынша қалдықтар 5 негізгі категорияға бөлінеді. Атап айтқанда, қағаз, шыны, металл, электронды қалдықтар мен пластиктер салуға арналған арнайы контейнерлер орнатылмақ. Өңірді көркейту, қоршаған орта тазалығын сақтау бағытында облыс халқы мен мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеуі қажет.
Жалпы Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде, жергілікті полиция қызметінің полицейлерімен белгіленбеген орындарға қоқыс шығару, жалпы пайдалану орындарын абаттандыру қағидаларын бұзу жайттарының 11 440 дерегінің жолы кесілді. Оның ішінде, жалпы пайдалану орындарын ластаған 9406 азаматқа және абаттандыру ережелерін бұзған 2034 тұрғынға шара көрілді.
Мәселен, Отырар ауданы аумағында орналасқан қоқыс полигонын тексеру кезінде жазық далада коммуналдық қалдықтар шашылып жатқаны анықталды. Құқық бұзушыға қатысты құжаттар жинақталып, тиісті шара көру үшін Экология департаментіне жолданды. Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында заңнаманы бұзу фактілеріне тосқауыл қоюға, сондай-ақ елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жандандыруға бағытталған.