Ұрпаққа адалдықпен қызмет еткен ұстаз

0
50

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» тұжырымдамасында ел дамуының басты тірегі – әділдік пен адал еңбекте екенін атап көрсеткен. Бұл қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырып, тұтас ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған азаматтар қоғамымыздың нағыз тірегі болып қала бермек. Солардың қатарында тәжірибелі ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы Солтанбеков Серік Мухитбекұлы бар.

1958 жылы дүниеге келген ол жас кезінен ғылым-білімге құштар болып өсті. Абай атындағы Қарағанды педагогикалық училищесін, кейін академик Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, алған білімін шәкірт тәрбиесіне арнады. 1978-1985 жылдар аралығында Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы «Ақши» орта мектебінде техникалық еңбек, сызу және бейнелеу өнері пәндерінен сабақ берді. Осы жылдар ішінде 1978-1981 жылдары әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын адал атқарды.

1985-1996 жылдары Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернат пен М.Жұмабаев атындағы орта мектепте сызу, бейнелеу өнері және қазақ тілі мен әдебиетін оқыта жүріп, талай шәкірттің бойына еңбекқорлық пен ізденіс дәнін септі. Ал 1997 жылдан бастап күні бүгінге дейін Шымкент қаласындағы қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, ұлт болашағына қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол талай мәрте қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болды. 2006 жылы республикалық пән олимпиадасында жүлдегер дайындағаны үшін алғыс хатпен марапатталса, 2007 жылы қазақ әдебиетінен ғылыми жоба жүлдегерін тәрбиелегені үшін құрметке бөленді. 2011, 2013, 2017 жылдары «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасында шәкірттері жүлделі орындар иеленіп, KATEV халықаралық қоғамдық қорының алғыс хаттары мен грамоталарын әкелді. 2014 және 2016 жылдары «Қазақстан білім олимпиадасында» үздік оқушылар дайындағаны үшін арнайы мақтау қағаздары табысталды.

Серік Мухитбекұлы шәкірт жетістігімен ғана емес, әділ қазылық қызметімен де ерекшеленді. 2013, 2015, 2017, 2025 жылдары республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінде әділқазы алқасының құрамында болып, өз адалдығын іс жүзінде көрсетті. 2014 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысына еңбек сіңіргені үшін» медалімен марапатталуы – оның ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға.

Ол үшін ұстаздық – жай ғана кәсіп емес, елге қызмет етудің, адал азамат болудың басты жолы. Шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі, әділ көзқарасы, білімге деген адалдығы Президент Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының айқын үлгісі болып табылады.

 

Leave a reply