
Кентау қаласының тұрғыны Адай Марияш 2025 жылы Мемлекеттік гранттың алғашқы легінде жеңімпаз атанып, өз кәсібін бастауға зор мүмкіндік алды. Бір жарым миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант оған көптен бері жоспарлап жүрген тігін ісін жолға қоюға жол ашты. Алынған қаражатқа Марияш арнайы тігін машиналарын сатып алып, бүгінгі таңда қыз жасауы мен әртүрлі арнайы киімдер тігуді қарқынды түрде жүргізіп келеді. Өз ісіне деген қызығушылығы мен талабы оның кәсібін алға жетелеп, нәтижесінде алғашқы тапсырыс берушілері де көбейе түскен.
Марияштың мақсаты – тек жеке табыс табу емес, болашақта кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын ашу. Ол алдағы жылдары қол астына тігін мамандарын алып, өндіріс ауқымын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл оның жеке табысын ғана емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына да өз үлесін қосарына сөзсіз.
Кентау қаласында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекет тарапынан берілетін гранттар екі лек бойынша қаралып, жалпы 89 азаматтың жобасы комиссия шешімімен мақұлданған. Бұл – қалада шағын және орта бизнестің дамуына берілген нақты серпін.
Сонымен қатар, 2025 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, Кентау қаласында 2000-нан аса жұмыссыз азаматты тұрақты жұмысқа орналастыру көзделген болатын. Бүгінгі таңда олардың 1057-сі жұмыспен қамтылып үлгерді. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасы аясында қалада 1000 жұмыс орнын ашу жоспарланса, жеке бастамалардың нәтижесінде барлығы 1270 жаңа жұмыс орны құрылған.
Бұл көрсеткіштер мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі екенін аңғартады. Гранттар, жеңілдетілген бағдарламалар және жұмыспен қамту шаралары кәсіпкерлік белсенділікті арттырып қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.
Адай Марияштың мысалы – еңбекқорлық пен ерік-жігердің, мемлекеттік қолдаудың дұрыс пайдаланылғанының айқын көрінісі. Осындай жас кәсіпкерлер көбейген сайын, Кентау қаласының да экономикасы дамып, жаңа жұмыс орындары ашыла беретіні сөзсіз.













