
Кентау қаласының тұрғыны Джауынбаева Эльвира биылғы мемлекеттік гранттың алғашқы легінде жеңімпаз атанып, өз арманындағы кәсіпті бастауға нақты қадам жасады. Көптен бері жоспарлап жүрген қамыр өнімдерін дайындау ісін жолға қою үшін алған бір жарым миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант оған үлкен серпін болды. Эльвира грант қаражатына кәсібіне қажетті духовка, миксер, микротолқынды пеш, қамыр жаятын арнайы құрылғы сияқты жабдықтарды сатып алып, бүгінгі таңда жартылай дайын тағамдардың 30-ға жуық түрін әзірлеп, тұрғындарға ұсынып отыр.
Оның өндірісіндегі өнімдер – үй жағдайында жасалған, табиғи және дәмі ерекше тағамдар. Бұл сұраныстың артуына негізгі себептердің бірі. Эльвира өз кәсібін енді ғана бастап жатқанымен, тапсырыс көлемі күннен-күнге ұлғайып, тұрақты тұтынушылары қалыптаса бастады. Кәсіпкердің басты мақсаты – алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, қосымша жұмыс күшін тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу. Ол өз кәсібінің табысты болуына еңбек пен жауапкершілік қана жеткізетінін жақсы түсінеді.
Кентау қаласында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында мемлекет тарапынан берілетін гранттар екі кезең бойынша қаралып, жалпы 89 азаматтың жобасы комиссия шешімімен мақұлданды. Бұл қаланың шағын және орта бизнесін дамытудағы маңызды қадамдардың бірі саналады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Еңбек адамы – ел дамуының негізі. Іске батыл кірісіп, жаңа кәсіп ашқан әр азамат мемлекет тарапынан қолдауға лайық» деп атап өткен болатын. Шынында да, жаңа іс бастап, өз еңбегіне сенім артып, табыс табуға ұмтылған адамдар – экономиканың тірегі.
Эльвираның адал еңбегі мен тынымсыз талпынысы көптеген адамға үлгі болары сөзсіз. Оның кәсібі – тек жеке жетістік емес, Кентау қаласында еңбек мәдениетінің, кәсіпкерлік әлеуеттің артқанын көрсететін көрініс. Жаңа идеялар мен жаңа бастамалар қолдау тапқан сайын, қалада да, елде де еңбек адамының рөлі күшейіп, тұрақты даму жолы кеңейе береді.
Кентаулық кәсіпкердің табысты бастамасы – мемлекеттік қолдаудың тиімділігін көрсететін жарқын мысалдардың бірі.













