ТҮРКІСТАНДЫҚ ШЕБЕР ҰСТАЗ

0
122

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дейді ұлы Абай. Жас шыбықтай иілгіш баланы жақсы жолға жетелеп, тағылымды тәрбие мен тәртіпке баулитын ұстаздардың мәртебесі қашан да биік. Өмірде өнегелі ізі қалған текті тұлғалардың өзі де қандай жағдай болмасын ұстаздардың ұлағатын ұмытпаған. Адам үшін қайбір белеске шықса да, қайбір биіктен көрінсе де ең әуелі сауатын ашып, санасына білім сәулесін шашқан шуақты жандардың орны айрықша болары сөзсіз.

«Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер!» деп қазақ бекер айтпаса керек. Халқымыздың даңқты перзенті, батыр Бауыржан Момышұлы «ұстаз – ұлық емес, ұлы міндет» дейді. Осы ұлы міндет жолында маңдай тері мен қажырлы еңбегін қалтқысыз жұмсап келе жатқан жандардың бірі – Ақбаян Тұрсынбаева. Саналы ғұмырын балаларға білім беруге арнап жүрген ардақты жан технология пәнінің мұғалімі. Түркістан қаласында дүниеге келген ұстаз 1999 жылы Түркістандағы индустриалды-педагогикалық колледжді бітіріп, 2004 жылы жоғары оқу орнына қабылданған. Жоғарғы оқу орнын 2007 жылы аяқтаған. Білім мен еңбекті қатар ұстаған Ақбаян Алиакбарқызы алғашқы ұстаздық жолын 1999-2007 жылдары аралығында қаламыздағы Т.Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінен бастайды. Ал, 2007 жылдан бері қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 мектепте қызмет етіп келеді. Әрдайым шәкірттердің шабытын шыңдайтын шебер ұстаз әрбір ұл-қызды қолөнерге үйретіп, ептілікке баулуды басты мақсаты деп санайды. Балалармен жұмыс істегенді жаны сүйетін білікті маман бір жағынан оқушылардың  үлгілі  де  сүйікті  сынып  жетекшісі.

Сонымен қатар, жоғары санатты, педагог-зерттеуші. Айта кетерлігі жоғары білікті маманның жеткен жетістіктері де аз емес. Киелі шаһардың жарқын болашағы ауқымды жұмыстар атқарып, осыған дейін өз саласы бойынша республикалық, облыстық, қалалық байқауларда топ жарған. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында тамыз педагогикалық оқу кезінде шеберлігімен дараланып, І-орынды иеленсе, республикалық үздік педагогикалық идея байқауында «Сәндік – қолданбалы өнер» тақырыбы бойынша авторлық бағдарлама ұсынып, жеңімпаз атанған.

Сондай-ақ, былтыр ғана Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, «Қазақстан қолөнері – төл өнері» тақырыбында ұйымдастырылған қолөнер көрмесінде құнды бұйымдарын ұсынып, үлес қосқаны үшін білім бөлімінің басшысы А.Батырбекованың алғыс хатымен марапатталса, сол жылы 2020-2021 оқу жылында білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткен қалалық олимпиадада көркем еңбек пәнінен бас жүлдеге ие болды. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері атанған Ақбаян апай 2020 жылы Алматыда өткен «Qaztest.kz» сайтында педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған ІІІ республикалық «Үздік педагог» олимпиадасында да І-дәрежелі дипломмен марапатталып, жеңімпаз атанған. Дәл осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «www.Edulife.kz» ұстаздарға арналған онлайн әдістемелік сайты ұйымдастарған педагогика пәні бойынша І республикалық «Үздік педагог» онлайн олимпиадасында да жоғары нәтиже көрсетіп, І-дәрежелі дипломмен марапатталған. Жан-жақтылықты жанына серік еткен жанның шығармашылықта да айтарлықтай жетістіктер бар. Атап айтсақ, 2020 жылы Түркістан қаласының «Балалар–жасөспірімдер туризмі өлкетану және экология орталығы» КММ Алғыс хатымен марапатталған. Одан бөлек, қолөнері мен сөз өнерін қатар ұстаған ұстаздың «Түркістан» қалалық газетіне «Наурыздың берер несібесі мол», «Азаттықтың ақ таңы», «Межесі айқын мақсаттар» атты бірнеше танымдық мақалалары да жарық көрген.

Кез келгеніміз үшін аяулы есімге айналған қадірлі жандарға құрмет көрсету перзенттік, адами борышымыз екені рас. Бауыржан Момышұлы тағы бір сөзінде: «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген екен. Осы тұста Ақбаян Тұрсынбаева апайдың өмірлік-интелектуалды тәжірибесінің арқасында қаламыздың, облыстың білім саласына қосқан елеулі үлесіне тоқталмау мүмкін емес.

Еңбек жолындағы дағдысы мен біліктілігінің арқасында оның оқушылары үлкен додаларда топ жарып келеді. Дәлірек айтсақ, Ақбаян Алиакбарқызы жетекшілік еткен Сабина Сайлаубек және Жасмина Надырова есімді оқушылар «NIO.kz» олимпиадасында жеңімпаз атанса, қалалық білім бөлімі ұйымдастырған «Есірткісіз болашақ» шығармашылық байқауының шығарма және бейнелеу өнері атты қос бірдей бағытынан Ұлдана Жақсылық жеңіске жеткен болатын. Сонымен қатар, Мерей Сейітмұхтар есімді тағы бір шәкірті «Сырдария толқыны» өлкетану фестивалінде үздіктер қатарынан көрінген. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, аяулы ұстаздан тәртіп пен тәрбиені, білім мен ізденісті қатар меңгерген оқушылар аз емес. Олар оқу-білім, спорт, өнер, қоғамдық жұмыстарда да алдыңғы қатардан көрініп, мектеп мерейін асырып келеді. Ақбаян Алиакбарқызы алдағы уақытта да талай шәкіртті шыңдап, биік белестерге жетелейтініне кәміл сенеміз. Бейнеті мен азабы көп ауыр сынды арқалаған аяулы ұстазға алдағы уақытта толағай табыс, жарқын жетістіктер тілейміз!

Leave a reply