Кәсіп жолы – нәсіп

0
107

Күрделі заманның қым-қуыт шимайында көз алдыңнан көлбеңдеп көрінетін алуан түрлі жол сүрдегі жатады, ар жағында мұнарланған асқаралы арман шыңы. Сол нысаналы биікке жету үшін өз сүрлеуіңді тауып, мақсатыңа жеткізер сара жолды айқындап алуға тура келеді.

Бүгінгі күн «Кәсіп жолы – нәсіп» дегендей, әртүрлі салада өз еңбегімен жетістікке жетіп жүрген жастар шоғыры мол. Солардың бірі кішкентай жүрегімен үлкен дүниелерге қол созған жаңақорғандық Аружан Сәпиева атты жас кәсіпкер.

Анасының «Торт жасау» өнеріне қолғабыс тигізе жүріп, үйреніп, оны жандандырып, жинаған ақшасына әкесіне көлік сыйлаған жас кәсіпкермен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Әр адамның басып өткен өмір жолы, өзіндік бағыт- бағдары болады. Сіз де өз өмір жолыңызды қысқаша таныстыра кетсеңіз?

– Әкемнің есімі Жарқынбек, анам Бақтыгүл. Үйдің үлкен қызымын, Балнұр, Аяулым, Арайлым атты үш сіңілім бар. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылының тумасымын. 11сыныпты бітірген соң, Халықаралық қазақ-түрік университетінің «филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына ақылы оқуға түстім. Жарты жылдан кейін, оқу үлгерімімнің жоғары болғанына байланысты, түркия квотасын жеңіп алдым. Қазіргі таңда 4-курс студентімін. 2020 жылы алғаш торт пісіре бастадым. Оны табыс көзіне айналдырдым. 2021жылы «Balzere School» кондитерлік мектебінің үздік шәкірті атандым.

Негізі, дүниедегі жаратылыстың ең мықтысы адам. Адамның қолынан келмейтін іс жоқ. Егер адам өзі қаласа, аспайтын асуы, бағындырмайтын шыңы болмайды. Бастысы, ниеттің дұрыстығы.

– «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Біреуі – білсем, үйренсем, оқысам деп талпынып тұрады», – дейді дана Абай.

Сіздің екінші жолды мақсат тұтып, оқудан тыс өздігіңізден іс үйреніп, талпынып, табыс көзін ашуыңызға не түрткі болды?

– Иә, дұрыс айтасыз. Өмірге келген соң, әр адамның өзіндік армандары, алға қойған мақсаттары болатыны рас. Кейде, өмірде кездесетін кедергілер қауіпті көрінеді. Бірақ, шын мәнінде олар өз жолыңды табуға жөн сілтейді. Рухыңды көтеріп, жігеріңді жани түседі. Бір анық шындық бар: кім болсаң да, нені қаласаң да, егер бір нәрсеге қатты көңілің ауса, міндетті түрде қол жеткізесің. Өйткені бұл тілек тұтас дүниенің өзінде пайда болады. Яғни, бәрі де сенің сол тілегіңнің орындалуы үшін жағдай жасайды. Бұл сенің пешенеңе жазылғаны. Басында торт пісіріп табыс көзіне айналдырамын деген ой болмады. Жәй ғана отбасыма түрлі тәттілер пісіріп, қуаныш сыйлағым келді. Күннен күнге жа-ңа торттарды үйреніп, түрлі шеберлік сабақ-тарына қатысып, білімімді жетілдірдім.

 

Бір күні неге барлығы жасап жатқан тортты мен де жасап, сатып көрмеске деген ой келді. Әлі есімде алғашқы тортымды тым арзан бағаға сатқанмын. Ол ақша тіпті торттың құрамына кететін затты да ақтамайтын еді. Бірақ, қанша аз болса да өз еңбегіммен алғаш рет ақша тапқанымды ойлағанымда, кеудемді қуаныш кернеді. Сол тортымның дәмі бірнеше адамның көңілінен шығып, келесі күні тортқа тапсырыстар көптеп түсе бастады. Уақыт өте келе, әртүрлі торттар жасауды үйрендім, осылайша тапсырыс берушілер де көбейе түсті.

 

Абай Құнанбаевтың 37- ші қара сөзінде айтқандай, «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлы боласың». Мен үшін бастысы ақша емес. Торттарымды арзан бағада сатсам да, тұтынушылардың көңілдерінен шығуы. Олардың да жағдайына қарап, адамгершілік қасиетімді сақтап қалу ең басты парызым.

– «Қиын іс жоқ жаһанда, ықылас қойған адамға» дейді дана халқымыз. Осы салада еңбек етіп жатқаныңызға қанша уақыт болды. Жұмыс барысын-дағы қандай да бір қиыншылықтарға жолыққан сәттеріңіз болды ма, өнімдеріңізді қалай саудаға саласыз?

– «Әр істің басталуы ғана қиын» дейді ата бабамыз. Кондитерлік өнім саласында жүргеніме көзді ашып жұмғанша бір жарым жыл болыпты. Осы уақыт аралығында неше түрлі қиындықтар, сонымен қатар, сәттіліктер мен жеңістер де болды. Кондитер үшін ең қорқыныштысы, жасаған тортыңның тұтынушыға ұнамай қалуы. Алғашқыда, мұндай жағдай менде де болды. Соның бірін айтатын болсам, бір тұтынушы инстаграм желісі арқылы тортқа тапсырыс берді. «Артық декор керек емес, тек торттың көлемі үлкен болса» деді де хабарсыз кетті. Бірақ, мен бар күшімді салып, әдемілеп жасап бердім. Тортты алып кеткен соң, әлгі адамның анасы қоңырау шалып, торттың дәмі әдемі бірақ, тым қарапайым әшекейленген, қонақтарға ұнамағанын, берген ақшасына татымайтынын, тіпті дүкендегі арзан торттардан айырмашылығы жоқ екендігін айтып, біраз сөйледі. Бұл жағдайдан кейін, басқа тапсырыс берушілерден міндетті түрде өзі қалаған тортының суретін жіберуді талап ететін болдым. Қазір, Аллаға шүкір көпшіліктің алғысына бөленіп жүрмін. Бір құпиямды ашатын болсам, кейде, торт жасап үлгермеймін. Қатты шаршаған кезімде, отыра салып жылайтыным бар. Бұл күлкілі естілетін шығар, бірақ жылау арқылы жаным тазарады. Жаман ойлардан арылып, жеңілдеп қаламын. Дулат Исабеков атамыз айтпақшы, «Әйелге жылаған да жарасады. Ол одан жанын тазартады, әйелдің әйел екенін танытады. Мен жыламайтын, жылай білмейтін әйелдерден қорқамын. Олар арамдық пен жауыздыққа жақын».

 

Мен торттарымды ешқашан біреуге ақша беріп, жарнама жасатқан емеспін. Халық ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы біледі. Халал, құрамы таза, дәмді торттарды кез-келген бағаға алуға дайын. Бастысы денсаулыққа зиян болмауы керек. Сонда ғана халықтың өзі сенің торттарыңды мақтап, кез-келген жерде айтып жүретін болады.

 

Менің торттарым дәл осылай ауыздан ауызға тарады. Нәтижесінде, қазір көрші ауылдар мен аудан, тіпті қаладан да тапсырыстар түседі. Торттарымның бағасы да аса қымбат емес. Мен үшін, халыққа тиімді бағада, олардың көңілдерінен шығатын торттарды ұсыну маңызды.

 

– Мемлекетіміздің кәсіпкерлерді қолдау, яғни пайызсыз қаржылай көмек беретін бағдарламасын өз қажетіңізге жарата алдыңыз ба?

– Жоқ. Барлығына ақшаны анам мен әкемнен алдым. Тортты өз үйімде пісірдім. Бастапқы кезде ешқандай құрал-жабдығым болмады. Керек жарақты жаймен ала бастадым. Шеберлік сабақтарына қатысу үшін де ақшаны ата-анамнан алдым. Бірақ қазір сол ақшаны Алланың қалауымен еселеп орнын толтырдым деп ойлаймын.

 

– «Кәсіп, кәсіп түбі- нәсіп» демекші осы кәсібіңіздің нәсібін көріп, жеткен жетістіктеріңізбен, алға қойған мақсаттарыңызбен жоспарларыңыз туралы тоқтала кетсеңіз?

Торт саласындағы ұстазым Жұматай Әсел ханым! Тортқа деген махаббатымды ашқан осы кісі болатын. Ол кісінің барлық шеберлік сабақтарына қатысқанмын. Бір жыл бұрын Әсел ханым мен жолдасы Батырбек мырза екеуі «Balzere School» кондитерлік мектебін құрды. Онда «Кондитер-маркетолог» екі айлық онлайн курс болды. Мен де курсқа қатыстым.

 

Әсел ханымның торт жасау техникаларын түгел қарап, тәжірибе жүзінде қолдандым. Жан-жақтан тапсырыс берушілер көбейе түсті. Курсқа қатыспас бұрын, бір айда кемінде 200000 табатынмын. Ал, курс барысында екі айдың ішінде 1700000 тг табыс таптым. Курс аяқталған соң, іс-шараға шақырту алдым. Алматы қаласында, Қазақстан қонақ үйінде Әсел ханымның өз қолынан қызыл диплом мен ең үлкен статуэтка алдым.

 

Тағы бір жетістігім, осыдан үш ай бұрын 20 жасқа толдым. Туған күніме орай, мені өмірге әкелген ата-анама алғысымды айтып, осы күнге жеткізгендері үшін, мәпелеп, ақылдарын айтып, иман мен адамгершілікті бойыма сіңіргені үшін, алғыс ретінде әкешіме салоннан су жаңа «Shevrolet Cobalt» көлігін сыйладым. 20 жасымда мұндай жетістіктерге жетемін деп, мүлдем ойламаппын. Мұның бәрі ең әуелі Алла Тағаланың сыйы деп білемін.

 

– Сіздегі мақсаттар мен армандар қандай?

– Мақал барғой «Мақсатың орындалмайынша, дос пен жауға сыр білдірме» деген.

Бірақ, қазір айтайын танымал кондитер атанғым келеді. Бір сарынмен тоқтап қалмай, онлайн-кондитерлік мектебімнің негізін ақырындап қалап, жоғарғы дәрежеге жеткізгім келеді. Алла қаласа «Aruzhan Sapieva Studio» деп өз студиямды ашып, барлық қазақ қыздарын онлайн-офлайн форматта оқытуды жазсын. Бұл арманымның бір бөлігі. Жоғарыда бір Алла, жанымда ата-анамның барына, және мені өмір бойы қолдап өтетін азаматымды жолықтырғаныма шүкір.

 

– Жас болсаңыз да бас болып, өзі биігіңізді бағындыра білдіңіз. Осы орайда өз қатарластарыңызға үлгілі жас кәсіпкер ретінде айтар кеңесіңіз?

– Әр істің өз қиындығы болады. Бірақ, оған деген қызығушылығың қатты болса, ешқандай қиындық пен кедергілерге мән бермейді екенсің. Бастысы мақсатың айқын болсын. Болашағыңыз бұлыңғыр болса да, алдыңыздан не күтіп тұрғанын білмесеңіз де, өз-өзіңізге сеніп алға жүруіңізді тоқтатпауыңыз керек. Өз арманыңызбен, өз жолыңызбен ары қарай жүрген сайын өміріңіз анықтала түседі.

Инстаграм әлеуметтік желісінде маған (@aruzhan_sapieva) қыздардан өте көп хаттар келеді.

 

Хаттардың көпшілігі тортты қалай бастағаным жайлы, қалай жетістікке жетуге болатынын сұрайды. Әрине, бар білгеніммен бөлісемін. Бірақ, бір байқағаным кейбір қыздар сылтау да айтады екен. «Заттарын алуға ақшам жоқ» дейді. Келесі апта пәленшенің тойы десе, жерден қазып болса да көйлек пен макияжға ақша табасыз. Заттардың бәрін бірдей алмай, ең керектісін алыңыз! «Жолдасым рұқсат бермейді» дейді, косметика, әдемі көйлек пен алқа аларда қалай айттыңыз, дәл солай еркелеп рұқсатын алуға болады. «Ерінемін, жалқаулығым басым» дейді. Егер жатқан жеріңізден тұрып қозғалмасаңыз, қомақты қаражат, жақсы киім, дәмді тағам еңбектенбесең өзі келмейді.

 

Беймәлім дүниеден қорықпау қажет, қалағанына қол жеткізуге, керегін табуға кез келген жан қабілетті. Ниетіңізді дұрыстап, соған сай еңбектеніңіз. Менің жасағанымды, сіздің де жасай алатыныңызға мен сенемін!

– Сұхбаттасқаныңызға рақымет!

Сұхбаттасқан:

Қайсар БАУЫРЖАНҰЛЫ.

 

 

Leave a reply