ТҮРКІСТАНДА БІЛІКТІ ҰСТАЗДАР ҚАТАРЫ КӨП
«Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы», – демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған.
«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан», – деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, әрқашанда ұстаздықтың шоқтығы биік тұрады емес пе? Мәртебесі биік, білікті маман, ұрпақ болашағын ең бірінші орынға қоятын ұстаздардың бірі Гульмира Бекбергенова.
Гульмира ұстаз 1965 жылы Түркістан қаласында туылған. 1984-1989 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының тарих-құқық пәні бойынша білім алған. Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы Екпінді ауылынан бастаған. Одан кейін 2004 жылға дейін Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылындағы №247 мектепте тарих-құқық пән мұғалімі болып жұмыс жасап, бірінші санатқа өткен. 2004-2007 жылдар аралығында Түркістан қаласы, Т.Бигельдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінде жемісті жұмыс атқарып, 2007 жылдан бері Б.Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебінде тарих-құқық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Өзі жоғары санаттағы педагог-зерттеуші санатына үміткер.
Еңбек жолында түрлі жетістіктерге ие болған. Атап айтар болсақ, Түркістан облысының білім басқармасы облыстық әдістемелік орталығының «Ең үздік әдістемелік басылымдар» деп аталатын байқауында «Шығармашыл ұстаз» номинациясын иеленген. Сонымен қатар, жалпы орта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін дамыту, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген «Ең білімді педагог – 2020» IV республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасынан диплом, «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты республикалық балалар оқулары байқауының облыстық кезеңіне қатысып, өздерінің кітап оқуға деген құштарлығын қалыптастыра білгені үшін «Кітап оқуға құштар топ» номинациясымен марапатталған. «Ustaz tilegi» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының республикалық Қазақстан тарихы пәнінен ұстаздар арасында өткен олимпиадасының жеңімпазы.
ҚР БҒМ «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында ҚР-да орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Қазақстан тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы бойынша 80 академиялық сағат көлемінде оқу курсын аяқтағаны үшін сертификат, ҚР БҒМ республикалық «Даму» педагогикалық-психологиялық дамыту орталығында «Жаңартылған білім беру мазмұны аясында оқыту сапасын көтерудегі заманауи педагогикалық әдістер» тақырыбында оқытушылардың біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламасы бойынша сертификат алған. Сондай-ақ, Педагогтардың мәртебесін көтеру мен кәсіби біліктілігін арттыру және дамыту мақсатында өткізілген республикалық «Мұғалімдер пән олимпиадасының» жеңімпазы, «Ustaz tilegi» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығында өткен республикалық тарих пәнінен ұстаздар арасында олимпиадасының жеңімпазы, vpo.kz сайты мұғалімдер арасында ұйымдастырған «Қазақстан тарихы» пәнінен республикалық виртуалды олимпиада жүлдегері атанған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері, Qaztest.kz сайтында педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған ІІІ республикалық «Үздік педагог» олимпиадасында қорытынды кезең бойынша жеңімпазы атанған.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетіні белгілі. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, бүкіл әлемге танытып, өзге мемлекеттермен тереземізді тең ұстап, керегемізді кең ететін – бүгінгі білікті ұстаздарымыздың шәкірттері жетерлік. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Жас ұрпақты жан-жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейін жоғары етіп қалыптастырып, рухани – адамгершілік тұрғысынан тәрбие мен білімді қатар беріп, білімді терең игерудің бірден-бір жолы – заманауи тиімді әдіс – тәсілдер арқылы шығармашылыққа жетелеу – бүгінде ұстаздарға қойылатын басты талап болып табылады.