ТУҒАН ЖЕРГЕ ҚЫЗМЕТ – ЕРГЕ МІНДЕТ

0
152

Қандай сындарлы замандар келіп, қиындық атаулы алқымнан алып тұрса да төзе білетін қызметіне адал, сонысы арқылы ел-жұртына қадірлі азаматтар қай кезде де болған. Қазір де бар. Осындай азаматтардың бірі облыс жұртшылығына, әсіресе киелі қаламыз Түркістанның халқына есімі етене таныс, мемлекеттік қызметте қажырлы еңбек етіп, шыңдалып, халыққа қызмет етудің озық үлгісін көрсете білген, бүгінде ел ағасы атанып, 63 жасқа толып, бейнетінің зейнетіне келіп отырған Сарманов Қожахмет Мырзахметұлы деп білеміз. Сөзіміз құрғақ болмас үшін Қожахмет ағаның еңбек жолдарына тоқталып өтейік.

Сарманов Қожахмет Мырзахметұлы Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы, Овцевод совхозында 1959 жылы 30 сәуірде шаруалар жанұясында дүниеге келген. 1976 жылы Түркістан қаласындағы В.Ленин атындағы №1 жалпы орта мектебін бітірген. 1976-1977 жылдары Түркістан қаласындағы №31 кәсіптік техникалық училишесінде автокөлік жүргізушісі мамандығы бойынша дәріс алады. 1977-1979 жылдары Ресей Федерациясының Чита қаласында әскери борышын өтеген.

Алғашқы еңбек жолын 1980-1981 жылдары қаладағы «Ремстройдормаш» зауытында слесарь болып бастайды. 1981-1994 жылдар аралығында «Техоснастика» зауытында темір жонушы, шебері, инженер-технолог қызметтерін атқарады. 1986-1993 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ химия технологиялық институтының инженер-механик мамандығы бойынша бітіреді.

1994-1996 жылдары Түркістан қаласы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы, қала әкімі аппаратының ұйымдастыру кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы, 1996-1998 жылдары қала әкімі аппаратының ұйымдастыру кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 1998-1999 жылдары қала әкімі аппаратының аумақты дамыту және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады.

1999-2004 жылдар аралығында қала әкімі аппаратының аумақты дамыту және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы, 2004-2005 жылдары қала әкімі аппаратының аумақты дамыту және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2005-2010 жылдары ішкі саясат бөлімінің бастығы, 2010 жылы қала әкімінің кеңесшісі, 2010-2013 жылдары қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау және кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2013-2015 қала әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарады. Ал, 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін қала әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келеді.

2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезекті сайлауында орталық аппаратқа арнайы іс-сапармен барып, белсенді қызмет атқарса, 2016 жылы Шымкент қаласында облыстық мәслихаттың сайлауында жауапты қызмет жасаған. Сонымен қатар, 2019 жылы Арыстағы жарылыс кезінде түркістандықтар төтенше жағдайға тап болған Арыс ауданының халқына алғашқылардың бірі болып, көмек қолын созған болатын. Нұр-Сұлтан мен Түркістан қалаларына 9-сектор бекітіліп, Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан арнайы жұмысшы топ құрылған. Сол топтың жетекшісі болып, Қожахмет Сарманов Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың зардаптарын жоюда жүйелі, нақты жұмыстарды іске асырып, көршілес Арыс қаласын қайта түлетіп, жаңарған қалаға айналуына күш салды.

Сонымен қатар, бүкіл дүние жүзін алаңдатқан «Ковид-19» індетіне байланысты карантин кезінде қала әкімдігі тарапынан арнайы мобилдік топ құрылып, Қожекең соның жетекшісі қызметін атқарды. Қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың қатаң сақталуын, бетперде тағу, арақашықты сақтау тағы басқа шектеу шараларының орын алуында уақытпен санаспай күндіз түні жұмыс жасады.

Қожахмет Мырзахметұлы жоғарыда атап өткеніміздей, халыққа қалтқысыз еткен еңбектері ескеріліп, көптеген марапатқа ұсынылды. Атап өтсек, 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет Грамотасымен, 2015 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, 2017 жылы Түркістан қаласының Құрметті азаматы атанды. 2018 жылы «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, 2021 жылы «Қазақстан Республикасының 30 жылдық» мерекелік медалімен марапатталды.

Қожахмет ағамыз қызметте абыройлы, елге сыйлы, үлкен шаңырақтың отағасы, немерелерінің сүйікті атасы. Өмірлік жары Ақмарал Тұрдықұлова екеуі 3 ұл өсіріп, олардан 8 немере сүйіп, бүгіндері солардың қызығын қызықтап, немерелерінің тәтті қылығына тоймай отырған жайлары бар. Ұлдарының барлығы жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан жандар. Осының барлығы әке өнегесі, ана мейірімі арқасында деп білеміз.

Осынау мерейлі күнде біз өз тарапымыздан Қожахмет Мырзахметұлын 63 зейнет жасына толған туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырағына шаттық, отбасына амандық пен береке тілейміз. Осы тұрғыда зейнет жасына жетіп отырған Қожахмет ағамыздың әлі де тындырар ісі көп деп білеміз.

Leave a reply