Thursday, November 21

Түркістандық желі белсендісі кәсіпке қалай келді

0
113

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде 3,4 млн адам шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысса, соның 1 миллионнан астамы – әйелдер екен. Бұл көрсеткіш күн санап біздің қоғамдағы нәзік жандылардың өз кәсіптерін еркін қолға ала бастағанын көрсетеді.

Соның ішінде бүгінде қыз-келіншектердің үлкен сұранысына ие болып жүрген әсемдік салонының жөні бір басқа. Ұқыптылық, ептілік пен асқан төзімділікті қажет ететін бұл кәсіпті екінің бірі игеріп кете алмасы анық. Әрбір қыз-келіншек бет күтімін жақсартып, қашан да жас көрінгісі келеді. Бұл қазіргі заман талабы десек те болады. Міне, осындай тұтынушыларының талабы мен сенім үдесінен шығып жүрген және осы кәсібіне дейін білім қуып, жоғары оқу орнында шәкірт тәрбиелеген Бағдат Исмаханбетова ханымды сөзге тартып аталмыш кәсіпке қалай келгенін сұрап, сұхбат құрып едік.

– Бағдат Исмаханбетова алдымен өзіңіз, мамандығыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?

– Негізгі оқыған мамандығым практик-психолог. Одан кейін педагог-психолог мамандығы бойынша магистратуралық білім алдым. Мамандық бойынша он жыл көлемінде университетте дәріс бердім. Бос уақыт деген мүлде болмайтын. Айлық-жалақымыз да мардымсыз еді. Бірақ, сол жүрісімде бір ой маза бермейтін маған. Содан шығар, жаңа кәсіпті игеруіме көңілімдегі кірбің түрткі болды деп ойлаймын.

Бой жетіп, оң мен солымызды тани бастаған кезден бері бет-жүзімдегі кем-кетіктерден ұялып және соның амалдарын қарастырып жүретінмін. Ол кезде кішкентай сәбиім бар еді, ұйқысыз түндер, стресстік ситуациялар міндетті түрде бетке әсерін тигізбей тұрмайды. Сөйтіп денсаулығыма көңіл бөліп, ел ордасына барғанымда косметологқа да қаралуды жөн санадым. Косметолог қыздың мінсіз бет терісін көргенде таң қалдым. Оның жасы менен үлкен болса да ондай күтім жасалған теріні көрмеппін. Содан бастап теп-тегіс, таза, жарқыраған қысқасы қазіргі терімді армандай бастадым. Қазіргі таңда жасым 39-да. Косметолог-эстетпін.

Осындай арманның жетегінде көп курстарға қатысып, бет күтімі марафондарында жүгірдім. Ол кезде Түркістан, Шымкент қалаларында косметологтарды таба алмадым. Семинарлардан сертификаттар жинап, вебинарлардан «Ең мықты» деген білімді қанжығаладым. Осылайша әуелі өзіме тәжірибе жасап көрдім. Жан-жақтан жинаған білімнің бірі нәтижелі келсе, екіншісі қарама қайшы болды. Диллема. Дәл осылай бүкіл жиған-тергенімді сүзгіден өткізіп алдым. Соңында осы саланы ұнатып, маман болдым. Содан бері біртіндеп Кореяның арнайы косметика зауыттарынан қажетті заттар алдырып, сата бастадым. Ешқандай несиесіз, алдын-ала көп көлемде қаражат құймай өз тұтынушыларыма берген тапсырысын орындап отырдым. Кейін тұтынушыларым көбейген соң, бастапқыда қатты сене қоймаған жолдасым кәсібімді қолдап, дүкен ашуымды ұсынды. Тапсырыс берушілер де дүкенге келіп, керек заттарын еркін көріп алғысы келетіндіктерін жеткізді. Нәтижесінде сапалы косметикалар сататын дүкен аштым. Одан кейін өзімнің сұлулық салонымды аштым. Біраз жыл жақсы жұмыс істедік. Аяғымның ауыр болуына байланысты мен салонды жауып, тұтынушыларды үйде қабылдадым.

– Университетте қызмет еттіңіз. Сондағы шәкірттерге сабақ берген, ұстаз болған кезіңізді сағынасыз ба?

– Иә, оның да өзіндік қызығы бар еді. Әлі күнге дейін студенттерім шетелден, жан-жақтан хабарласып тұрады. Сіздің біліміңіз ерекше болатын деп жазады. Оны да қимаймын. Дегенмен, өзімнің орнымды кәсіпкерліктен таптым. Кәсіпкер ретінде көп жетістіктерге жетіп, біраз белестерді бағындырдым. Тұлғалық әрі қаржылық тұрғыда білімімді, жетістіктерімді толықтыра алдым.

– Бастапқы мамандығыңыз психолог деп айтып өттіңіз. Бұл сала бойынша жұмыс жасап көрдіңіз бе?

– Мен педагог-психолог ретінде сабақ бердім. Бірақ, практик-психолог менің негізгі оқыған мамандығым болғандықтан, жеке консультациялар қабылдап жүрдім. Адамдардың психологиясымен жұмыс жасау оңай емес. Көп зерттедім, нәтижелер болды. Дегенмен, ол көп күшті талап ететін болғандықтан мен ол шаруамен айналысуды тоқтаттым.

– Кәсібіңізге келсек. Құпия болмаса сіздің қызметіңізге жүгінетіндер нені ескеруі керек?

– Бет – ол ағза. Оған аса мұқият көңіл бөлуіміз керек. Бетті ағзадан бөліп алып тастай алмаймыз ғой. Сол себепті қанның құрамын тексеріп, ағзаға не жетіспей тұрғанын зерттеп, толық анықтама жүргіземіз. Туындаған тері мәселесінің мән-жайын анықтап алып, сонымен тиянақты жұмыс бастаймыз. Бізде уақытша ғана әсер ету деген жоқ. Нәтиже әсерлі әрі пайдалы болады. Әрине, бетке арналған жаттығуларды бір рет қана жасап қоймай, күнделікті дене жаттығуы секілді дағдыға айналдырып, жауапкершілікпен қараса онда кез келген әйел армандаған бет терісіне жете алады деген ойдамын.

– Сіздің қызметіңізді қандай жағдайдағы әйелдер қажет деп келеді?

– Қазір маған көбінесе әжімнен құтыла алмаған, ажарының жарқын түсінен айырылған, беттегі ісіктер секілді мәселесімен 30-40 жас арасындағы әйелдер келеді. Себебі, жас кезінен бетіне күтім жасауды қолға алмағасын жыл өткен сайын міндетті түрде ол өзінің теріс нәтижесін береді. Оның үстіне қазір экологиялық мәселелер, күннің ультракүлгін сәулесі тікелей бетке түсуі, ГМО, тез дайындалатын, пайдасы аз тағамдар біздің ағзамызға өз әсерін тигізбей қоймайды. Қан айналым жүйесі де беттегі лимфаларға тікелей қатысты. Яғни, осы секілді бірнеше факторлардың себебінен көп әйелдер жылдап жиналған бет мәселесімен келіп жатады. Жақында 20 жыл бойы бет терісіндегі проблемасын ешкім таба алмаған қыз келді. Сол секілді сан түрлі жағдайларды көргенде жылағым келеді. Солармен тиімді жаттығулар жасап, 1 ай ішінде нәтиже көріп жатқандарын еңбегімнің зая кетпей жатқанына, адамдарға пайдам тигеніне шын қуанамын.

– Осылай тынбай еңбектенуіңізге күш-жігерді қайдан аласыз?

– Менің табиғатым осындай. Қандай да бір істі бастасам, соны соңына дейін жеткізіп, нәтиже шығармайынша мен тоқтамаймын. Кез келген жаңа дүниені біліп, соны зерттеген ұнайды. Адамдарға көмектескім келіп тұрады. Көмектескенім арқылы олардың бақытты жүздерін көріп қуат аламын.

– Қазіргі таңда инстаграм әлеуметтік желісінде сіздің парақшаңызда 32 мыңнан астам оқырман бар екен. Мұндай аудиторияны қалай жинап алдыңыз?

– Мендегі аудитория өздері жиналған. Ешқандай құралсыз, бағдарламалардың көмегінсіз келген оқырмандар. Қыздар көбінде өздерінде болған нәтижемен міндетті түрде құрбыларымен, жақындарымен бөліседі. Солай бір-бірінен естіп, көру арқылы келген деп ойлаймын. Күн сайын әр түрлі тың ақпараттармен бөлісіп отыруға тырысамын. Әлеуметтік желіде қызықты парақшаны қарап отыру кез келген оқырманға ұнайтыны сөзсіз.

– Осы бағытқа келгелі табысыңыз артты ма?

– Ең бастысы, мен өз ісімді таптым деп білемін. Сүйіп іс-теген жұмыстың берекесі артатынына көзім жетті. Расымен де, табысым да, білімім де арта түсті. Өзіме автокөлік алдым. Осы кәсіппен айналысқаныма өкінбеймін.

– Алға қойған мақсаттарыңыз қандай?

– Ендігі мақсатым, бет күтіміне, яғни ағзаға ең пайдалы дүниелерді паш ету. Демек, осы бағыттағы сан түрлі құпияларды ашып, аңыздарға иек артпауға шақыру. Қарапайым мысал, бет жаттығуларымен жапа-тармағай айналыса беруге болмайды. Оның ішінде бет бұлшық еттерінің орналасуына қарай, әркімнің проблемасын анықтап алып, жеке берілетін маңызды дүниелер бар. Оның отаны – Еуропа. Ал, біздің бет пішініміздің құрылысы олардыкінен едәуір екершеленеді. Қыздарымыздың оң-солын танымай, дидарын одан әрі бүлдіріп алып жүрмесі үшін бет күтімін барынша сауатты үйретуді мақсат етемін.

-Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Зарина КЕНЖЕТАЕВА.

Leave a reply