ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНҒАН

0
24

Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, өңірдің туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Облыс тарихи-мәдени мұраға, табиғи ландшафттарға және киелі орындарға бай болғандықтан, ішкі және сыртқы туристер үшін тартымды бағыттардың біріне айналып отыр. Осыған байланысты туристік инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Соңғы жылдары Түркістан қаласы мен оған іргелес аумақтарда туристік инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Қонақүйлер, демалыс кешендері, мәдени-танымдық орталықтар және сервистік қызмет көрсету нысандары салынып, туристерге қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштерді жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, өңірдің туристік тартымдылығы артуда.

Осы мақсатта Түркістанда салынатын жаңа жобалар талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде салынатын ғимараттар мен жобалардың сәулеттік келбетін талқылауға арналған кезекті жиын өтті. Мәжілісте Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырырылуы жоспарланған бірқатар бастамалар қаралды. Жиын барысында 7 сәулеттік жоба таныстырылып, жас сәулетшілер өз ұсыныстары мен идеяларын ортаға салды. Өңір басшысы әрбір жобаға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Ол сәулеттік талаптардың сақталуына, заманауи үрдістер үйлесуіне, сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін айтып, жобаларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды. Кеңес отырысында Келес ауданында су спорт кешенін салу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын қоршау, Түркістан қаласында ауқымды іс-шараларды өткізетін Рәміздер алаңын салу, жол бойына жүк көліктеріне қызмет көрсететін орталығын ашу, футбол академиясын ашу секілді жобалар талқыланды. Сондай-ақ туристерді тартуға бағытталған жоба ұсынылды. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу, Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту, қаланың туристік және ландшафтық тартымдылықты арттыру мақсатында өрік бағын орналастыру, туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшы паспорты мен маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін electroсar бағытын жаңарту бойынша ұсыныстар айтылды. Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде емес, Түркістанның негізгі туристік нүктелерінің біріне айналдыру көзделіп отыр. Одан бөлек Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, туристерге арналған жаяу жүргіншілер жолдарын салу, көшелерді көріктендіру, қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жақсартып, оларды туристер үшін тартымды ету мәселелері қаралып, тиісті ұсыныстар берілді.

Облыста экотуризм мен ауыл туризмі бағыттарына да ерекше көңіл бөлінуде. Табиғи аймақтарда туристік маршруттар ашу, демалыс орындарын дамыту және экологиялық туризмді ілгерілету жобалары іске асырылуда. Бұл бағытта жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігі артып, шағын бизнес субъектілері туристік қызмет көрсету саласына кеңінен тартылуда.

Қазіргі таңда Түркістан облысында туризм саласы ең қарқынды дамып жатқан аудандардың бірі – Түлкібас ауданы. Бұл аудан өзінің таулы табиғатымен, экологиялық таза ортасымен және демалыс аймақтарымен ерекшеленеді. Түлкібас ауданында экотуризмді дамытуға арналған демалыс базалары, туристік маршруттар және табиғи парктерді абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды жақсарту және инвестиция тарту бағытында да бірқатар жобалар іске асырылып жатыр.

Инвестициялық жобалардың іске қосылуы жаңа өндіріс орындарының пайда болуына және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына ықпал етті. Әрбір жоба аясында жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға жағдай жасалды. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар инвестициялық жобалар заманауи технологияларды енгізуге және өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, өнім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Түркістан облысында инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті дамытуға кең жол ашады.

Одан бөлек, Түркістан қаласы да туризмнің негізгі орталығы ретінде ерекше қарқынмен дамуда. Қалада халықаралық деңгейдегі туристік кешендер, мәдени орталықтар және сервистік қызмет көрсету нысандары көбейіп, туристер легі артып келеді. Түркістанның тарихи маңызы мен жаңа заманауи келбеті оны өңірдің басты туристік брендіне айналдыруда.

Сонымен қатар Сарыағаш ауданы емдік-сауықтыру туризмі бағытында танымалдылығын сақтап отыр. Санаторийлер мен шипажайлар жүйелі түрде жаңғыртылып, медициналық туризмді дамытуға жағдай жасалуда.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында туризм саласын дамытуға бағытталған жобалар өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту және жаңа туристік бағыттарды ашу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, облыстың туристік әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

Leave a reply