ШАҺАРДА ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕҢГЕЙІ 5,2 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАЙДЫ

0
131

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылы қаламызда жұмыссыздық деңгейі 5,2%-ға жеткен. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,6%-ды құрайды. Жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр? Жұмыссыздықты азайтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қаншалықты нәтижелі болды? Толығырақ Түркістан қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Қожақов әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, жұмыспен қамту шараларына біраз өзгерістер енгізілген. Бастапқы тәжірибе алмасу бағытында ұйымдастырылатын жастар практикасы 6 айдан 12 айға ұзартылған. Субсидия мөлшері көбейген. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастар үшін «Алғашқы жұмыс орны», зейнеталды жастағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы жүзеге асуда. Әлеуметтік белсенділігі төмен NEET санатындағы жастарға арналған жұмыс орындары ашылып жатыр.

Спикердің сөзінше, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жұмыс тәжірибесі жоқ, 29 жастан аспаған жастар қатыса алады. Субсидиялау мерзімі 18 ай. Жобаның түпкілікті мақсаты – тұрақты жұмыспен қамту. Басты ерекшелігі ешқандай дипломды қажет етпейді.

Сонымен қатар, «егде жастағы азаматтарды қолдау мақсатында «Күміс жас» жобасы қарастырылған. Жобаға зейнетке шығуына 2 жыл қалған азаматтар қатыса алады.

Субсидия мөлшері 30 АЕК. Ұйымдастыру мерзімі 1 жыл. Содан соң, жұмыс беруші тағы 1 жыл тұрақты жұмыспен қамтуы керек. Жобаға қатысуға өтініштер Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы қабылданады», – деп атап өтті Нұржан Достанұлы.

«Жастар практикасы бойынша биыл 500 түлекті жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 100ден аса жұмыс беруші өтініш берді, 800ге жуық бос жұмыс орны бар. 150-200 азамат жолданып қойды. Қалған 250 азаматты жыл соңына дейін орындаймыз деген үміт бар», – деді ол.

Leave a reply