АРАҚ-ШАРАПСЫЗ… ШАҺАРҒА АЙНАЛАР МА ЕКЕНБІЗ?

0
127

Өткен аптада Түркістан қалалық қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. Онда шаһардағы негізгі мәселелер күн тәртібіне арқау болды.

Атап айтсақ, қалалық жер қатынастар бөлімінің көрсетілген мемлекеттік қызметтері бойынша 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары жөнінде бөлім басшысының орынбасары А.Мақаш есеп берді. Бұл салада мәселелер шаш етектен. Солардың барлығын жүйеге келтіруге әрекеттеніп жатырмыз деген баяндамашыға кеңес мүшелерінің қойған сауалы көп болды. Соның ішінде үйіргелік жер алу мәселесі таяу арада шешілмейтіні мәлім болды. Себебі, Түркістан қаласы бойынша 69 мың 38 адам үйіргелік жер алу кезегіне тіркелген. Бұл көрсеткіш тағы да бір қала салу керек дегенді білдірсе керек. Қазіргі таңда Қызылорда тасжолы бойынан 2000 адамға жер беру қарастырылып жатқанын білдік. Дегенмен қазіргі таңдағы заң талаптары бойынша жерді беру үшін оның инфрақұрылымы толық әзірленуі тиіс. Оған тағы да уақыт қажет. Сондай-ақ, мемлекет мұқтаждығы үшін алынған жер телімдерінің өтемақысы да кейінге шегеріліп келе жатқанын айта кету қажет. Күн сайын бағаның шарықтап бара жатқанын ескерсек, өтемақының жыл созылып кешіктірілуі меншік иелерінің есепті жоспарын іске асыруына айтарлықтай қиындық тудыратыны айдан анық.

Басқосудағы екінші мәселе қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту саласындағы жұмыстарына арналды. Бұл жөнінде бөлім басшысы Т.Қыдырбаев баяндап өтті. Аталған салада да шешімін күткен мәселелер аз емес. Дегенмен бөлімде атқарылып жатқан жұмыстарға қарап, түйіннің күрмеуін ағытуға қарай жасалып жатқан қадамдарды байқадық. Соның ішінде тұрғындарға азық-түлік қорын жеткілікті мөлшерде қалыптастыру үшін арнайы қойма салуға келісім жасалған. Сол секілді, әлеуметтік дүкендердің санын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік.

Ал, күн тәрбіндегі үшінші мәселенің жөні бөлек, жосығы ерек. Бұлай деп отырғаным Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Түркістан қалалық бөлімшесінің «Арақсыз қала, шарапсыз шаһар, жезөкшелігі жоқ рухани орда» атты азаматтық бастамасы. Иә, бұл бүгін көтерілген мәселе емес. Бұған дейінде бірнеше рет мінбелерде сөз болған еді. Бірақ, оны ары қарай тұрақты түрде жалғастырып, насихат жұмыстарын үдете түсу барысынде сәл баяулық байқалады. Осы мәселені мүмкіндігінше жеделдете түсейік деген мақсатта қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, Түркістан қаласының бас имамы М.Джумадуллаев кеңес отырысында арнайы баяндама жасады. Дүйім жұрт қасиет тұтқан мекенде бұл бастаманы іске асыру заңдылық. Адамгершілік тұрғыдан қарағанда аталған мәселені шешуді сөзден іске көшіру азаматтық борышымыз деген дін өкілі Мұхамеджан Ергешбайұлы насихат жұмыстарын белсенді азаматтардың көмегімен тұрақты түрде жүргізуді ұсынды. Қоғамдық кеңес мүшелері де оған бірауыздан қолдау білдіріп, нақты тетіктерін қарастыру жөнінде келісімге келді.

Осылайша жалғасын тапқан жиында қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің қаладағы салық салу объектісінің орналасуын ескеріп, аймаққа бөлу коэффициентін бекіту туралы қала әкімінің қаулысының жобасы таныстырылды. Сонымен бірге, өтініштерді қарауды бақылау және мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің осы күнге дейін атқарған жұмыстары тыңдалды. Сонымен бірге, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің қала тұрғындарының жекелеген санаттарына көлік қызметіне жеңілдіктер белгілеу жөніндегі Түркістан қалалық мәслихаты шешімінің жобасы таныстырылды. Мұнда Ұлы Отан соғысына қатысушыларына және оған теңестірілгендер, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар, Семей ядролық сынақ полигонының аумақтарында тұрған, жұмыс істеген немесе әскери қызмет атқарғандар, алтын, күміс алқа иелері, І топтағы көру бойынша мүгедектігі бар, сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тағайындалған қамқоршыларға, он алты жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) тегін жүруге және студенттердің елу пайыз жеңілдікпен жүруіне мүмкіндіктер қарастыру көзделген. Қазіргі таңда аталмыш мәселені іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан тиісті жұмыстар атқарылуда. Егер қолға алынған жобаға қаржы қарастырылса, көп ұзамай аталған санаттағы азаматтар Түркістан қаласындағы қоғамдық көліктерде (таксиден басқа) жолақысын төлеуде жеңілдіктерге ие бола алады. Бұл ұсынысқа қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан қолдау көрсетті.

Қорыта айтқанда, қоғамдық кеңес мүшелері күн тәрбіндегі мәселелерді қарау барысында әлеуметтің әлеуетін басты назарда ұстады. Күнкөріс көзіне тікелей әсер ететін мәселелерге жергілікті биліктің назарын аударуды мақсат еткен кеңес төрағасы М.Атамбаев алдағы уақытта қаралатын мәселелерге жауапты тұлғаларға өз ісіне салғырттық танытпауын ескертті. Сонымен бірге, жиын барысында қаралған жер қатынастары бөлімінің басшысына ескерту жасалды.

М.ДӘУЛЕТОВ,

Түркістан қалалық қоғамдық кеңес мүшесі.

 

Leave a reply