Түркістан қаласының жастарына жұмысқа орналасу, білім алу, және кәсіпкерлік мәселелері бойынша кеңес берілді

0
129

Түркістан қалалық әкімдігінде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ-нің  басшысының орынбасары Баетов Ерназар Көпжасарұлы, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Садықова Ардақ Мәдіханқызы, облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Байсариев Ғани Оңалбекұлы және бас маманы Әсілбек Жандос Манарбекұлы, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының кәсіпкерлің басшы орынбасары  Көшкінбай Самат Жандарұлы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар, облыстық мәдениет басқармаларының өкілдері мен облыстық, қалалық Жастар ресурстық орталығының жастары мен, студент жастардың қатысуымен жиын өтті.

Жиын барысында бірқатар мазмұнды сұрақтар қойылып,  тұшымды жауаптар берілді. Атап айтсақ: Сырттай оқу білім жүйесі қашан ашылады? Қазіргі таңда қаламыздағы жастар арасында (құрлысшы, дәнекерлеуші, механик, электрик, сәулетші, инженер т/б) елеусіз болып қалған мамандықтарын оқуға немесе сол мамандықтарды  игеруге жастардың құлшынысын қалай арттыруға болады? Бұл саладағы мамандардың жетіспеуі жалақыға байланысты ма? Биылғы 1 қыркүйектегі ҚР  Президентінің жолдауындағы 2.3% пайыздық  несие туралы және оның тиімділігі мен бағыты қандай болмақ?

ҰБТ тапсырмай, шетелдік университеттерге грантқа оқуға түсу мүмкіншіліктер мен  ғылыми ағартушылық жұмыстар  түсіндірме жұмыстары қаншалықты деңгейде өтуде? Жастар арасында кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекет тарапынан қандай қолдаулар көрсетілуде? Мектепті бітіруші түлектерге профорентациялық кеңес беру  жұмыстарының деңгейі қалай жүргізіледі? Неге көптеген мектеп бітіруші түлектер өздері қаламаған мамандықты оқуға мәжбүр? Жоғары оқу орнынан кейін жастар өз мамандығымен қаншалықты жұмысқа орналасып жатыр? Бұл мәселе бойынша қазіргі жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір себебі болып табыла алады ма дейтін сауалдар қойылды.

Сонымен бірге, алдағы уақытта діни сауаттылықты арттыруға көбірек көңіл бөлінсе дейтін ұсыныс айтылды. Дінге енді ғана бет бұрған жастар  дін саласын дұрыс түсінбегендіктен басқа ағымның жетегінде кетпеудің қандай тиімді жолдары бар деген мазмұнды сұрақтарға   тиісті сала мамандарынан тұшымды жауаптар мен шешілу жолдары бойынша кеңестер беріліп, жастардың ұсыныс пікірлері назарға алынды. Жиынды қорытындылаған  модератор Ерназар Көпжасарұлы  аудан, қалаларда жастарға білім беру, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік мәселелері бойынша  ақпарат және кеңес беру жұмыстары жалғаcатынын жеткізді.

Таяуда Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік қызметкерлермен және еңбек ардагерлерімен кездесу өткізген болатын. Ол жұмысқа орналасу мәселелеріне ерекше тоқталып өткен болатын. Әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, қызмет көрсету ұйымдарын таңдаумен қатар оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі де берілмек. “Әлеуметтік қызметкерлер тізімі құрастырылады, онда олардың біліктілігі, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат қамтылады. Әлеуметтік қызметкерлер үшін жұмыс берушілердің дайындалып жатқан кадрлардың білім деңгейіне, дағдылары мен біліктіліктеріне қойылатын талаптарын көрсететін кәсіби стандарттар әзірленеді. Ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескеретін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі әзірленетін болады”, – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Түркістанға жұмыс сапары барысында «Turkestan Textile» БК» ЖШС тігін фабрикасының еңбек ұжымымен де кездесіп, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының іске асырылу барысы және ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы туралы айтып берді. Сөз басында Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеу барысында сарапшылар мен азаматтық қоғамдастықтан 1000-нан астам ұсыныс түскенін, 50-ден астам заңдар мен 200 заңға тәуелді актілер зерделенгенін атап өтті. Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай 80-нен астам заңға өзгерістер енгізіледі және бұрынғы 10 заң күшін жояды. «Әлеуметтік кодекс әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде мемлекет тарапынан көмекті қамтамасыз ете отырып, азаматтарды өмір бойы сүйемелдейтін болады. Бұл ретте азаматтардың жекелеген осал санаттарын қолдаудан қазақстандық отбасыларды нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға көшу жүзеге асырылатын болады», – деді Еңбекминінің басшысы.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру аясында:

– Отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті форматта белгіленген әлеуметтік мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы отбасылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесін қалыптастыру;

– жұмыс күшінің кәсіби дағдыларын күшейтуді, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту мен реттеуді, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тартуды, ішкі көші-қонды реттеуді, жұмыспен қамту орталықтарын мансап орталықтарына айналдыруды және көрсетілетін қызметтерді ауқымды цифрландыруды көздейтін жұмыспен қамту саласында жаңа саясат жүргізу;

– бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту, мемлекеттің, жұмыс берушінің және қызметкердің қатысуымен көп деңгейлі зейнетақы жүйесін құру есебінен азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруды жетілдіру;

– мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін бір жарым жасқа дейін ұзарту, наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін арнайы жинақтау шоттарына аударымдар жасау жолымен балалары бар отбасыларды қолдау шараларын күшейту;

– мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері, ауқымды цифрландыру және адами факторды төмендету арқылы мемлекеттік әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту есебінен әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту (Әлеуметтік қызметтер порталы, медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізу) қарастырылғанын атап өтті.

Таяуда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралғаны белгілі. Аталған тақырып бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады. Оның хабарлауынша, 2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті. «Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл жағдай жұмыс орындардың жеткіліксіз болуына байланысты туындап отыр.  2000-шы жылдардан бастап дүниеге келген балалардың саны артты. Сол балаларымыз ержетіп, қазір еңбек нарығына қосылуда. Сол себепті, алдыңғы жылдары біртіндеп азайып келе жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны қайтадан өсіп, 51 мың адамға көбейді», — деді Т. Дүйсенова.

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Оның 225,5 мыңы немесе 34,5%-ы Ұлттық жобалар аясында, 203,9 мыңы  немесе 31%-ы – Мемлекет басшының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» тапсырмасының аясында құрылған жұмыс орындар; ал, 224,3 мыңы немесе 34,3%-ы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары. Жұмысқа орналасқан осы азаматтардың 67%-ы қазіргі таңда 10%-дық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып жатыр немесе өздерінің жұмыс істеп жатқандарын растап мәлімет берді. Біріншісі, бұл 10 Ұлттық жобаның аясында құрылып жатқан жұмыс орындары. Осы бағыттағы жоспарлы көрсеткіштер орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісілген. Бүгінгі таңда бұл жоспар 75,6%-ға орындалды. Мемлекет тарапынан субсидия берілетін жұмыс орындарын ескергенде 203,3 мың жұмыс орны құрылды. Шаралардың ойдағыдай атқарылуына «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» сияқты Ұлттық жобалардың табысты жүзеге асуы септігін тигізді. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының 92%-ы осы 3 жобаның еншісінде. Ал, басқа жобаларда ең азы 492, ең көбі 6,2 мың жұмыс орны құрылды.

«Ұлттық жобалар аясында өңірлерде құрылған жұмыс орындарының 55% – тұрақты. Онда жұмыс істейтін азаматтардың 46%-ы міндетті зейнетақы жарнасын төлеп отыр. Бұл ретте, тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша ең төменгі көрсеткіш үш өңірде тіркелді: Қостанай облысында – 39%, Ақтөбе облысында – 37% және Ақмола  облысында – 33%. Осы орайда, Қызылорда облысының өте жақсы нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Облыста құрылған жұмыс орындарының 88%-ы – тұрақты жұмыс орны. Олардың 84%-ы зейнетақы аударымымен расталған», — деді Т. Дүйсенова. Ұлттық жобалардың тағы бір бағыты – субсидия берілетін жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Қазір бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіштер орындалды. Субсидия берілетін жұмыс орындарына қамтылған 152 мыңнан астам азаматтың 41%-ы – жастар. Осы шаралардың нәтижесінде жастар нақты машықтар мен дағдыларды игеріп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасатын болады. Алайда, өңірлердің көпшілігі бұл бағдарламаларға қатысқан тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастырмаған. Ел бойынша жоспар 34,8%-ға ғана орындалды. Ең жоғары көрсеткіштер Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарында тіркелді.  Ал, ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласында – 8,9%, Түркістан – 13,5% және Павлодар – 25,1% облыстарында. Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша да ахуал дәл осындай сипатта болып отыр. Аталған 3 облыс мұнда да көш соңында тұр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, бүгінгі таңда Ұлттық жобалардың бәрі цифрландырылған. Сол себепті, Электрондық еңбек биржасында жұмыс орындары мен зейнетақы аударымдарына мониторинг жүргізіледі. Бұл шара Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, еңбек шарттарын тіркеу мәселесін де қамтиды. Бұған дейін 112,6 мың электронды келісімшартқа мониторинг жүргізілді. Оның төрттен біріне жуығы 12 айға дейінгі мерзімге жасалғаны анықталды. Электрондық еңбек биржасының тағы бір артықшылығы – еңбек ресурстарының ел ішіндегі қозғалысына мониторинг жүргізуге мүмкіндік бар. Соңғы 3 айдың өзінде ұлттық жобаларда көрсетілген 28,3 мың бос жұмыс орнының 4 мыңнан астамын басқа өңірлерден келген адамдар иеленген.  «Бұған дейін Электрондық еңбек биржасына шығарылған бос жұмыс орындарының 87%-ын адамдар иеленіп үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, Электрондық еңбек биржасы халықты жұмыспен қамту мәселесін шешудің тиімді құралына айналып келеді. Сондықтан, оны жергілікті атқарушы органдар белсенді түрде қолдануға тиіс», — деді Т. Дүйсенова.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің келесі шарасы – Президенттің қалалар мен аудандарда тұратын 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы.  Жұмыс орындарын құру жоспары барлық дерлік өңірде асыра орындалған. Жұмыспен қамту ауқымын кеңейтудің тағы бір шарасы –  азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы. Т. Дүйсенованың айтуынша, бүгінге дейін бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш 71%-ға орындалды. Дегенмен, қыста күн суыған кезде оңтүстік өңірлерден келетін көш тоқырайды. Сол себепті, квоталар толық игерілмей қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, көшіп келген отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру ойдағыдай болып жатқан жоқ. Қазір қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Алдағы уақытта азаматтар бос жұмыс орны бар өңірлерге ғана көшетін болады.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы жұмыспен қамту туралы тапсырманы және жоғарыда айтылған міндеттерді шешу үшін алдағы үш жылда мынадай нақты шаралар қабылдауды жоспарланып отыр:  Біріншіден, Отбасының цифрлық картасын қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту саласында проактивті қызмет көрсету. Бұл тәсіл 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін болады. Бұдан басқа, Электрондық еңбек биржасының базасында тоқсан сайын бос жұмыс орындарының онлайн жәрмеңкесі өткізіледі. Электрондық еңбек биржасы Жоғары және орта оқу орындарында жұмыс істейтін мансаптық орталықтарға орнатылады. Сонымен қатар жыл соңына дейін электрондық еңбек биржасы мобильдік қосымшасын да іске қосу жоспарланған. Осылайша, Электрондық еңбек биржасы жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілердің жолын тоғыстыратын кездесу алаңына айналуға тиіс. Екіншіден, жыл сайын кемінде 100 мың жасты олардың оқуына, жұмысқа орналасуына және жеке іс ашуына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тарту жоспарлануда. Индикаторлар уәкілетті органдармен бірге пысықталып, өңірлерге берілді. 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында бұл шараларды іске асыру үшін 534 млрд теңгеден астам қаржы көзделген. Үшіншіден, Ұлттық жобалар аясында құрылатын жұмыс орындарының 10%-ын жастарға беруді ұсынамыз. Бұл шара 50 мың жасты жұмыспен қамтамасыз етеді. Төртінші, «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында жастарға арнап кемінде 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы индикатордың бәрі 1 қарашаға дейін өңірлерге түсіндіріліп, жүктелетін болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова маусым айында өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамтуға арналған қосымша шаралар туралы айтқан болатын. Тамара Дүйсенова әуелі бос жұмыс орындарына онлайн жәрмеңке өткізу арқылы жастарды еңбекпен қамту қолға алынатынын атап өтті. “Келешекте ай сайын тұрақты ұйымдастыру көзделіп отырған жәрмеңке тек кәсіпорын орналасқан аймақ тұрғындарына ғана емес, барлық қазақстандықтарға бірдей қолжетімді болмақ” делінген ведомство хабарламасында. Тамара Дүйсенова жұмысқа орналастырудың екінші тетігі ұлттық жобалар арқылы жүзеге асырылатынын жеткізді. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, биыл ұлттық жобалар аясында 269 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Үшінші, жұмыспен қамтудағы маңызды бағыттардың бірі – платформалық жұмыспен қамтуды тану және заңдастыру. – Сараптамалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстанда 500 мыңға дейін адам платформалық жұмыспен қамтылған. Яғни, азаматтар Яндекс, Убер, Вольт және Глово сияқты түрлі онлайн-платформалар арқылы жұмыс істейді. Мұндай режим тұрғындарға ыңғайлы екені сөзсіз. Алайда, оның басты кемшілігі – жұмыспен қамтылғандар үшін әлеуметтік кепілдіктің жоқтығы. Бір сөзбен айтқанда, ондай азамат жұмыссыз қалса немесе жүктілігіне және балалы болуына байланысты жұмысын тоқтатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қажетті әлеуметтік төлем  ала алмайды. Осыған байланысты, бұл азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тарту үшін, онлайн платформалардың негізгі операторларымен кездесулер өткіздік. Олармен бірге биылғы 1 шілдеден бастап қамту схемаларын пилоттық режимде жүргізу туралы шешім қабылдадық. Жұмыстың нәтижесін жыл соңына қарай ұсынамыз, – деді Тамара Дүйсенова.

«Екі қолға – бір күрек…». Әлде­қашан-ақ мәтелге айналып кеткен осы тір­кестің қашан және қай жерде пайда болғаны белгісіз, әйтеуір, бұл сөзді жұмыс­ты қажет деп білетін немесе жұмыс табуда кежегеңді кейін кетіретін кедергілерге кезігіп, әбден тауалы шағылған адамның айт­қаны анық. Бүгінде баршамыз жарыса жаман­дайтын кешегі кеңестік кезеңде жұмысқа орналасу жөнінен ешқандай проблеманың болмаға­ны да белгілі шындық. Керісінше, ол заманда­ жұмыс істемеген адамды «за тунеядство» («жалқаулық үшін») деп жауапқа да тартатын. Қазір жағдай өзгерді. Қоғамымызға дендеп енген нарықтық қаты­настар әркім өз күнін өзі көреді деген қағиданы көлденең тартты. Бұдан шығатын қорытынды сол – егер күнкөріс үшін талпынғың келмесе, үйіңде (әрине, бас сұғатындай баспанаң бар болса) шалқаңнан түсіп жата беруіңе болады. Ешкім келіп саған әй, шанжиып неғып жатыр­сың, жұмысқа неге шықпайсың деп реніш білдірмейді, талап қоймайды. Біздің кейбір ағайын­дарымыздың осындай «мүмкіндікті» мо­­лынан пайдаланып жатқандары да еш жа­сырын сыр емес. Олардың кейбіреулері қо­лындағы азын-аулақ малына сенсе, енді біреулері мемлекет беретін атаулы әлеуметтік көмекті шүкіршілік етеді. Бірақ, адамдардың бәрі бірдей емес. Өзгелер сияқты еңбек етіп, «тамағы – тоқ, киімі – көк» дегендей, қата­рынан қалмай өмір сүргісі келетін бауыр­ларымыз да баршылық. Жақсы өмір сүру үшін жақсы жұмыс табу қажет.

Небір кедергі­лердің жолыңды кес-кестейтіні де осындай сәт. Өйткені бүгінде «екі қолға бір күрек» табу қиынның қиыны. Бұл да нарықтың өзіне тән заңдылығы. Керек десеңіз, экономистердің па­йым­­дауынша, нарық жағдайында еңбек өнім­ділігі артып, қолға алған ісіңнің ойлаған­дай жүруі үшін елде белгілі бір мөлшерде жұмыс­сыздық та болуы тиіс екен. Оның өзі түптеп келгенде, жұмыс істеп жүрген адамдар­ды өз кәсібіне жауапкершілікпен қарауға итермелейді. Себебі, зауыт қақпасының сыртында кім қашан жұмыстан қуылар екен, орын қашан босар екен деп кезек күткен халық тұр. Рас, жұмыссыздық шамадан тыс шарықтап кетпеуі керек. Өйткен күнде «істің насырға шабуы» да ғажап емес. Дей тұрсақ та, жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, еңбек етіп табыс кіргізуге ынтасы бар адамдар өздеріне жұмыс табу үшін не істеулері керек деген сауалдың бас көтеруі де заңдылық. Бұл орайда да өзіміз өмір сүріп жатқан қазіргі қоғамның өзіне тән өзгешеліктері бар. Бүгінде жұмыс күшін іздеген бірқатар ұйымдар мен кәсіпорындар немесе қазіргі заманның тілімен айтқанда, жұмыс берушілер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру береді. Бұл, сөз жоқ, жұмыс іздегендер үшін жап-жақсы «кө­мек». Ең болмағанда олар қай жерде қандай жұмыс бар екенін біледі. Бірақ бұл сияқты хабар­ландыру беретіндер қатары онша көп те емес. Өйткені оның өзі кәсіпорын үшін қо­сымша шығын. Оның сыртында бүгінде жұмыс іздеп жүрген адамды тауып алу онша қиынға да түспейді. Әсіресе, қалалық жерлерде олар­дың өздері шақырусыз-ақ келіп тұрады. Осындайдан да республиканың алыс түкпір­леріндегі жұмыс­сыздар «екі қолға бір күрек» табуда үлкен қиыншылықтарға ұшырасады. Олар қандай қиыншылықтар?

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары әлем бойынша жұмыссыздар санының артуы байқалып-ақ тұр.  Мамандар мұның басты себебін әлемдік инфляциямен байланыстырады. Осының салдарынан мекемелердегі жұмыссыздар саны күрт қысқарып жатыр. Әлемдік трендке енген әмбебап қызметкерлер де бұған әсер етуде. Бұрын үш маман істейтін жұмыс қазір бір адамның мойнына жүктелген. Осы себепті қызмет сапасының төмендеуі мен уақтылы іс атқару кешеуілдетіліп жатқаны бар. Жұмыс беруші мен жұмыс істеуші тараптар арасында түйткілді мәселе көп. Соңғы жылдары қазақ жастарының шет мемлекеттерге жалдамалы жұмысқа барып жатқандығын көз көріп жүр. Сәйкесінше, өзге мемлекеттерден бізге келіп жұмыс істеп жатқан шет елдік азаматтардың да қарасы қалың. Еліміздегі жұмыссыздар санының өсуіне шетелдік азаматтардың бізге келуі де көп әсер етеді.

«Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң мыс та жоқ». Мұның мәнін түсініп жатқан кім бар?! Өз даласына қазақ баласы келді деп төр ұсынар төре жоқ қазір. Босағасында жалданып, тиын-тебеніне малданып бірді-бірге жамап келіп жатыр талай қандасымыз. Әрбір бесінші қазақстандық шет елде жұмыс істеп келгенді қолдайды екен. Ал сіз ше?! Туғанымызды шекара асырып жібермей жатқа бергеннің жартысын берсек жақсылық жасамаймыз ба?! Логикаға салсақ, біраз жоғымыз табылып, тозығымыз оңалар еді. Осы идеяны негізге алар күн жетіп жатса, біліктілік арттырып отыру үшін ғана шет мемлекеттерге шыққан жөн секілді. Алыс-беріс пен барыс-келіс түйінін осылай шешкендей болдық.

Жұмыссыз халықтың басым көпшілігі өз мамандықтарына көңілі толмайтындығын алға тартады. Оның басты себебі материалдық құндылық алға шықты. Сондықтан да көп адамдар желілік маркетинг арбауына түсіп жатады. Шынтуайтына келгенде артық жұмсалған энергия ақталғанымен бүгін-ертең сол жолға түскен адамдарға онан түсер пайда шамалы. Қазірде қала көшелерінің бойында ілініп тұратын жарнама парақтарының басым көпшілігі желілік маркетингтік компаниялар. Адам миына психологиялық соққы жасап, алғашқы минуттардан ақ өз үстемдігін жасайды. Жеңіл ақша, жайлы орта кімнің болса да тақиясына тар келмейді. Тұрақты жұмысын тастап, желілік бағытта жұмыс жасайтын компанияларға жалданып жатқан жан қаншама. Мұның да соңы қайда апарары белгісіз. Осының бәрін көп естігеннен кейін адам психологиясы еңбектен бас тарта бастайды. Оның алғашқы белгілері ұйқының қанбауы. Өз жұмысынан шаршауы. Елестетудің өзі қиын, елдің бәрі желілік маркетингте жұмыс істеп бай болса, қалған жұмысты кім істемек?!

Соңғы жылдары жұмыссыздар қатарына зейнетке бірнеше жылы қалған қызметкерлер де қосылып жатыр. Мұндағы мәселе тағы да қысқарту. Біліктілігі мен білімділігі сынға түсер болса, жастарға қарағанда жұмыс өтілі көп екені белгілі. Американдық кинорежиссер Нэнси Мейерс таспалаған «The Intern» (Стажер) кинокомедиясы сөзімізге дәлел бола алады. Жетпіс жастағы басты кейіпкер Бен Уитаккер жұмыссыз отырудан жалығып, өзі өмір бойы қызмет істеген мекемеге тағылымдамадан өтуші болып қызмет жасайды. Сол істің барлық қыр-сырын меңгерген әккі маман екенін дәлелдеп, әріптестеріне тіпті басшысына сыйлы бола бастайды. Біздің елге де зейнет жасына келген адамдар істейтін жұмыс орындары керек-ақ.

Пышақтың екі жүзі болатыны секілді кез-келген мәселенің де екі жағы бар. Жұмыссыздар санының көп болуы елдегі жұмыс орындарының аздығын білдірмейді. Бәлкім жұмыс істеушілерлің жалқаулығы шығар. Олай дейтініміз, қызметкер іздеймін деген неше түрлі компаниялардың хабарламасы «https://rabota.nur.kz/», «hh.kz» сынды түрлі сайттарда тұр. Үлкен-үлкен компаниялардан бастап жеке кәсіпкерлер он мыңның үстінде ваканциялар жариялаған.  Аталған база күн сайын жаңарып отырады. Егер шын жұмыс іздеген жан болса екі қолға бір күрек табары сөзсіз.

Әрбір азаматтың өз отанының алдындағы азаматтық борышы елге қызмет ету. Бірақ, неге елден екі қолға бір күрек табылмайды?! Табылмайды деу асыра айтылған. Ынталы жанға қарекет етсе іс көп-ақ. Бірнеше жыл бұрын қытайдан елге оралған Талғар Дәлелғазы есімді бауырымыз бар. Заманауи кәсіп жетілдіру курстарын оқып әйелі мен енесінің өмір бойы істеп келе жатқан ісін бизнеске айналдырды. Бас-аяғы екі айдың ішінде 5 млн.тг тапты. Біле-білген жанға мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке  үлкен қолдау бар. Жұмыссыздықтың алдын алу үшін елдегі кәсіпкерлік деңгейі артуы керек. Сол кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздар қатары азаяды. Сол үшін әр қазақ, бар қазақ етістік етуі керек, сонда ғана жетістікке жетпек. Біздің қазақ оны бір ауыз сөзге сыйдырып:  «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» деген. Формуласын білеміз, енді қарқынды іс керек.

Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру қолға алынды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың мәліметінше, аталған ұлттық жоба шеңберінде бірқатар іс-шараны іске асыру көзделген. Ол үшін 2022 жылға республикалық бюджеттен 33,2 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен 8,5 млрд теңге қарастырылған.

«Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді. Оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр», – деді департамент директорының орынбасары.

Жұмыс орындарын көбейту

Руслан Тілеубаевтың мәліметінше, Ұлттық жобалар шеңберінде 2021-2025 жылдар аралығында жалпы 2,5 млн жұмыс орны құрылады.

Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орны – 803,7 мың, уақытша жұмыс орны – 1 727,9 мың.

Ал биыл, яғни 2022 жылы 443,8 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде бес жылда 995 мыңнан аса жұмыс орны құрылады.

Оның ішінде 335 мың тұрақты жұмыс орындары, 660 мыңы уақытша болмақ.

«Өз кезегінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 5 жыл ішінде 100 мың тұрақты және де 630 мыңнан аса уақытша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Оның басым бөлігі жеке бизнес нысандарын жұмыс күшімен қамтамасыз етуге бағытталған», – деді ол.

Жұмыспен қамту

Сонымен қоса жастарды жұмыспен қамтуға тоқталсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Бұл жобалармен 140 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Ал зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылмақ, оның шеңберінде 20 мың адам қолдау алады.

Бұдан басқа, департамент директоры орынбасары «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын іске асыру арқылы 60 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылғанын айтып өтті.

Ал, жұмысынан айырылған азаматтарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы арқылы тағы 415 мыңға жуық уақытша жұмыс орны берілмекші.

«Осы жобалардың көпшілігіне қатысу үшін жақын орналасқан Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну қажет. Не болмаса, Электронды еңбек биржасы немесе Электронды үкімет порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам және жұмыссыз ретінде тіркелу қажет», – деді Руслан Тілеубаев. Ол сондай-ақ, осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оларды іске асырудағы кемшіліктер ескерілгенін, оларға сәйкес әрбір нысаналы топтың қажеттіліктерін ескере отырып, өзгерістер енгізілгенін де еске салып өтті.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру барысында барлығы 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. 3,5 млн адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылып, 1,7 млн адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасады. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақты ақшалай кірісінің өсмі 27,1% деңгейіне жетеді.

Кәсіпкерлікке оқыту

Жалпы, кәсіпкерлікке оқыту шаралары аясында аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі. Сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі. Департамент директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың сөзінше, мастер-жоспарлар үй шаруашылықтары мен жергілікті кәсіпорындардың сауалнамалары негізінде жасалады.

Жалпы, 2022-2024 жылдары 163 мастер-жоспар әзірленеді. «Мастер-жоспарлар негізінде кәсіпкерлерді қолдау «егістіктен сөреге дейін» өндірістік-өткізу тізбегін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Өнім өндірушілер мен сатып алушылардың келісуі, ауыл кәсіпкерлерінің өнімін кепілді түрде сату және сатып алу қамтылады», – деді ол. Департамент директоры орынбасарының айтуынша, аталған жоба шеңберінде жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде кемінде 6 мың жас азаматты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Оқуды аяқтаған және бизнес-жоспарын қорғаған қазақстандықтар жеңілдікті шарттармен мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға мүмкіндік алмақ. «Бұл ретте, жастардың 20 мыңға жуық өкілін және азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жыл сайын гранттармен қамту жоспарлануда. Ал жеңілдікті шарттармен микробизнес ашу және отбасылық фермерлік шаруашылықтарды өндірістік-өткізу тізбектеріне біріктіру үшін аудандардың мастер-жоспарлары жасалып, соның негізінде берілетін болады. Сондай-ақ грант алушылардың санаты да қайта қаралды. 2022 жылдан бастап гранттар жастарға, жұмысқа қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы мүшелеріне және қандастарға жеке кәсіпті ашу мақсатында беру жоспарланып отыр», – деп толтықтырды Руслан Тілеубаев.

Оқу 14 облыста, 160 ауданда іске асырылады, сондай-ақ моноқалалар мен облыс орталықтары, республикалық маңызы бар елорда, Алматы, Шымкент секілді қалалар қамтылған. Қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді. Бұдан бөлек, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов биыл аталған жоба «Бастау 2.0» жаңа форматында жүзеге асатынын атап өтті. Оның аясында өнім өндіру кезеңдерінің технологиялық карталары әзірленеді. Бұл технологиялық карталар сұранысқа ие бағыттар бойынша халықты кәсіпкерлікке оқытуға және жаңа салаларды таңдауға көмектеседі.

Кәсіпкерлердің дағдыларын дамыту

Кәсіпкерлердің қажеттілігі бойынша дағдыларын дамыту жөніндегі міндет шеңберінде Ұлттық жобада жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес, оқу ұйымдарында да, тікелей жұмыс орындарында да білім беру, сондай-ақ талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту көзделіп отыр. «Осылайша, жұмыс берушілердің сұрауы бойынша білім беру ұйымдарында оқу үшін өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, өңірлік бөліністе сұранысқа ие кәсіптер бойынша қажеттілікті жыл сайын айқындау көзделетін болады. Жыл сайын 11 мың адамды оқыту жоспарланып отыр. Олар оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен, жол жүруге материалдық көмекпен, тұрумен және медициналық тексеруден өтумен қамтамасыз етіледі», – деді Руслан Тілеубаев.

Жыл сайын 5 мыңға дейін адам жұмыс орнынынан оқуға жіберіледі. Олар оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызығушылық танытқан жағдайда тұрақты жұмысқа қабылданады. Талап етілетін дағдыларды онлайн оқыту skills.enbek.kz платформасында жүзеге асады. Онда сұранысқа ие кәсіптер мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн курстардың легі қалыптасады. Жыл сайын 20-35 мың адамды оқыту жоспарланған. «Электронды еңбек биржасында түйіндеме орналастыру немесе бос жұмыс орындарын іздеу кезінде өтінім беруге және курстан өтуге болады. Ізденушіге тиісті өтінім беру жеткілікті. Курс аяқталғаннан кейін және жұмыс беруші талап ететін дағдыларды игергеннен кейін жұмыс іздеуші дағдыларды игеру туралы сертификат алады және ашық бос орынға өтінім қалдырады», – деп атап өтті Руслан Тілеубаев. Оның мәліметінше, 5 жыл ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 205 мың азамат қамтылмақ. Ал 2025 жылға қарай оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 52-ден 80%-ға дейін өседі деп жоспарланған.

Жалпы, мемлекет билігі жұмыссыздықпен күресу үшін әртүрлі бағдарламалар түзіп,  жүйелі түрде жұмыстар жүргізіп келеді. Халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында құрылған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қаржыландыру былтыр 51%-ға ұлғайтылып, республикалық бюджеттен 104,2 млрд теңге бөлінді. Осыған орай елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,9%-дан, оның ішінде негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесін 20%-дан асырмау, өнімсіз жұмыспен қамтылғандар санын 11%-дан төмендету, ал белсенді жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпкерлік өсімін 10%-ға өсіру жоспарлануда. Сонымен қатар, 700 мың, оның ішінде «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша 1,5 мың адам жұмыспен қамтылатын болады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын «тиімділігі төмен» деп сынға алған болатын. Оның айтуынша, 2020 жылы «Еңбекке» алдымен 131 млрд, кейін қосымша 50 млрд теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде 437 мың азамат жұмысқа орналасып, оның 73%-ы, яғни 319 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. «Аталған жұмыспен қамту бағдарламасынан басқа «2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың жол картасы» әзірленіп, оған 1 трлн теңге бөлінді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жол картасы аясында 6,7 мың инфрақұрылымдық жоба негізінде 239 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде нақты жұмысқа орналасқандар саны күмән туғызады», – деді Айгүл Нұркина. Мәжіліс депутаты Қазақстанда «тек қағаз түрінде жұмысқа орналасудың» бар екендігін ескерте отырып, осындай 15 мың жағдай тіркелгенін еске салды. Жобаны қаржыландыру барысында бір жұмыс орнын құруға орташа есеппен 4 млн теңге кететінін сөзге кірістірген депутат: «Бағдарлама қатысушылары құрылған жұмыс орындарының санын жұмсалған қаражатқа сәйкестендіру үшін әртүрлі қулықтарға баруға мәжбүр болады. Мұндай тәсілдермен азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі жуық арада шешілмейді», – деді.

Осындай шикіліктерді тізбектеген депутат Үкіметтен күн тәртібіндегі мәселелерді май шаммен қарап, «Еңбек» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларының тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді сұрады: «Шаралар тұрақты жұмыс орындарын құруға және тиісінше еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге бағытталған болуы керек. Сондай-ақ, жұмыс берушілер мен аталған бағдарлама қатысушыларына салық және зейнетақы жарналарын төлеу мониторингінің бүкілхалықтық жүйесін құру қажет. Мұндай жүйе автоматтандырылған бақылауды қамтамасыз етіп, жалған және бейресми жұмыспен қамту фактілерін болдырмайтындай болуға тиісті. Салық төлемдері мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеу туралы заңнаманы бұзған кәсіпорындардың жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуына жол бермеу шараларын қабылдау керек».

Оған дейін бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Айталық, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша атқарылған жұмысты сынаған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қабылданып, оған 1 трлн теңге бөлінген. Бұл қаржының 98,2%-ы игерілген. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарған. Алайда, жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейтіні анықталған. «Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40%-ға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Мен бұған дейін осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма бердім», – деді Мемлекет басшысы. Президент дағдарысқа қарсы шаралардың тағы бір кемшілігі – бюджетке түсетін салықтың аздығын сөз етіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 млрд теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз!» деп атап өтті. Мемлекет басшысы жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап ете отырып, осы жұмысқа, қажет болса, құқық қорғау органдарын да тарту қажеттігіне тоқталды.

Былтыр Үкімет басшысы ауыл шаруашылығында жол карталарын дайындауды тапсырғаны белгілі. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Үкіметтің алдында ауыл шарушылық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу үшін үлкен экожүйелер құру, субсидиялау жүйесін реформалау, ветеринарлық-фитосанитарлық қызмет пен аграрлық ғылымды одан әрі дамыту міндеті тұр. «Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстық әкімдіктермен бірлесе отырып, екі апта ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жол карталарын дайындауды тапсырамын. Әкімдер осы жобалардың іске асырылуын айрықша бақылауға алатын болсын. Ауыл шаруашылығы министрлігіне білім министрлігімен бірлесе отырып, аграрлық ғылым мен білімді дамыту, осы сала бойынша білім алған түлектерді жұмыспен қамту сияқты мәселелерді қарастыруды тапсырамын», – деген-ді премьер-министр. Премьер-министр шоғырландырылған ұсыныстар әзірлеу үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасын ауыл шаруашылығы субъектілерімен талқылау қажет екендігіне баса тоқталды. «Біздің мақсатымыз – өңірлердің мамандануын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, астық, майлы дақылдар, жемістер, көкөністер мен қант) өндіру және қайта өңдеу үшін экожүйелер құру. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жоспарымыз ойдағыдай болуы осыған байланысты», – деп түсіндірген сол кездегі премьер-министр Асқар. «Осы шараларды іске асыра отырып, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өнімнің экспортын екі есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, аталған саладағы өнімнің жалпы көлемін 1,3 есеге көбейту керек. Соған сай 2023 жылға қарай ішкі нарықтағы маңызды азық-түлік тауарлары 100% отандық өнімдермен қамтамасыз етілетін болады. Әкімдер өнімнің негізгі түрлерінің бағасын тұрақтандыру үшін бақылауды күшейтіп, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау керек», – деді премьер-министр. Қойылған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін бес жыл ішінде жалпы көлемі 4 трлн теңгеден асатын 400-ге жуық инвестициялық жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыруға және ауылдарда 500 мыңға дейін жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жыл сайын шамамен 70-80 жоба іске қосылады деп күтілуде.

Тағы бір айта кетерлік мәлімет – 2025 жылға дейін жастарды жұмыспен қамту үшін 300 млрд теңге қажет. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Бүгінде 2000 жылдары туған жастары еңбек жасына жетті. Қазір жұмыс күшінің 56%-ын 1987 жылдан кейін туған жастар құрайды, ал 2030 жылға қарай жалпы жұмыс күшінің дені 2000 жылдан кейін туған жастардың үлесінде болады. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазір біз Әлеуметтік кодексте жастарды жұмыспен қамтуды мемлекет, жұмыс беруші, азамат қағидатын енгіземіз, – деді министр.

Тамара Дүйсенова жастарды жұмыспен қамту үшін заңға қандай өзгерістер мен толықтыру енгізілетінін түсіндірді. «Біріншіден, Әлеуметтік кодексте біз жастарды жұмысқа тарту қарастырып отырмыз. Ол жыл сайын 100 мыңнан аса жасты мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындарына тарту. Екіншіден, кәсіп ашуға ынтасы бар жастарға қайтарылатын 2% жеңілдікпен кредит беру. Қазір біз бұл мәселені ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ауыл шаруашылығы корпорациясымен қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бірақ кәсіпкерлікке ынтасы бар жастарға грант беру жалғасады. Биыл оның мөлшері 1 млн 200 мың теңгеден асты», – деді ведомство басшысы. Министр президент тапсырмасын орындару үшін қомақты қаражат керегін атап өтті. Мұны жүзеге асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған бюджетте 300 млрд теңгенің есебін бердік. Ол Мәжілістегі заң жобасында қаралады, – деді Тамара Дүйсенова.

Leave a reply