Ұрпаққа өнеге болған ұстаз

0
38

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Адал азамат» тұжырымдамасының мәні – қоғамға адал қызмет етіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген жандарды бағалау. Осындай абыройлы ұстаздардың бірі – Сексенова Замира Шырынбекқызы.

1980 жылы 22 маусымда дүниеге келген ол жастайынан білімге құштар болып, 1997-1999 жылдары Өзбекстан Республикасының Сырдария ауданындағы педагогикалық училищеде «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығын меңгерді. Кейін 2005-2008 жылдары Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінде білімін жетілдіріп, жоғары педагогикалық дайындықтан өтті.

Ұстаздық еңбек жолын 1999 жылы Өзбекстандағы №30 «Абай» атындағы орта мектептен бастаған ол, әрбір шәкіртінің жүрегіне білім дәнін септі. Кейіннен Мақтарал ауданындағы «Жас Алаш» мектебінде, Шымкент қаласындағы №42 «Ертарғын» бөбекжай-балабақшасында еңбек етіп, жас буынға білім мен тәрбие беруді жалғастырды. 2014 жылдан бері Шымкенттегі №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Бүгінде ол – тәжірибесі мол, кәсібіне адал берілген, жаңашылдығымен ерекшеленетін педагог-шебер.

Замира Шырынбекқызының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте Шымкент қаласы білім басқармасының, кәсіподақ ұйымының, «AMANAT» партиясының алғыс хаттарымен марапатталды. 2021 жылы «Пән олимпиадасының үздік педагогы» атағына ие болып, арнайы төсбелгімен құрметтелді. 2022 жылы «Мәртебелі ұстаз» облыстық байқауында І дәрежелі дипломды иеленсе, 2024 жылы Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. Бұл – ұстаз еңбегінің бағаланғанының, шәкірт тәрбиесіндегі табандылығы мен адалдығының айқын көрінісі.

Жиырма алты жылдық еңбек жолында талай шәкірт тәрбиелеген Замира Шырынбекқызы үшін ұстаздық – жай ғана кәсіп емес, өмірлік миссия. Ол жас буынның бойына біліммен қатар адалдық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіруге ерекше мән беріп келеді. Бүгінде шәкірттері түрлі білім додаларында жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетіп жүр.

Қоғам үшін адал азамат – елдің тірегі. Замира Шырынбекқызының өмір жолы мен ұстаздық қызметі осы ұғымның айқын дәлелі. Ол – ұрпаққа өнеге болып, мемлекетіміздің ертеңі үшін аянбай тер төгіп жүрген шынайы адал азамат.

Leave a reply