САУРАН: ЖЫЛАҒАН АТА МАҢЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТЫЛДЫ

0
59


ҚХА жанындағы Сауран аудандық аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманованың ұйымдастыруымен және аудандық мәслихат депутаты Мұсабеков Бағлан Оразбекұлының демеушілігімен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқаны «Жылаған ата» киелі орнында жалғасын тапты.
Сауран аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахметов Сейілхан Ыбыханұлы тазалық жұмыстарын жүргізуге ниеттенген аналармен бірге барып зиярат жасап, жақсы сөздерімен қолдау көрсетті. Зияратшылар «Жылаған ата» сарқырамасына Құран оқып киелі судың кереметін көріп, дәм татып, қарсы бетте «Ана жасы» тау қатпарын тамашалады. Таулы қатпар үнемі намданып, одан су тамшылап тұратынының куәсі болды.
2 күндік сапарда тазалық жүргізуге барған аналар зияратшылар үйін әктеп, ішіндегі көрпе, жастықтарды,жамылғыларды жаңалап жуып тазалап, қорымның жан жағына тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстар мен қалдықтардан тазартты. Жылаған ата үңгірі Сауран орталығы Шорнақтан 30 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойындағы үңгір. «Бабалар сөзінде» Жылаған ата үңгірі туралы аңыз бар. Аңыз бойынша кезінде байлығы шектен шыққан Гүрзіхан деген кісі болады, бәйбішесі Шаш-Ана екеуі жастары келіп қалған соң байлықтың базарына тойғаннан соң, әттең, енді бір осы байлыққа ие болатын перзент болса ғой деп армандайды. Сол кезең Қазақстанға Ислам дінінің келе бастаған тұсы, Гүрзіхан дін жолына түсіп, ислам дінін ұстанып, Алладан бала сұрайды. Құдай тілегін қабыл етіп Шаш-Ана анамыз бала көтеріп уақыты келіп босанады, босанған бала пердеге оралған күйінде мес сияқты дүниеге келеді, сол кезде Гүрзіханға Қыдыр ата аян беріп бұл қасиетті бала, құт- берекенің белгісі, месті жармаңдар өзі уақыты келгенде шығады, әзірше көтеріп жүре беріңдер дейді. Аянды қабыл алған ерлі-зайыптылар, біраз уақыт көтеріп жүреді, бірақ бала не сөйлемейді, не күлмейді, не жыламайды.
Бір күні көтеріп жүруден шаршаған анасы Игілік ауылының маңындағы өзеннің қасына келгенде месті көтеріп тұрып анасы сені қашанғы көтеріп жүреміз, не сөйлемейсің, не күлмейсің, не жыламайсың деген кезде мес қолынан түсіп кетіп ішінен нұрлы жүзді бала шығады, бала местен шыға сала тауды беткейлеп қаша жөнеледі. Ата-анасы ізінен жүгіреді, бала қашып осы жаққа бағыт алады. Жол бойында ойнап отырып артымнан әке-шешем шөлдеп келе жатыр деп аса таяғымен жерді ұрып қалып сол жерде құдық пайда болады (Жылаған ата басына бара жатқанда Тасқұдық бар, аталған құдықта киелі саналады). Осы жерге (Жылаған ата) келіп үлкен тасты асық қылып ойнап отырады, әке-шешесі жеткен уақытта осы жерге бір аунайды да, содан әрі қарай жүреді, анау жерде «Ана жатыры» деген су шұңқыры бар, сол жерге барып ата-анасын күтеді, ол жерге де жеткен мезетте, үлкен үңгірдің ішіне кіріп кетеді де шықпай қояды, ата-анасы болса балаға жалынып-жалбарынып кешірім сұрап, біз білместік таныттық, бізді кешіре гөр, сен біздің баламызсың деп тіл қатқанда, бала ата-анасына былай деп жауап қайтарады: «біз мына дүниеде емес, анау дүниеде кездесеміз, мен үшін алаңдамаңыздар және арттарыңызға қарамаңыздар мен бар күшімді салып сіздер жүрген жерді ырыс-ынтымақ пен жақсылық, қуанышқа бөлеймін» дейді.
Әке-шешесі амалы жоқ көніп, мұңайып елге қайтып келе жатқанда, жолда баламыздың жүзіне соңғы рет бір рет қарап қалайық, мүмкін артымыздан келе жатқан шығар деп, Есеккөл деген жерге келгенде арттарына бұрылып қарайды, қараса арттарынан нұр болып ағып келе жатқан үлкен өзен жердің астына сіңіп жоқ болып кетеді. Сол өзеннің аяғы тек 5-6 шақырым жүргеннен кейін қайта шығады, бірақ ол жағын толығырақ ешкім біле бермейді. Бұл үлкен үңгір үш үлкен тесіктен тұрады. Бірінші жоғарыдағы атқылап су ағатын жері, екінші тесігі ата-анасы артына қараған уақытта пайда болған, бұл үңгір кезінде яғни әріде басқаша болған бұл жерді Кеңес үкіметі кезінде геологтар құпиясын ашу мақсатында зерттемек болған, үңгірдің ішіне кіріп көру үшін алып тастарды арнайы құралдармен құлатпақ болған, сол уақытта аяқ астынан осы жерді жыландар мен түйелер қаптап кеткен үшіншісі сол кезде пайда болған. Бұл жердің құдіретін осыдан кейін-ақ түсіне беруге болады.
– Қазір Жылаған ата жері, осы таулы үңгірден ағатын суымен құпиялы да киелі болып тұр, себебі су тек қана құран оқыған кезде ғана ағады және жай ғана емес аяқ астынан, күтпеген жерден сарқырама секілді лақ ете қалады, оның уақытын ешкім білмейді, кейде тіпті бір-екі күндеп ақпай қалатын күндерде болады. Алыстан арнайы ат терлетіп келіп жатқан жамағаттар кейде осы жерде сарқыраманың ағуын тосып күндеп, апталап жататындар бар. Бастысы ниеттің түзу болуы, ниет адал болса бұйырғаны болады. Енді бұл жердің құдіреттілігінің тағы бірі жаңағы айтқанымдай, қаншама отандық, шетелдік ғалымдар зерттеп көру мақсатында құралдарымен тексеру жұмыстарын жүргізіп көрді, бірақ техниканы тыңдамайды, құралдары жұмыс істемей қалады. Қазіргі кезде мұнда қаншама туристер мен қызығушылық танытып келіп жатқан адамдар болды, әркімнің мақсаты әртүрлі біреулер ауруына ем іздеп келеді, біреулер киелі жердің құпиясына қызығып келеді. Ауруына ем іздегендер қасиетті үңгірдің зәм-зәм суын ішіп, ауруына шипа тауып жатқандар да бар, Жылаған ата үңгірінің басты қасиеттілігі осында, – дейді Сауран ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов.
Шындығында құпиясын ішіне бүгіп жатқан Жылаған Ата кесенесінің маңын тазарту әз аналарымыздың, зиялы қауым өкілдерінің жасаған үлкен адамгершілік қадамы. Алдағы уақытта жергілікті Бабайқорған ауылдық округінің Абай елді мекенінде орналасқан Гүрзіхан ата бейітінің басында болып, одан әрі Игілік ауылындағы «Мес ата» су қоймасына барып, содан кейін «Жылаған ата» кесенесіне баратын туристік сапар жасаудың қажеттігі туып отыр. Яғни бұл арқылы сапарлаушылардың аңыздан гөрі шындыққа жақын туған жеріміздің төл тарихына көзі жетер еді.
Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply