«Grand Miks» жиһаз үйі 150 адамды жұмыспен қамтуда
Түркістандағы «Бірлік» тұрғын үй алабында Наурызым атындағы көшеден «Grand Miks» жиһаз үйі көктемде ашылған болатын. Аталмыш сауда орталығының «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізі бойына жақын орналасуының өзі еліміздің түкпір-түкпіріне саудаланатын жиһаз өнімінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Мұнда жаңа отбасылар үшін қандай жиһаз қажет болса барлығын табуға болады. Яғни электр жарықтандырумен қамтамасыз етілген екі кісілік ыңғайлы диван, кең шкаф, жаңа орындықтар, асхана жиһазы, стол, үстелдер бар. Бағасы да тұтынушылардың мүмкіндігіне қарай ыңғайлы. Жиһаздарда металл деталдарының қолданылуы сапаны арттыруға мол мүмкіндік береді. Жиһаздарды мекен-жайға жеткізу және құрастырып беру кәсіпорын есебінен жүзеге асырылады. Бүгінде тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие өндіріс орнының жаңа жиһаз үйін «Grand Miks» жиһаз фабрикасының басшысы және орынбасары Сабыржан және Камилжан Исхақовтар, кәсіпкер Мамиржан Ергешұ салтанатты түрде ашқан-ды. Айта кетейік, өз жұмысын Бірлік ауылындағы шағын цехта бастаған кәсіпорын бүгінде республика көлемінде кез келген жиһаз өнідірісімен айналысатын кәсіпорындармен бәсекелесе алатын дәрежеге жетті. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейді дана халқымыз. Ағайынды Сабыржан мен Камилжан әкесі Мирзамариптің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, жақындарының демеуімен бұл күндері еңбектерінің жемісін көріп отыр. Қаладағы индустриалды аймақта орналасқан заманауи кәсіпорында 150-ден аса адам жұмыс істеп, сапаны арттыру бағытында шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасып келеді. Нәтижесінде ізденіс пен жаңашылдық сапалы өнім көлемінің артуына сеп болуда. Осындай еңбек өнімділігі арқасында 2020 жылы «Grand Miks» жиһаз фабрикасы «Халыққа арналған тауар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. «Біз әрқашан тұтынушының мүддесіне және оның қажеттілігін зерттеп, санға емес, сапаға айрықша көңіл бөліп келеміз. Сондықтан кәсіпорындағы басқару жүйесі үздіксіз дамып, өнім көлемі де жылдан жылға артып келеді»,– дейді «Grand Miks» жиһаз фабрикасының басшысы Сабыржан Исхақов. Ал Сабыржанның туысқан ағасы Мамиржан Исхақовтың айтуынша, олардың аталары Ергеш ата ағаш ұстасы шебері болып Түркістанда аты кең тараған. Бүгінгі ұрпақтары ата-баба ізімен жүріп, осы кәсіпті меңгеріп ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытында зор еңбек етуде.