ЖЫЛ САЙЫН ЖОЛ САПАСЫ АРТУДА

0
117

Халықтың бақуатты өмірі мен денсаулығы үшін маңызды қызметтер санатындағы жол мәселесі Түркістан қаласында да жиі қозғалатын тақырып. Осы бағыттар бойынша бүгінде Түркістан қаласында қандай қызметтер атқарылып, қандай жоспарлар жүзеге асырылатыны бұқара бақылауындағы дүние. Қара жолдың қадірі қалалықтар үшін аса маңызды. Әсіресе киелі шаһарды туристік орталыққа айналдыру мақсаты үшін бұл үлкен жұмыс десек болады. Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінде айтарлықтай жаңалықтар бар. Атап айтсақ, былтырғы жылы күрделі жөндеу, орташа жөндеу және аяқжол құрылыстары қарқынды түрде жүргізілгені рас. Жалпы қала көлемінде былтыр 3 нысанның құрылысын іске асыру жоспарланған болатын. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев көшелері мен Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізілді.

Мекеме басшысы Арман Оспанның айтуынша, бұл жөндеу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының басты мақсаты қазіргі Түркістан шаһарындағы жолдардың сапасын жақсарту болмақ. Тұрғындар мен туристердің пікіріне сүйенсек, қаланың эстетикалық көрінісіне бірден-бір әсер ететін жұмыстар жаңарған Түркістанның жарқын келбетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізіп келеді. Мысалы, былтыр орташа жөндеуден өткізу жоспарланған қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген және қоғамдық көліктер қатынайтын 46,4 шақырымды құрайтын 40 көше де тұрғындардың жол қатынасын жақсартуға деген үлкен іс болды. Қазіргі күнге дейін соның 14,94 шақырымын құрайтын 16 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталған. Тұрғындардың талап-тілектеріне зер салсақ, қалған көшелердегі аяқсыз қалған жұмыстар біразын алаңдатуы мүмкін. Алайда, сарқынды су жүйелерінің сервистік жұмыстары толық аяқталғаннан соң бұл жұмыстар жалғасатын болады. Бөлім басшысының айтуынша, бұған қосымша Отырар секторына қарасты сарқынды су жүйесі аяқталған 2 көшеде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

Айта кетейік, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 39,5 пайызды құрап отыр. Биылғы жыл соңында бұл нәтиже тағы да жоғарылайтыны жауапты мамандардың тиянақты да қарқынды жұмысына жүктелетінін тұрғындар жиі талқылауда. Мұнымен қоса аяқжол құрылысы да айтарлықтай оң нәтижелер бергенімен, қаржылық қысқартулар салдарынан келісімшарт келесі жылға өтпелі боп түзелгенін айта кеткен жөн. Дәлірек айтсақ, қала аумағындағы мектеп пен балабақшаларға барар жолдарды қамтитын 64,5 шақырымды құрайтын 54 көшеге тротуар құрылысы жоспарланып, соның 48 көшесіне аяқжол төселді. Ал 6,5 шақырымды құрайтын 6 көшеде әлі жұмыстар жүргізілуде.

Жыл сайын жақсарып келе жатқан жолдар түркістандықтар үшін айырықша жетістік десек, оның сапасы да бөлек тақырып. Адамдардың мүмкіншілігі артып, жолдар ұзарған сайын оның халыққа тиімді жақтарын қарастыру да айтарлықтай оңай шаруа емес екені мәлім. Туристік орталыққа айналып, күллі түркі жұртының астанасы саналатын Түркістан шаһары тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, аталған жол мәселелерінің өзектілігі ешқашан жойылмайды. «Түркістан қаласындағы жолдардың жарамдылық мерзімі тек жолдың жауы саналатын жаңбыр мен ауыр жүк көліктеріне байланысты емес» дейді мамандар. Олардың айтуынша, жолдың материалы сапалы болса, бәрі керемет бола қалмайды. «Жолдың сапасы материалға да, салған адамға да байланысты емес. Жолдың сапасы жолдың жобасына байланысты болады» – дейді сала мамандары.

Дәурен ТІЛЕУХАН.

Leave a reply