ТҮРКІСТАН: 7 ЖЫЛДА ӨҢІРДЕГІ ЖАЛПЫ ӨНІМ КӨЛЕМІ 2,6 ЕСЕ ӨСТІ

0
68

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы қабылданған заң өңірдің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне жаңа серпін берді. Жалпы елімізде өңдеу өнеркәсібі 7,2 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібінің өркендеуі қаңтар-сәуір аралығындағы қорытындыда анықталған. Ең жоғары өсім машина жасау – 111,2%, химия өнеркәсібі – 111,2%, құрылыс индустриясы – 112,9% және жиһаз өндірісі – 114,8% салаларында байқалып отыр. Сондай-ақ, елімізде отандық өнімнің үлесі металлургия, жеңіл өнеркәсіп және электроника салаларында артып келеді. Тауар ішкі өндірісінің ұлғаюы нәтижесінде импорттық өнімдер біртіндеп ауыстырылады. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында Түркістан облысында 14 индустриалды аймақ ашылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беруде. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биылдың өзінде облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды.

Экономиканың басты көрсеткіші — жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн.теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 1,7 трлн.теңгені құраған болатын. Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1214,0 млрд. теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды. Облыс аумағында белсенді 405 кәсіпорын жұмыс жасайды. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 51,6 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2025-2031 жылдары өңірде жалпы құны 629,4 млрд.теңгеге 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 3916 жаңа жұмыс орны құрылады. «ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Жобаның инвестициялық құны — 100 млрд. теңге. Зауыт 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді.

Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.

Сонымен қатар бүгінгі таңда Қазақстан нарығына көптеген әлемдік бренд еніп жатыр. Қазір жұмыс істеп жатқандарымен қатар нарыққа шығуды жоспарлап отырған ірі компаниялар да баршылық. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың айтуынша, отандық нарыққа қызығушылық танытып отырғандар қатарында Mars, Pepsi сияқты компаниялар бар. Америкалық Mars компаниясы ірі жобада жұмыс істеп жатса, Pepsi 160 миллион доллар инвестиция туралы мәлімдеп, өндірісті үш есеге арттыру үшін осы сомадан 2,5 есе көп қаражат құймақ. Сонымен қатар араб, қытай және түрік кәсіпорындары инвестиция салуға мүдделі. Қазірдің өзінде өндіріс ауқымын одан әрі кеңейтуді көздейтіндер де, жаңадан ашылып жатқандары да бар. Жақында елімізде әйгілі британдық-шведтік фармацевтикалық компания өз жұмысын бастайды.

«Халықаралық AstraZeneca компаниясының өндірістік желісі іске қосылады. Олар қатерлі ісік ауруларын емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмекті шығарумен айналысатын болады. Жуырда Ұлыбританияға жасаған сапарымызда компанияның Кембриждегі кеңсесінде болып, бұл жобаға аса ден қойылып отырғанын байқадық. Сол секілді фармацевтика саласында Pfizer, Polpharma компанияларын атап өтуге болады», деді ол.

Сыртқы істер министрінің орынбасары әлемдік брендтердің кен өңдеу саласына да еніп жатқанын айтты. Танымал бизнес IT, жер қойнауын пайдалану салаларына да назарын тігіп отыр. Мысалы, қытайлық Fufeng компаниясы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеумен айналысады. Олар жұмыс орындарын құрып, салық төлейді, арадағы шарттарға сәйкес үздік технологияларымен бөліседі. Бастысы, әлемдік брендтердің корпоративтік саясаты – жергілікті өндірісті барынша дамыту, өз  тауар өндірушілеріміздің заттарын тұтынып, қызметтерін пайдалану болуға тиіс.

Түркістан облысы – елдің оңтүстік бөлігінде орналасқан стратегиялық маңызды аймақ. Өңірдің аумағы 116,3 мың шаршы км, халық саны 2,15 миллионнан астам, халық тығыздығы – 1 шаршы км-ге 17 адам. Облыс орталығы – Түркістан қаласы, өзінің мәдени-тарихи мұрасымен ерекше. Соңғы жылдары қала қарқынды дамуда. Өңірдің табиғи ресурстары, экономикалық және мәдени әлеуеті айтарлықтай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Бүгінде Түркістан облысы арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық аймақтар инвестиция тартуда сәтті мысалдар көрсетуде.

Leave a reply