ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕГІ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНА ТҮСТІ

0
46

Түркістан облысында өңір экономикасын дамытудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі саналатын өнеркәсіп саласына басымдық берліген. Осы мақсатта шет мемлекеттерден инвестиция тарту, тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы өнеркәсіптік алаңдар құрылған. Облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 2443,2 гектарды құрайтын 19 индустриалды аймақ және 580 гектар аумақта орналасқан 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 42,4 млрд. теңгеге 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында.

Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд.теңге инвестиция тарту және 5 840 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде, 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облысқа инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жалғасуда. Жыл басында қытайлық «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясымен өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрон шығаратын зауыт салу бойынша келіссөз жүргізілді. Жобаның болжамдық құны — 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы айына — 600 дана. Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн.евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезеңде іске асырылады. «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды. Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік парктің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Жаңа өндіріс орындарын ашуға қажетті энергетикамен қамтамасыз ету мәселесін жалпы қуаты 2,4 ГВт құрайтын 6 ірі жобаны іске асыру арқылы шешу көзделуде. Бұл жобалар жеке инвесторлар есебінен жүргізілмек. Нақтырақ айтқанда, Сайрам ауданында қуаты 1 000 МВт дейін болатын бу-газ станциясының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар Түлкібас ауданында – 320 МВт-тық бу-газ, Кентау қаласында – 240 МВт-тық газ турбина, Бәйдібек ауданында – 350 МВт-тық жел электр станциялары салынады. Одан бөлек, Сауран ауданында қуаты 300 МВт және 185 МВт болатын екі күн электр станциясын салу жоспарлануда.

Түркістан облысында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1 334,9 млрд. теңгеге жетіп, 1,4 есе артығымен орындалды.  Жалпы облыс орталығында инвестиция тарту бағытында инвестштаб мәжілістері жиі өтеді. Өңір тұрғындарының назарына облыста атқарылып жатқан жобалар туралы мәлімет ұсынамыз. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім байқалады. Өткен жылы облыс орталығының жалпы өңірлік өнім көлемі 421,7 млрд теңгені құраған. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында айтылды.

Биыл экономиканың дамуына тың серпін беретін 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде. Алдағы уақытта аймақта жаңа зауыттар ашып, жұмыс орындарын көбейту жоспарланған. Түркістан қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. 2024 жылы Түркістан облысының жалпы өңірлік өнімінің көлемі алдын ала есеп бойынша 4 трлн. теңгеден асты. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2024 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында 111 %-ды құрады. Оның ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 1 214,0 млрд. теңгені құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда нақты көлем индексі – 110,1%. Облыстағы өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 44,4% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнім көлемі 540 млрд. теңгеге жетті. Өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 48,2% үлесін құрайтын өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 585,4 млрд. теңгені құрады. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 24 957 млн. теңгені құрайтын және 528 жұмыс орны ашылған 13 инвестициялық жоба іске асырылды.

Атап айтсақ, «Ideal Turkistan» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «AsiaBrand» ЖК-нің жиһаз фабрикасы (25 жұмыс орны), «Қарқын-2030» ЖШС-нің «Ет өнімдерін қайта өңдеу» жобасы (30 жұмыс орны), «СП ТУРАН-МЕБЕЛЬ» ЖШС-нің жиһаз фабрикасы (40 жұмыс орны), «Қазақстан Нұр 001» ЖШС-нің шұлық өндірісі (30 жұмыс орны), «GRAND STROY KAZ» ЖШС-нің «Темірбетон бұйымдарын өндіру» жобасы (30 жұмыс орны), «Akniet Holding» жиһаз фабрикасы (80 жұмыс орны), «BNK Group Ltd» ЖШС-нің «Жаңбырлатып суғару құрылғыларын өндіру» жобасы (20 жұмыс орны), «Бөрте Милка» «Сүт өңдеу зауытын кеңейту» жобасы (18 жұмыс орны) ашылды. Сонымен бірге «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасы (50 жұмыс орны), «KazPlast» ЖШС-нің тігін фабрикасы (150 жұмыс орны), «BASPOLYMER» ЖШС-нің «Полимерлі құбырларды, пластмассадан жасалған бұйымдарды, тамшы таспаларды шығару бойынша ірі-тораптық зауыт салу» жобасы 15 жұмыс орны, «CaPable Group» МҚБ» «Қолданыстағы қуатты кеңейту. Итальяндық технология бойынша жөргектердің жаңа түрін өндіру жобасы іске қосылған.

Оның ішінде: өңдеу өнеркәсібінде 164 млрд. теңге, тау-кен өндіру және карьерлерді қазу бойынша 163 млрд. теңге, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда 33 млрд. теңге, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметі 3 млрд теңгені құрады.

Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 18,5 млрд. теңгеге 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жұмыстар мәжілісте талқыланып, облыста жүзеге асырылып жатқан 15 жобаның жай-күйі қаралады. Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.

 

Leave a reply