Thursday, November 21

КЕНТАУ: ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

0
26

Ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі қашанда қошемет пен құрметке лайықты. Мұғалімдер күні қарсаңында қаладағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінде «Ұстаз – ұлы тұлға» атты мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік шараға Кентау қаласы әкімінің әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова, қалалық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Құдайбергенов және қала және ауыл аймақтарынан 500-ге жуық ардагер ұстаздар, кәсіподақ төрағалары, педагогтар мен жас мамандар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған шараны қала әкімінің орынбасары Ақнұр Байболова ашып, бірқатар білім саласында табанды еңбек еткен ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен қала әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
«Мемлекетіміздің сындарлы саясатының, тікелей қамқорлығының арқасында білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Кентау қаласының ұстаздары білім мен тәрбие беруде көптеген табыстарға жетіп келеді. Өткен оқу жылында білім сапасы, ҰБТ-ның қортындысы бойынша облыс көлемінде жақсы көрсеткішке қолжеткізілді. Бұның бәрі Сіздердің арқаларыңыз», деді Ақнұр Нұралықызы.
Одан бөлек түрлі деңгейде марапаттар ұйымдастырылып, 100-ден аса білім қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төс белгілері мен алғыс хаттары, облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды.
Бүгінде бүтіндей бір ұрпақты білім нәрімен сусындап, ел үшін адал қызмет ету жолында аянбай еңбек ететін мұғалімдердің адал қызметі назардан тыс қалмай жоғары бағаланып келеді. Сонымен қатар, ұстаздар мерекесінің шығу тарихына да көз жүгіртуді жөн көрдік. Педагог – Ежелгі Грекияда байдың баласына ақыл-кеңесін айтып жетектеп жүретін, қолөнер мен соғысу тәсілдеріне үйрететін қызметшінің атауы. Баланың мектепке бару-келуі мен қауіпсіздігіне де жауап берген. Содан бері көп дүние өзгерді. Бірақ, білім жүйесін жетелеп келе жатырған ұстаздардың арқасында адамзат алға ұмтылумен келеді.
Ғылым-білімнің негізін қалауда, адамның дүниеге көзқарасының қалыптасуына, мәдениет пен өркениеттің дамуына үлкен үлес қосып жүрген мұғалімдердің еңбегі екені баршаға аян.
Ұстаздарға арналған атаулы күннің шығу тарихы да қызық. 1965 жылы 29 қыркүйекте Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес Президиумы Жарлығымен мұғалімдер күні қазан айының алғашқы жексенбісі деп бекітілді. Ұстаздар күнінің әлемдік деңгейде аталып өтуіне мұрындық болған Біріккен Ұлттар Ұйымы. Бұл күнге 1966 жыл 5 қазанда Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды (Recommendation concerning the Status of Teachers). 1994 жылы ЮНЕСКО ұсынысымен 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні (World Teachers’ Day) деп жарияланды. Содан бастап 5 қазан – мұғалімдер, оқытушылар және білім саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің Дүниежүзілік күні.
Қазір әлемде ұстаздар күні жүзден астам елде аталып өтеді. БҰҰ бұл күні мынадай нәрселерге жете назар аударып, мықтап ойлануға шақырады: сіздің өміріңізді жақсы бағытқа өзгерткен ұстаздарыңыз туралы; білім саласы қызметкерлері үшін бөлінетін бюджет мөлшері туралы; мұғалімдер алаңсыз жұмыс жасау үшін еңбек жағдайын жақсарту туралы; ардагер ұстаздар үшін зейнетке шығу жасын төмендету туралы; мұғалімдер өз жұмыс орнында алатын моралдық-психологиялық қысымды азайту және т.б. БҰҰ шешіміне мән бермей, өз білгендерімен жүрген елдер де баршылық. Мысалы, Албания 8 наурыз, Солтүстік Корея 9 мамыр, Оңтүстік Корея 15 мамыр, Австралия қазан айының соңғы жұма күні, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Қытай 10 қыркүйек, Аргентина 11 қыркүйек, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Польша 14 қазан, Бразилия 15 қазан, Түркия 24 қараша күндерін белгілеген. Әр елдің өздері үшін құрметті тұлғаның туған күні немесе маңызды оқиғасы бар.Италия мемлекеті кемінде 12 жыл мұғалім болған азаматтарын «мемлекет пен ұрпақ үшін еңбек етті, психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген желеумен өте жауапты шаруалардан босатқан көрінеді.
1994 жылдан бастап Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Армения және Эстония 5 қазанға көшті. Өзбекстан өз ұстаздарына 1 қазан күнін басыбайлы бекітіп бергенімен қоймай, демалыс күні деп жариялап тастады. Қазақстан және Белорусь, Латвия, Украина мұғалімдер күнін қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді. Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда ақ бәрін айтып тастапты. Оған «Мектептің жүрегі – мұғалім» деген Ыбырай ұстаздың айтқанын қосыңыз. Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. «Темір канцлер» атанған Отто фон Бисмарк «Мектеп салуға ақша аяған мемлекет – түрме салуға мәжбүр болады» депті. «Бүкіл бейнет пен ауырлық тек қана мұғалімдердің басында» деуден аулақпыз. Қарулы күштер мен құқық қорғау саласы қызметкерлері, дәрігерлер мен медбикелер де уақытпен санаспай еңбек етіп жүр. Тәулігіне он алты сағатқа дейін жұмыстан қолы босамайтын мемлекеттік қызметтегі кісілерді да көріп жүрміз. Дегенмен, білімнің нәрі мен ғылымның шыңына жетелейтін, адамгершілік пен патриотизмге баулитын, өнер мен тәрбиені санаға құятын мұғалімдердің еңбегін барлық халықтың мойындайтыны анық.

Ұстаз болу – ұлы міндет, ауыр жүк, бірақ сонымен қатар ең мәртебелі мамандық. Салтанатты шара қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Келген көпшіліктің жадына ұстаздарын түсірген бұл іс-шара бізді де толғандырмай қоймады. Аз-кем ұстаздарға ізгі тілектерімізді қабыл алыңыздар…
Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады. Аса көрнекті қазақ геологы, ғалым, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының ұйымдастырушысы және тұңғыш президенті, академигі Қаныш Сәтбаевтың айтуынша “…1 қыркүйекте не салтанатты шеру, не отшашулар болмайды.
Бірақ бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін, қайталанбайтын күн. Бұдан асқан ұлы мереке жоқ”- деп толғаған. Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі. Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім — тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт — бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек!
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғ. Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етеміз.
Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.
Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.
Осындай жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз – шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы!
Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айта отырып, «Ұстаздар күні» мерекесімен сіздерді құттықтаймыз. Құрметті, Ұстаздар! Сіздерді бәріміздің қамқоршымыз, шәкірттеріңіздің жылы жүректі ұстазы болғаныңызды мақтан етеміз!
Көп жылдар бойы ақырын жүріп, анық басқан ұстаз болуыңызбен бірге, бізді сабырлы мінезбен, салиқалы салмақты ақылыңызбен тәрбиеледіңіз, әрқайсымыздың өмірді өз орнымызды табуымыз үшін берген ақыл — кеңестеріңізге, бізді ел қатарына қосқаныңызға мың да бір рахмет айтып, шәкірттік ықыласымызды білдіргіміз келеді. Үлкен биікке қол жеткізуімізге, кісілікке, адамгершілікке тәрбиелегеніңіз үшін біз сізге әрқашан қарыздармыз.
Қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап шәкірттердің бойына жеткізе білгеніңізбен қатар, бойыңыздағы бар жинап — терген біліміңізді оқушылардың санасына сапалы етіп сіңіре білдіңіз, балаларыңыздың білімді, парасатты болып шығуын мақсат еттіңіз. Ол арманыңыз өзіңіздің ерен еңбегіңіздің арқасында орындалды. Біз соған шын жүректен қуанамыз. Сізге әлі де шығармашылық жұмыстың жемісін жеп, біздің қызығымызға кенеле берсін деп тілейміз!

Leave a reply