Таза еңбек – табыс кілті

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін бастап, қаланың игілігіне еңбек етіп жүрген жастардың бірі – Иманбердиев Адиль. Ол 2025 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грантты жеңіп алып, өз кәсібін бастауға батыл қадам жасады.
Адиль автокөлікті химиялық тазалау қызметін ашу үшін қажетті заманауи құрал-жабдықтар мен тазалауға арналған экологиялық қауіпсіз заттарды грант қаржысына сатып алды. Қазіргі таңда ол қала тұрғындарына сапалы, ұқыпты әрі кәсіби қызмет көрсетіп, адал еңбегімен ел алғысына бөленіп жүр.
Көлік тазалауда – мінсіз қызмет
Жас кәсіпкердің қызмет көрсету ерекшелігі – тек сыртқы жылтырату ғана емес, көліктің ішкі салондары, жүксалғыш, орындықтар мен кілемшелердің мұқият жуылып, толық тазалануы. Сонымен қатар, көлік сырты арнайы балауызбен өңделіп, ұзақ уақыт таза әрі жарқыраған күйде сақталады.
Адиль қызмет барысында қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тазалау құралдарын пайдаланады. Бұл оның кәсібіне деген жауапкершілігін, кәсіби деңгейін көрсетеді.
Мемлекеттік қайтарымсыз грант – нақты мүмкіндік
Адильдің жетістігі – «Бастау Бизнес» жобасы арқылы жүзеге асқан қайтарымсыз мемлекеттік гранттың тиімділігін айқын көрсетеді.
Мемлекеттік грант – жұмыссыз азаматтар, көпбалалы аналар, жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен өз кәсібін ашуға ниетті тұрғындарға берілетін қайтарымсыз қаржылай көмек. Бұл қаржы азаматтардың бизнес-идеясын іске асыруға бағытталады және нақты талаптарға сай беріледі:
Грант алудың негізгі шарттары:
«Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өту;
Жұмыссыз немесе әлеуметтік осал топқа жататын азамат болу;
Жеке кәсіп бастауға арналған нақты бизнес-жоба дайындау;
Арнайы комиссияның мақұлдауынан өту.
Грант сомасы әр өңір мен бағдарлама шартына қарай 400 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.
Жастарға сенім – ертеңге инвестиция
Иманбердиев Адиль – өз ісіне сеніп, қолынан іс келетін жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нақты дәлелі. Оның табысы – еңбектің, талаптың және дұрыс бағыттың жемісі.
Кентау қалалық Мансап орталығы алдағы уақытта да өз кәсібін ашқысы келетін азаматтарға қолдау көрсетіп, қажетті бағыт-бағдар беруді жалғастырады. Өйткені ел экономикасының қозғаушы күші – шағын және орта бизнес, ал оны алға сүйрейтін – осындай талапты жастар.












