Санақ – аграрлық сектордың даму қарқынын айқындайды

0
53

Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту мен мал басын көбейту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта елімізде 1 тамыздан басталған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 20 қазанға дейін жалғасады. Кең ауқымда өткізілетін бұл статистикалық бақылау еліміздің барлық өңірін қамтып, аграрлық сектордың қазіргі жай-күйін, өзекті мәселелерін және маңыздылығын айқындайды. Биылғы санақ онлайн және офлайн форматта екі кезең бойынша жүргізілуде.
Тамыз айының басынан басталған санақ барысымен танысу мақсатында Кентау қаласы статистика басқармасының басшысы Тұрабай Мұрат Маратұлымен сұхбаттастық.

– Мұрат Маратұлы, онлайн санақтың маңыздылығы мен міндетіне тоқталып өтсеңіз.
– Санақтың онлайн кезеңі 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында жүргізілді және қазір өз мәресіне жетіп келеді. Қала бойынша ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін шаруашылық құрылымдары осы сайт арқылы сауалнамадан өтуде. Бұл санақ – аграрлық салаға қатысты мәліметтерді жинап, талдап, мемлекеттік саясатты тиімді жүргізуге негіз болатын маңызды зерттеу.
Барлық заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары мен үй шаруашылықтары электронды цифрлық қолтаңба арқылы кіріп, сауалнама парақтарын шынайы толтырады. Жүйе ыңғайлы әрі мәліметтердің сапалы жиналуына мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда sanaq-Myrza виртуалды көмекшісі немесе 1446 байланыс орталығы арқылы түсініктеме алуға болады. Бүгінгі таңда Кентау қаласы бойынша 626 мекеме онлайн форматта санақтан өтті.

– Санақтың екінші кезеңінде интервьюер-лер үй-үйді аралайтыны белгілі. Бұл жұмысқа қанша адам тартылды?
– Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізілуде. Оның негізгі кезеңі 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Осы уақытта интервьюерлер онлайн сауалнамадан өтпеген үй шаруашылықтарына барып, деректерді бетпе-бет жинайды. Бұл науқанға жай ғана статистикалық шара ретінде қарауға болмайды. Өйткені жиналған мәліметтер – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, фер-мерлерді қолдау және өңірлерді дамытуға арналған шешімдердің негізі болады.

– Санақ тек мал басын есептеумен шектеле ме?
– Жоқ. Сауалнамаға мал шаруашылығымен қатар өсімдік және балық шаруашылығымен айналысатын барлық заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, фермерлік қожалықтар қатысады. Сондай-ақ, үй-үйді аралау кезінде жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын, бақшасы мен мал ұстайтын отбасылар қамтылады.

– Ауыл шаруашылығы санағы қандай деректерді жинауға мүмкіндік береді?
– Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынымына сәйкес, мұндай санақ әр 5–10 жыл сайын өткізілуі тиіс. Оның мақсаты – аграрлық шаруашылықтардың құрылымы туралы нақты дерек алу. Бұл саладағы тенденциялар мен өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.
Санақ барысында жер көлемі мен пайдалану тәсілі, егілетін дақылдар, мал мен құс басы, ауыл шаруашылығы техникасы, өнімді өткізу арналары, еңбек жағдайы мен инфрақұрылым туралы толық мәлімет жиналады. Бұрын назардан тыс қалып жүрген жеке қосалқы шаруашылықтар да есепке алынады. Бұл – ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам.

– Кентау қаласының ауыл шаруашылығы-на қатысты нақты көрсеткіштер қандай?
– Қала әкімдігі бойынша егістік алқап – 2600 гектар. 2024 жылы бидай және бұршақ дақылдары – 1,8 мың тонна, картоп – 1,8 мың тонна, көкөніс – 23,5 мың тонна жиналды.
2025 жылдың қаңтар–шілде айлары ара-лығында ірі қара – 12 330 бас, қой – 28 689 бас, ешкі – 5 394 бас, жылқы – 3 875 бас, түйе – 80 бас, құс – 17 599 басты құрады.
Қалада ауыл шаруашылығымен айналысатын 738 субъект тіркелген. Оның ішінде 45-і – заңды тұлға, 693-і – шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер. Сонымен бірге 21 кооператив жұмыс істейді.

– Елімізде соңғы рет ауыл шаруашылығы санағы қашан өткізілді?
– Соңғы санақ 2006–2007 жылдары жүргізілген. Содан бері салада үлкен өзгерістер болды: жаңа технологиялар енгізілді, жер пайдалану құрылымы өзгерді, фермерлік қозғалыс дамыды. Қазір бұл үрдістерді жүйелі түрде сараптау үшін жаңартылған әрі толық ақпарат қажет. Санақ кезінде тек мал саны ғана емес, жұмысшылардың жасы, білімі, жынысы сияқты әлеуметтік деректер де жиналады. Бұл – мемлекеттік саясатты жоспарлауда аса құнды мәлімет.

– Санақ деректерінің құпиялылығы қалай сақталады?
– Әрине, құпиялық – біздің жұмысымыздағы басты қағида. Жиналған деректер «Мемлекеттік статистика туралы» заң талаптарына сай қатаң қорғалады. Ақпарат үшінші тұлғаларға берілмейді және салық органдары мен бақылаушы құрылымдардың қолына түспейді. Ол тек жалпыланған түрде, статистикалық қорытынды жасау үшін ғана пайдаланылады.

– Екінші кезеңге дайындық қалай жүріп жатыр?
– 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында қалаға қарасты елді мекендердегі үйлер араланып, сауалнама толтырылады. Маусым айында алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 7507 тұрғын үй қамтылды. Қазір қала және ауыл тұрғындарын санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл – ауыл шаруашылығының бол-ашағы үшін жасалып отырған стратегиялық қадам.
– Әңгімеңізге рахмет!

Раушан НАРБЕК

Leave a reply