Қарнақтық еңбекқор азамат анар бағын дамытып отыр

0
35

Биылғы жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Еңбек адамы жылы деп жарияланды. Президент өз Жолдауында: «Біздің еліміз еңбек адамына әрдайым ерекше құрметпен қарауы керек. Олар – шын мәнінде елдің тірегі, қоғамның нағыз үлгі тұтар мүшелері», – деп атап өтті. Осы орайда Түркістан облысы, Қарнақ ауылындағы табысты шаруалар қатарында жүрген Ануар Мырзаев – нағыз еңбек адамының жарқын үлгісі.

Ануар Мырзаев 25 жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысып, тынымсыз еңбегімен еліне үлгі болып келеді. Оның «Мырза» шаруақожалығы 10 гектар жерді алып жатыр. Қазіргі таңда оның 6,5 гектары жеміс бағына айналып, онда анар, алманың 20-ға жуық сорты, шабдалы, алмұрт, жүзім, өрік, қара өрік, жаңғақ және будандастырылған жеміс түрлері өсірілуде. Сондай-ақ, шырша мен жеміс көшеттерін жерсіндіру жұмыстары қатар жүргізіліп келеді.

Ануар Мырзаев соңғы екі жылда анар жемісін өсіруді қолға алып, жылына 3 тоннаға жуық өнім алуда. Бұл – елімізде сирек қолға алынған бастама. Өнімдері Түркістан, Кентау қалаларымен қатар, Ақтөбе, Жезқазған, Астана өңірлеріне де жеткізілуде. Шаруашылық маусымдық уақытта жергілікті тұрғындарды уақытша жұмыспен қамтып, ауыл халқына да пайдасын тигізіп отыр.

Анар – күн көзін сүйетін, күтімді қажет ететін жеміс. Бірақ оның ағзаға пайдасы орасан зор. Құрамындағы С дәрумені, темір, калий мен антиоксиданттар иммунитетті көтеріп, қан қысымын тұрақтандырып, жүрек саулығын жақсартады. Сонымен қатар, анар асқорыту жүйесіне оң әсер етеді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Еңбек адамын дәріптеу – ұлттық идеологиямыздың өзегіне айналуы тиіс». Бұл бағытта адал еңбегімен ауыл шаруашылығына серпін беріп отырған Ануар Мырзаев сынды азаматтар – бүгінгі Қазақстанның нағыз батырлары.

Ел Президенті айтқандай, еңбек адамының мерейі үстем болған қоғам – дамыған, тұрақты мемлекет болмақ.

Leave a reply